Ақсай қаласында толық жаңғыртылған "Қазақстан" теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды маңызды инфрақұрылымдық нысанның пайдалануға берілуімен құттықтады. Аймақ басшысы жобаны сапалы әрі уақытылы жүзеге асырған мердігер компания мен құрылысшыларға алғыс айтты.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес тәуелсіздік жылдары елімізде алғаш рет теміржол вокзалдарын кең ауқымды жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының тапсырысымен өңірдегі 4 теміржол нысанын жаңғырту басталды.
Күні кеше жаңадан салынған Семиглавый Мар станциясын ашсақ, бүгін екінші бекетті пайдалануға беріп отырмыз. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, іскерлік белсенділікті арттыруға және туристік әлеуетін нығайтуға оң әсер етеді", – деді Нариман Төреғалиев.
90 жылдық тарихы бар "Қазақстан" вокзалын жаңғырту жұмыстары аясында ғимарат толық жаңартылып, заманауи сәулеттік келбетке ие болды. Сонымен қатар 2 перрон мен вокзал маңындағы көпір қалпына келтіріліп, инженерлік инфрақұрылым желілері жаңартылды. Айнала абаттандырылып, жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалды.
