Бұл сұрақ бүгінгі ата-ана, ұстаз, тіпті мемлекет деңгейінде де бас ауыртатын мәселеге айналды. XXI ғасыр балалары көзін ашқаннан смартфон, планшет, теледидар көріп өсіп келеді. Бір қарағанда, бұл – заманның дамуы, технологияның жетістігі. Бірақ екінші жағын ойласақ, психикасы толық қалыптаспаған бала үшін бұл құралдар зиянды қаруға айналуы мүмкін. Мәселе, баланың не көріп, нені тыңдап, кімге еліктеп жүргенінде.
Ақпараттық гигиена – адамның тұтынатын ақпаратын сүзгіден өткізіп, пайдасы мен зиянын ажырата алу қабілеті. Ересек адам үшін бұл сана елегінен өтетін процесс болса, бала үшін шекарасы бұлыңғыр, әлі жетілмеген, психологиялық сүзгісі әлсіз орта. Ал бала TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформалардан не көріп жүр? Ашық-шашық киінген блогерлер, агрессияға толы ойындар, арзан күлкі мен фастфудты дәріптейтін контенттер. Ал осы ақпараттар баланың логикасына қалай әсер етеді? Оның құндылықтарын қандай арнаға бұрады? Өкінішке қарай, бұл сұраққа көбіміз нақты жауап бере алмаймыз, өйткені көп жағдайда қадағалау жоқ.
Цифрлы аутизм – тыныштықтағы трагедия
Соңғы жылдары «цифрлы аутизм» деген термин жиі айтылып жүр. Бұл – баланың гаджетке тәуелді болуынан туындайтын психологиялық ауытқу. Яғни, бала адамдармен қарым-қатынасқа түскісі келмейді, сыртқы ортаға енжар, эмоциясы әлсіз, жалғыздықты жақсы көреді. Психологтердің айтуынша, бала алғашқы үш жаста көбірек адаммен байланыс жасап, сөйлесуі керек. Ал егер бұл кезеңде ол экран алдында отырса – мидың сөйлеуге, ойлауға, шешім қабылдауға жауап беретін нейрондары тежеледі. Бұл кейіннен оқу үлгеріміне, қоғамға бейімделуіне әсер етеді. Астана қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Эльмира Сметованың айтуынша, бүгінде ата-аналар балаларды бақылау мүмкіндігін жоғалта бастаған.
– Кешке жұмыстан шаршап келемін, баламның үндемей отырғанына қуанам. Бірақ кейін байқаймын, ол телефонын 3-4 сағат тастамай қарап отырған. Сабаққа зейіні төмендеді, тіпті ашуланшақ болып кетті. Телефонды қолынан алсам, кәдімгідей агрессия байқалады, – дейді ол.
Бүгінде балалардың көпшілігі осындай күйде өмір сүріп жатыр. Таңертең мектепке барып, кешке үйге келген соң гаджетке үңілу – қалыпты сценарийге айналған. Бос уақыттарын ауладағы ойын, кітап оқу немесе шығармашылықпен емес, экран алдындағы видео, ойын, әлеуметтік желіге қарап өткізеді.
Ата-аналар бұл жағдайға амалсыздан көндігіп отыр. Бір жағынан, гаджет – баланы тыныш ұстаудың амалы болса, екінші жағынан – қауіптің көзі.
– Балам достарымен араласудан қалып барады. Мектептен келген соң, телефонға отырады. Телефонын алып қойсам, өз-өзіне келмей қалады. Қазір баламен сөйлесу үшін алдымен смартфонды «өшіріп» алу керек, – дейді ол қынжыла.
Психолог не дейді?
Бүгінде балалардың гаджетке тәуелділігі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұл бір жағынан заман ағымына бейімделу болса, екінші жағынан – ата-аналардың уақыт тапшылығы мен балаға деген эмоциялық байланыстың әлсіреуінің салдары.
– Баланың гаджетке тәуелді болуы көбінесе жалғыздық пен назардың жетіспеуінен туындайды. Көп ата-ана үшін телефон баланы тыныштандырудың «құтқарушы құралына» айналып кеткен. Алайда бұл уақытша шешім ғана, оның арты баланың психикасына кері әсер етуі мүмкін, – дейді психолог маман Лимана Қойшиева.
Психологтің айтуынша, тәуелділіктің алғашқы белгілері – гаджетті алып қойған кезде баланың агрессия көрсетуі, әлеуметтік қарым-қатынасқа қызықпау, зейіннің тұрақсыздығы және ұйқы бұзылыстары.
– Смартфондағы жылдам ауысатын бейнелер үнемі дофамин бөлінуін туғызады. Бұл – ми үшін жасанды ләззат көзі. Нәтижесінде, бала шынайы өмірден қуаныш табуды тоқтатып, кітап оқу, сөйлесу, ойнау сияқты әрекеттерге қызығушылық жоғалтады, – дейді маман.
Психолог баланы гаджеттен мүлде ажырату емес, сапалы қарым-қатынасты күшейту керегін баса айтады.
– 3-6 жас аралығындағы балаға экран алдында ең көбі 15-20 минут қана уақыт беруге болады, ал мектеп жасындағы балаларға – 1 сағаттан аспауға тиіс, – дейді ол.
Оның орнына баламен бірге серуендеу, ойын ойнау, кітап оқу немесе шығармашылықпен айналысу ұсынылады.
– Ең бастысы ата-ана баласына үлгі бола білуі керек. Егер ересектер өздері де үнемі телефонға телміріп отырса, баланың одан бас тартуы қиын. Гаджет емес қарым-қатынас пен көңіл бөлудің орны ешнәрсемен толтырылмайды, – деп түйіндеді Лимана Қойшиева.
«Бұрын далада ойнайтынбыз…»
Бүгінгі балалардың балалық шағы – төрт қабырға ішінде өтіп жатыр. Бұрын біз асыр салып аулада доп қуалап, асық ойнап, жаңбыр астында жүгіріп, бір-бірімізбен жарысып өстік. Қазір балалар үйде, құлағында құлаққап, қолында смартфон. Олардың ойы таязданып барады. Себебі логикалық ойлау, қиял, шығармашылық – сыртта жүріп, өмірді бақылап, шынайы тәжірибе жинаған кезде дамиды. Телефон оған мұндай мүмкіндік бермейді. Экрандағы дайын ақпаратты жай ғана көру – баланың миына дайын шаблондарды сіңіру деген сөз. Әрине, технологияны мүлде жаман деуге болмайды. Смартфон да – құрал. Егер дұрыс пайдаланылса, ол баланың дамуына сеп болуы мүмкін. Бірақ оған бақылау, қадағалау қажет. Баланың жасына сай контент ұсыну, уақытын шектеу, гаджетсіз уақыт өткізуге дағдыландыру – бұл ата-ана мен мектептің негізгі міндеті. Мәселе телефонда емес, мәселе оны кім қалай пайдаланып жатқанына байланысты. Бала гаджетті емес, гаджет баланы басқарып кетсе – міне, мәселе осында.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар… Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.
– Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады, – деді депутат.
Қадағалаусыз бала – бағытсыз кеме
Мектеп баланы оқытуға ғана емес, оны өмірге бейімдеуге де жауапты. Бірақ мектеп те бәріне үлгере алмайды. Ата-ана – бірінші тәрбиеші. Балаға гаджет бергенде, онымен не көріп, не тыңдайтынын білуі керек. Егер ата-ана уақыт таппаса, мектеп бейқам болса, мемлекеттің араласуы – заңды. Ақпараттық кеңістіктегі балаларға арналған контентті заңмен реттеу, зиянды контенттерге шектеу қою – бұл бүгінгі күннің талабы. Өйткені болашақ – біздің балаларымыз. Егер оларды ақпараттық умен уласақ, ертең санасы уланып шыққан ұрпақтан не күтеміз?
Цифрлы гаджеттер баланың психологиясымен қатар, физиологиясына да теріс әсер етуде. Әсіресе, көру қабілетіне. Офтальмолог-дәрігер Назира Жазубайқызының айтуынша, балаларда көру қабілеті мектеп жасына дейін-ақ бұзыла бастауы мүмкін. Мұндай жағдай, әсіресе теледидарға, гаджетке ұзақ үңілуден, дұрыс жарық түспейтін ортада кітап оқудан және көздің үнемі шаршауынан болады.
– Егер баланың көру қабілетінде өзгеріс байқалса, міндетті түрде офтальмологқа қарату қажет. Баланың кітапты бетіне тым жақын ұстап оқуы, заттарға көзін сығырайта қарауы – бірінші белгілердің бірі. Ал бұл жағдай уақытында ескерілмесе, миопия немесе астигматизм секілді күрделі ақауларға ұласуы мүмкін, – дейді дәрігер.
Балалар арасында экранға ұзақ үңілу қалыпты жағдайға айналып кеткен. Бірақ дәрігер смартфон мен планшетке күн сайын 2-3 сағаттан артық қарауға болмайтынын айтты. Әр 20 минут сайын көзді демалту керек. Сонымен қатар монитор мен баланың көзі аралығында кем дегенде 50-60 см қашықтық болуы шарт. Баланың отырған орнында жарық жеткілікті болуға тиіс. Көру бұлшықеттеріне арналған жаттығуларды күнделікті әдетке айналдырсаңыз көздің шаршауы азаяды. Мамандар «Аветисов» әдісімен ұсынылған көз гимнастикасын күнделікті 2 рет, 5-6 минуттан орындауға кеңес береді.
– Мысалы, көзді жоғары-төмен, оңға-солға, диагональ бойынша қозғалту, айналдыра қарау сияқты қарапайым жаттығулардың өзі көз бұлшықеттерін босаңсытып, қан айналымын жақсартады. Мұндай гимнастика, әсіресе мектеп жасындағы балалар үшін өте пайдалы, – деп түсіндірді Назира Жазубайқызы.
Бала денсаулығы – ұлт болашағының кепілі. Ал көру қабілеті – әлемді танудың ең негізгі құралдарының бірі. Сол себепті баланың көзін сақтауға ерте бастан мән берген дұрыс. Ол үшін тек дәрігерлерге жүгініп қана қоймай, үй жағдайында да күнделікті қарапайым ережелерді сақтап, профилактикалық шараларды тұрақты орындау қажет.
Салтанат ЖАНДАРБЕКОВА,
ЕҰУ студенті
P.S
Бала ата-ананың айнасы болса, бүгінгі гаджетке тәуелді ұрпақ – біздің салғырттығымыздың көрінісі. Цифрлы тәуелділікті жеңу – тыйым салумен емес, баламен сапалы қарым-қатынас орнатумен жүзеге асады. Бала махаббат пен назарға тойып өскен ортада гаджетке емес, өмірге тәуелді болады.