19 сәуір, 17:00-де "Хабар" арнасынан "Азамат" интеллектуалды бағдарламасының екінші маусымы көрерменге жол тартады.
"Хабар" арнасы мен "Qazaq Debate" қозғалысының бірлескен жобасы жастар арасындағы пікірсайыс мәдениетін дамытуға, сыни ойлауды қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Жоба қатысушыларға өз көзқарасын білдіріп қана қоймай, қоғамдық маңызы бар тақырыптарда ашық диалог құруға мүмкіндік береді.
Бүгінде сыни ойлай алатын, өз пікірін ашық жеткізетін жастар аз деген пікір жиі айтылады. Алайда "Азамат" жобасы бұл түсініктің біржақты екенін дәлелдейді.
Бұл алаңнан шыққан жастар бүгінде үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, елдің мүддесін қорғап, түрлі жауапты қызметтерде еңбек етіп жүр. Өз ойын дәлелдей алатын, білімді, тапқыр, елге жанашыр жаңа буын өкілдері.
Жаңа маусымда іріктеу кезеңдері республикалық деңгейде өтіп, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Павлодар қалаларын қамтыды. Нәтижесінде 100-ден астам университеттің ішінен 32 үздік оқу орны іріктеліп, 700-ге жуық студенттің арасынан 64 үздік пікірсайысшы таңдалды. Жалпы жүлде қоры 5 000 000 теңгені құрайды: I орын — 2 000 000, II орын — 1 000 000, III орын — 600 000, IV орын — 400 000 және 4 командаға 250 000 теңгеден ынталандыру жүлделері беріледі.
Қатысушылар арнайы дайындықтан өтіп, сыни ойлау, аргументация және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдірді.
"Азамат" – бұл тек телебағдарлама емес. Ел үшін маңызды ойлар айтылатын, болашақ көшбасшылар қалыптасатын орта.
"Хабар" арнасы әрқашан қоғамға пайдасы тиетін жобаларды қолдаудан тайсалған емес. Бүгін де бұл бағытынан айныған жоқ. Себебі, "Хабар" жастарға сенеді.
Ендеше, 19 сәуір, 15:00-де теледидардың төрінен табылып, болашақ көшбасшыларымыздың бастауына қолдау білдірейік!
