Халық бірлігін сақтау, саламатты, отаншыл ұрпақ қалыптастыру үшін, әрі саладағы жаһандық трендтер, сондай-ақ ішкі-сыртқы сын-қатерлер аясында ел Үкіметі болашаққа бағдарланған және қоғамның сұраныстарына сәйкес келетін заманауи, қолжетімді білім беру ортасын құруға күш салмақ. Осы орайда бұрын болмаған тың тетіктер, соны өзгерістер өмірге жолдама алды.
Кезек 5 есе азайды
Балаларды балабақшамен қамту үшін ваучерлік жүйе енгізілді. Бұған дейін ол пилоттық жоба түрінде сынақтан өтті. Жаңа ваучерлік қаржыландыру тетігі 19 қалада және 7 ауданда іске асырылды. Ол арқылы 300 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білімге қол жеткізді. Әрі қарай жүйе біртіндеп бүкіл өңірге таралуға тиіс.
Бұрын балдырғандардың бір ұйымнан екіншісіне ауысуы кезінде бір бала үшін екі балабақшаның мемлекеттен қаржы алу оқиғасы тіркеліпті. Үкіметтің дерегі бойынша, қайталануды болдырмау есебінен бюджеттің 27 миллиардтан астам теңгесі үнемделген. 25 миллиард теңге кезекте тұрған өзге балаларды орналастыруға бағытталыпты.
Мысалға, 2025 жылы наурыздан бастап Семейдегі 73 балабақшада ваучерлік қаржыландыру жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізілді. Қазір қаладағы 7 мыңға жуық бала мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Ал балабақша кезегі 20% азайды. Жүйеге қатысып жатқан «Балдәурен» балабақшасында ваучері бар 320 бала тіркелген екен. Кәсіпкер жаңа жүйенің оң тұстары барын айтады.
– Бұған дейінгі жылдары қабылдау процесінде ата-аналар түрлі қиындыққа тап болатын. Түрлі мекеме «шабуылдап», табалдырығын тоздыратын. Сондай-ақ бұрын балабақшаға жазылу кезінде электронды кезектің жылжуы ұзаққа созылатын. Мекенжай жағынан теңсіздік туындайтын, қаланың о шетіндегі ата-аналар баласын бұл шетіне тасымалдауға мәжбүрленетін. Орын бөлу жағы да ашық болмады. Ваучерлік жүйе жағдайды түзетті. Енді ата-ана ыңғайлы балабақшаны өзі таңдайды. Қабылдау тәртібі ашық, әділ және қолайлы, – деді балабақша директоры Айгүл Құрманбаева.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне жүгінсек, бүгінде республикада 11,8 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым бар. Оларда1 миллионнан астам бала тәрбиеленеді. Бұл ұйымдарды кадрлық қамту мәселесі де күн тәртібінде тұр. 12 мыңдай балабақшада 100 мыңға жуық тәрбиеші жұмыс істейді. Мемлекет жыл сайын 3-5 мың тәрбиешінің біліктілігін тегін арттыруды қамтамасыз етіп келеді. Соңғы 6 жылда елде балабақшаны зарыға күткен балақайлардың кезегі бес есе қысқарса, ваучерлік жүйе енгізілгелі бұл көрсеткіш тағы 44% кеміген.
– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру жұмыстары жалғасады. Президент тапсырмасына сәйкес жаңа балабақшаларды ашу жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған жоспар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Биылғы І-ші жартыжылдық қорытындысында елде 13,2 мың орынды қамтитын жаңа 172 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ын балабақшамен қамтуға мүмкіндік ашты, – деп мәлімет берді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Балабақшамен қашан 100% қамтылады?
Ведомствоның дерегінше, бүлдіршіндерді балабақшамен қамту үлесін арттыру үшін шаралар кешені қабылданады. Ол жаңа балабақшалар салуға, қолданыстағысын кеңейтуге, тұрғын үйлердің төменгі қабаттарында шағын орталықтар ашуға, жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік білім тапсырысын орналастыруға, оның ішінде «ақша балаға ереді» қағидатымен ваучерлік қаржыландыруға бағытталған. Бұдан бөлек, осы жылы 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілді және олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылатын болады.
Жалпы, «саладағы бұрынғы реформалар жаппай жарға жығылды» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас, жетістіктері жетерлік. Мәселен, 2019 жылдан бастап Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, сапаны және ашықтықты арттыруға бағдарланған реформа жүзеге асырылды.
Соның нәтижесінде, 2019 жылы елде 892 мың бала тәрбиеленген 10,5 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істесе, ал 2025 жылы мұндай ұйым саны 1 миллионнан астам баланы қамти отырып, 11,8 мыңға дейін өсті. Бұл ретте мемлекет мейлінше аз баланы қамтитын шағын орталықтардан (мини-центр) алшақтап, материалдық-техникалық базасы бар толыққанды балабақшаларға басымдық беруге көшкен..
Кезекке қатысты мәселеде ілгерілеушілік байқалады. 2019 жылы балабақша кезегінде 446 176 бала тұрды. 2025 жылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 2 жастан 6 жасқа дейінгі 84 мың баланы құраған. Осылайша, алты жыл ішінде кезек күткендер саны шамамен 5 есеге азайды. Бұған мектепке дейінгі мекеме желісін жүйелі түрде өрістету, орын бөлудің жаңа тәсілдерін енгізу, ваучерлік қаржыландыру, процестерді цифрландыру арқылы қол жеткізіліпті.
Бұрын балабақшаға жазылу рәсімі тым күрделі еді: шамадан тыс жүктелген электрондық кезек жиі істен шығып қалатын. Сонымен қатар аумақтық теңгерімсіздік, орындарды бөлудің күмәнді схемалары, сыбайлас жемқорлық, жалған қабылдау және қосып жазу сияқты көптеген мәселе қордаланды.
Бұл проблемалар, әсіресе ірі қалаларда және тез дамып келе жатқан агломерацияларда өткір тұрды. Оқу-ағарту министрлігінің сендіруінше, бүгінде бұл қиындықтар цифрлық сервистердің, балаларды есепке алуды автоматтандырудың және мемлекеттік қызметтер көрсетудің ашық рәсімдерін енгізудің арқасында біртіндеп еңсеріле бастады.
Саланы қаржыландырудың тиімділігін арттырудағы негізгі қадам – ваучерлік жүйені енгізу болды. 2024 жылғы 9 шілдеде, ең алдымен, Тараз қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың пилоттық жобасы басталды. Жаңа жүйе ата-аналарға ваучер беруді көздейді. Ол – талапқа сәйкес деп танылған кез келген мемлекеттік немесе жеке балабақшада пайдалануға болатын жеке «сертификат».
Министрліктің мәлімдеуінше, ваучерлік жүйе 2025 жылдың соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес бүкіл республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Негізі, жоғарыда айтылғандай, қазір 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1%-ы балабақшамен қамтылған. Мектепке дейінгі білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Үкімет бұл көрсеткішті 2025 жылдың қорытындысында 95%-ға жеткізуге, ал 2028 жылға қарай – 100% қамтуға тиіс.
Бұл тапсырманы Президент «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде берді. Сөйтіп, еліміз жеткенге тоқтап қалмай, жас ұрпаққа мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында тұрақты ілгерілеуге ниетті. Дәйекті реформа, цифрландыруға иек арту, ваучерлік қаржыландыруды жаппай енгізу жүйенің тиімділігін әрі отбасылардың қажеттіліктеріне бағдарлануын қамтамасыз етеді деп күтіледі.
Лицензия – қауіпсіздік құралы
Реформа аясындағы тағы бір маңызды бетбұрысқа тоқталған жөн. 2025 жылғы 1 шілдеде «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының негізгі баптары күшіне мінді. Құжатқа Мемлекет басшысы 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойып, сол күні ресми жарияланды.
Әйткенмен, құжаттың бірнеше бабының қолданысқа енгізілетін күні кейінге шегерілді. Соның ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарын, яғни барлық балабақшаны және шағын орталықтарды лицензиялау енгізіледі.
Бұл бастамаға «өзім би, өзім қожа» жағдайда жұмыс істеп жатқан жекеменшік балабақша қожайындары қарсы шығып, өре түрегелді. Парламентке шағымымен жүгірді, ақпарат құралдарына жүгінді, «Атамекен» палатасы арқылы сөзін өткізбек болды. Бірқатар депутат та наразылық білдірген. Бірақ Парламентте мектепке дейінгі тәрбие мен білімге мемлекеттік бақылауды күшейтуді жақтаушылар бәрібір басым шықты. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Балалардың құқықтарын және оларға білім беру мекемелерінің қызметтерін реттеуді өте маңызды іс санайды.
– Себебі оларда балаларға зорлық-зомбылық көріністерін күнде болмағанымен апта сайын жаңалықтан көріп тұрамыз. Қоғамға белгісіз, «бас жарылса бөрік ішінде» қалатыны қаншама? Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай әріптестеріммен бірге мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялауды ұсынғанбыз. О баста Үкімет қолдамады. Негізгі уәжі – жаппай лицензияласақ, олар арнайы талаптарға сәйкес болуға міндетті, ал бұл балабақшамен қамту үлесінің төмендеуіне әкеледі. Біз сонда бала құқығын былай ысырып, тек бизнесті қолдауымыз керек пе? Сондықтан бастамамызда табандадық, – деді депутат.
Оның айтуынша, лицензиялаудың енгізілуі мемлекеттік және жеке балабақшаларға талапты күшейтеді. Қайсысы сапалы білім мен тәрбие беріп жатқаны, балалардың онда не ішіп, не жеп жүргені, балаларының қандай жағдайда, қай жерде бағып-күтілетіні айқындалады. Лицензия болмағандықтан Білім департаменттерінің өзі төл аумағындағы осы салада не болып жатқанынан бейхабар.
Ақыр соңында Парламентте ымыра-компромисті шешім қабылданды: лицензиялау енгізіледі, бірақ бизнеске соның қатаң талаптарына сай болу үшін дайындалуға уақыт беріледі. Өтпелі кезең 2027 жылғы 1 қаңтарда аяқталады. Даярланып үлгермегенге, оған мән бермегенге жабылуға тура келмек. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазірдің өзінде бұл ұйымдарға талап күшейтіліп жатқанын мәлімдеді.
– Балалардың қауіпсіздігі маңызды мәселе екенімен біз де толық келісеміз! Осы мәселеде Президент міндет қойды. Сол себепті бұл бағытта үлкен шара қабылданып жатыр. Мәселен, балабақшаларға қатысты қолданыстағы алдын ала хабарландыру тәртібі күшейтілді. Оның шарттары лицензиялау тәртіптеріне дейін көтерілді. Балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік мекемелер үлкен рөл атқарады. Кәсіпкерлер дайындалуы үшін уақыт керек, тиісінше, лицензиялау 2027 жылы енгізіледі. Бүгінде балалардың қауіпсіздігін қатаң сақтауға көңіл бөлініп жатыр, – деп сендірді министр Ғ.Бейсембаев.
Айтпақшы, Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, жаңа реформа аясында енді мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау жыл бойы жүргізіледі. Қорыта айтқанда, сала жаңғырып жатыр. Оның не нәтиже, қандай жеміс әкелерін өмір мен тәжірибе көрсетеді.
Елдос СЕНБАЙ