Заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды "Қазақпарат".
Қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде соттың санкциясымен оған екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғанын мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция жалған ақпаратты тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді", – делінген мәлімдемеде.
Еске салсақ, 31 наурызда Алматы полиция департаменті Әділетхан Молдаханға қатысты көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлаған едік. Күдіктінің уақытша ұстау изоляторында екені айтылды.
Артынша, 1 сәуірде Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі қазақстандық блогер Әділетхан Молдаханның 10 тәулікке қамауға алынғанын мәлім еткен болатын.
