Солардың бірі – Almaty Air Initiative қоры түйіткілді алдын алу үшін қазір AI-технологияны сынақтан өткізіп жатыр. Бұл дегеніміз, шаһардағы ауа сапасы енді жасанды интеллект көмегімен анықталады. Америкада жасалған құрылғы Орталық Азия бойынша алғаш рет Алматыда орнатылды. Заманауи технологияға негізделген құрылғы шағын микроскоп пен арнайы магнитті лентадан тұрады. AI-алгоритмі лентаға жиналған бөлшектерді зерттеп, аллерген түрлерін ажыратуға мүмкіндік береді.
– Лентаға өлшемі 0,3 микроннан бастап қатты бөлшектер жабысады. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, адам шашының қалыңдығы –шамамен 50-100 микрон. Әрбір минут сайын микроскоп лентаны суретке түсіріп, жақыннан түсірілген көріністі серверге жолдайды. Сол жерде бөлшектер танылады. Бөлшектер лентаға корпустың арнайы тесігі арқылы түседі. Ал корпус металдан жасалған, себебі ол ішкі бөліктерді зақымданудан, жауын-шашыннан және желден қорғайды, – деді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Сәулебекова.
Аллергендер мен шаң-тозаң түрлерін ажырату үшін жасанды интеллект компьютерлік көру (Computer Vision) және машина арқылы оқыту (Machine Learning) әдістерін қолданады. Қарапайым тілмен айтқанда, сурет серверге жүктелгеннен кейін бағдарлама әрбір бөлшекті талдап, оны жүз мыңдаған өзге бейнелермен салыстырады. Зерттеу нәтижесінде, бөлшектің қай санатқа жататыны анықталады. Жұлдыз ханымның сөзінше, датчик көрсеткіші Алматыдағы күзгі ауа құрамында көбіне түрлі өсімдіктер мен ағаштардың тозаңы (жусан, амброзия), көгерген саңырауқұлақ споралары, құм және басқа да бөлшектер кездесетінін көрсеткен. Құрғақ климатқа байланысты Алматыдағы құрылғы Еуропа мен Америка қалаларындағы осындай датчиктерге қарағанда әлдеқайда көп шаң-тозаңды тіркейді.
– Қазіргі уақытта әлемнің түрлі елінде орнатылған осындай датчиктерден күн сайын жаңа бөлшектер мен аллергендердің бейнелері базаға қосылып отырады. Сол себепті жүйе үздіксіз жетіліп, тану мүмкіндігін арттырады. Егер база ішінде сәйкес үлгі табылмаса, мамандар бөлшекті қолмен анықтайды. Әдетте мұндай санатқа құм түйіршіктері мен шаң жатады.
Деректер автоматты түрде әртүрлі елден жиналған үлкен ақпарат массивімен салыстырылады. Егер жүйе бөлшекті анықтай алмаса немесе қате атау берсе, оны қолмен тексеріп, түзетуге мүмкіндік бар. Мысалы, 22 қыркүйекте құрал ауадағы жусан тозаңының күрт көбейгенін тіркеді. Дәл сол күні әлеуметтік желілерде көптеген қолданушы аллергиясының күшейгеніне шағымданды, сондай-ақ Алматы мен Алматы облысының тұрғындары тарапынан «аллергия» тақырыбына қатысты іздеу сұраныстары артты. Аллергологтар бұл кезеңде жусан гүлдеуінің екінші маусымы басталғанын атап өтті. Біз болашақта осы деректерді әдеттегі стандартты әдістеме бойынша микроскоп арқылы жасалатын дәстүрлі қол талдауымен салыстыруды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Құрылғы қаланың Сәтбаев – Байтұрсынұлы – Сейфуллин – Тимирязев көшесімен шектелген аумақтағы кеңсе шатырына орнатылған. Бұл орын сынақ кезеңін өткізуге өте қолайлы, себебі аталған аймақта көмір жағатын қазандықтар немесе фондық ластануды «бұрмалайтын» өзге де көздер жоқ. Құрылғы Алматыға тән аллергендерді дәл анықтап, қоршаған ортадағы өзгерістерді нақты тіркей алады.
– Құрылғы қаладағы жасыл желек мол шоғырланған аймақта орналасқан. Бұл да зерттеу үшін қолайлы жағдай жасайды. Деректер белгілі бір уақыт аралығында тұрақты түрде жиналады, бірақ нәтижелер әр сағат сайын көрсетіледі. Құрылғының жұмысы минус температураға дейін жалғасады. Қыс мезгілінде ол уақытша алынып, көктемде қайта орнына қойылады. Осылайша, деректерді жүйелі түрде жинақтау жұмысы жалғаса береді, – деді Ж.Сәулебекова.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа технологияның әлеуеті Алматыдан бөлек, еліміздің өзге қалалары үшін де өзекті. Себебі ауа сапасының ластануы республика бойынша тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, аллергиялық белгілер мен тыныс алу ауруларының жиілеуіне ықпал етеді. Жұлдыз ханымның пікірінше, мұндай технология қарапайым азаматтардан бастап, дәрігерлер мен зерттеушілерге, тіпті билік өкілдеріне де пайдалы болмақ. Қазір мамандар Алматы қаласында датчиктер желісін кеңейту үшін серіктестер іздестіріп жатыр. Олар келешекте мұндай тәжірибені Қазақстанның басқа қалаларында да қолдануға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
– Қазір деректер кез келген қала тұрғыны үшін қолжетімді. Ол үшін www.dashboard.air.org.kz сайтындағы бөлшектерді талдауға арналған арнайы бөлімге кірсеңіз жеткілікті. Алдағы уақытта біз сайтты мобильді қосымшаға айналдыруды жоспарлап отырмыз. Сонда әрбір алматылық ауа сапасы мен құрамына қатысты ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Болашақта мұндай деректер аллергия маусымының ұзақтығын дәл бақылауға, ауадағы бөлшектердің күрт көбеюін уақытылы анықтауға көмектеседі. Осы деректердің негізінде зерттеулер жүргізіп, аллергияның өршуін болжауға, халықты алдын ала ескертуге, қауіптен қорғану шараларын енгізуге болады, – деді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Ж.Сәулебекова.
Естеріңізде болса, осыған дейін Швейцарияның IQAir компаниясы жүргізген зерттеуде Алматы әлемдегі ең лас қалалардың ондығына енген еді. Тіпті, бірінші күні-ақ тізімнің 5-орнына жайғасқан. Бұл уақытта Алматыдағы ауа сапасының орташа көрсеткіші AQI (ауа сапасы көрсеткіші) 169 болды. Зерттеу қорытындысы бойынша, қаладағы түтін көлемінің деңгейі «денсаулыққа өте зиян» деп бағаланған.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы