Қарулы қақтығыс кезінде 23 жастағы фельдшер қаза тапты. AtyrauPress мәліметтеріне сәйкес, жас жігітті тойдан кейін Химпоселок шағынауданына “жанжалды шешуге” шақырған. Сөзге келу соңы төбелеске ұласып, фельдшерге оқ атылған. Атырау облыстық Полиция департаменті мен облыстық жедел жәрдем стансасы бұл деректі растады. Жедел жәрдемдегілер фельдшердің 31 шілдеден бері еңбек демалысында болғанын хабарлады.
Аталған факті бойынша күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. “Адам өлтіру” бабымен қылмыстық іс қозғалды, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – деп хабарлады ведомстводан.
Марқұм фельдшер Азамат Асилбекұлының әріптестері оның өз ісіне адал, адам өмірін құтқаруға бар күшін салған, жедел жәрдем ұжымындағы үздік мамандардың бірі болғанын айтады. Оны жоғары кәсібилігі, адами жылылығы мен кішіпейілдігі үшін ерекше бағалаған.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы