Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің отырысында мектепке дейінгі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері қаралды. Жиынға Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Тұрғанбайқызы Мелдебекова, Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова, Қайрат Балабиев, ҚР Білім министрлігінің Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Манара Адамова және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты, – деп хабарлайды Аikyn.kz.
Кеңестің төрайымы, депутат Жұлдыз Сүлейменова мектепке дейінгі ұйымдарда педагогтердің балаларға қатыгездік көрсету жағдайларын жылдан-жылға көбейіп, өршіп бара жатқанын сөз етті.
Оның айтуынша, 2022 жылдан бастап балабақшадағы білім беру және тәрбиелеу процесі жаңа стандартқа көшкен. Бұрынғыдай академиялық тәсілдер емес, балалардың табиғи даму қажеттіліктерін, қызығушылықтарын және түрлі ойынды пайдалана оқыту жүйесі енгізілді. Мұнда балалардың психологиялық және эмоционалды дамуы басты назарға алынуы керек еді. Депутат содан бері 3 жыл өтсе де, балаларға қауіпсіз орта әлі де қалыптаспағанын сынға алды.
– Бізде баланы ұру әлі жалғасып келеді. Балабақшадағы тәрбиешілердің құқыққа қарсы мінез-құлқының өзгеретін түрі жоқ. Бұл неге байланысты? Біз қай жерден қателік жіберіп отырмыз? Педагогтерді таңдауда ма, оқытуда ма, әлде педагогтердің жалақысында мәселе бар ма? Жақында бір видео көрдім. Тәрбиешінің балаға қатыгездік көрсеткенін басқа қызметкерлер көре тұра, былқ етпеген. Ай сайын осындай әрекетті әлеуметтік желілерден байқаймыз», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Оған жауап берген Оқу-ағарту министрлігінің бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова тәрбиешілерге кәсіби педагогикалық даярлықтың жетіспеушілігін алға тартты.
– Өкінішке қарай, қазір педагогтердің этика нормаларын бұзу мәселесі жиі кездеседі. Менің ойымша, педагог мамандығын таңдаған әрбір адам, әсіресе балабақшада жұмыс істейтіндер балаларға шынайы сүйіспеншілікпен қарауы керек. Педагогтерге методикалық және психологиялық көмек көрсету маңызды. Әрбір жағдайдың себептерін жан-жақты зерттеп, педагогтердің психологиялық жағдайын да анықтау қажет. Бұл мәселені шешу үшін кешенді зерттеулер жүргізіп, нақты шаралар қолдану керек», – деді ол.
Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамованың айтуынша, биыл республика бойынша тәрбиешілер тарапынан жасалған 38 қатыгездік оқиғасы тіркелген. Балаларды ұрып-соғу әрекеттерін көбіне тәрбиешілердің көмекшілері істеген, себебі бұл мамандар кәсіби дайындықтан өтпеген. Министрлік бұл бағытта арнайы курстар ұйымдастыру және тәрбиешілерді оқыту бойынша шараларды күшейтуді көздеп отыр.
Сондай-ақ отырыста балабақша жетіспеушілігі мәселесі көтерілді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде қазір 11 800 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ал онда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар мектептердегі мектепалды даярлық топтарында 165 мыңнан астам бала оқиды.
Балабақшалармен қамту көрсеткіші бүгінде 92,2%-ға жеткен. Ал 2025 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын пайдалануға беру және жаңа орындар ашу бойынша 2023-2026 жылдарға арналған жоспарларды бекіткен. Алайда кейбір өңірлерде қиындықтар туындап отыр. Мысалы, 2024 жылы Алматы облысында жоспарланған көрсеткіш орындалмады. Министрлік жергілікті басқармалармен бірлесе отырып, 2025 жылғы жоспарды орындауға күш салатынын жеткізді. Өйткені кеңістің мәліметі бойынша 2025 жылы Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында бірде-бір жаңа балабақша орны ашылмаған. Ал 2027 жылға дейін ашылады деп жоспарланған 300 мың орынның тек 150 мыңы ғана іске қосылған.
«AMANAT» партиясы жанындағы кеңесте көтерілген мәселелер Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жаңа балабақшалар ашу, педагогтарды даярлау сапасын арттыру және ваучерлік қаржыландыру әдісін кеңейту арқылы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамтуға мүмкіндік бар. Бұл шаралар мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырып, болашақ ұрпақтың тәрбиесі мен білімін жақсартуға ықпал етеді.