Ақтөбе облысында 9 шілдеде болған дауыл салдарынан 300-ге жуық нысан бүлініп, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді. Соның ішінде 220 үй жөндеуге жарамды деп танылды. Ал 73 үйді қайта салуға шешім қабылданды, деп хабарлайды kazinform.
Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы дауыл мен нөсер жауыннан кейін 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданған. Оның ішінде үш мектеп пен үш балабақшада жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір мектеп-интернат және техникалық колледжде ағымдағы жөндеу, ал аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге шатыры түгел жарамсыз болып қалған Жастар ресурстық орталығы күрделі жөндеуден өтеді.
"Залалды бағалау қорытындысы бойынша дауылдан зардап шеккен 220 жеке тұрғын үйдің иелеріне өтемақы төленіп жатыр. Техникалық тексеру нәтижесінде 73 жеке тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды.
Қазіргі уақытта аталған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынып жатыр. 10 шілде — 25 тамыз аралығында төтенше жағдай кезінде зардап шеккен тұрғындарды уақытша орналастыру үшін мектеп-интернат базасында 100 орындық эвакуациялық пункт жұмыс істеді. Эвакуациялық пунктке барлығы 37 адам орналастырылды.
Қазіргі уақытта эвакуациялық пунктте тұрғындар жоқ. Аудандағы жағдай тұрақты. Төтенше жағдайдың салдарын толық жою жөніндегі жұмыстар жалғасып жатыр", – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
