Мәжіліс отырысында депутат Вера Ким Қазақстанда мектеп директорларының жетіспеушілігі байқалып отырғанын мәлімдеді, айтуынша, әр 15 мектептің біреуінде директор жоқ, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.
"Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы 16 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік мектептерде 454 директордың орны бос, бұл мектептердің жалпы санының 6,5 пайызы, яғни шын мәнінде 15 мектептің біреуінде директор тағайындалмаған.
Мәселенің ауқымы түсінікті болуы үшін айта кетейін, халықаралық тәжірибеде 1-3 пайыз алаңдатарлық жағдай болып саналады, ал 5 пайыздан жоғары болса, жүйелі шешімдерді қажет етеді. Біздің елде ол 6,5 пайыз болып тұр", – деді депутат Вера Ким.
Сондай-ақ депутаттың сөзінше, мұғалімдер мектеп директоры болғысы келмейді.
"Педагогтердің мектеп директоры болуға құлықсыздығының себептері айқын. Жауапкершілік жоғары, бірақ жалақысы қатардағы мұғалімдікінен төмен. Жылдар бойы директорлар магистрлік және докторлық дәрежелері үшін қосымша ақы және олардың біліктілігін тиісті деңгейде бағалау мәселесін көтеріп келеді", – деді депутат.
Мәселені шешу үшін депутат:
Ауыл мектептеріне директорларды тарту және ұстап тұру шараларын күшейту;
ауылдық жерлердегі басқару кадрларын ротациялаудың сараланған тәсілдерін қарастыру және әзірлеу;
басқарушылық лауазымдардың тартымдылығын арттыру;
іріктеу мен бағалаудың орындауға болатын және ашық критерийлерін қарастыру және қамтамасыз ету.
