in

Дәулетбай Нұрабаев, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы: Суды үнемдеу –табиғатқа жанашырлық

Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толық­тырулар енгізілді. Енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда – «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Біз мерекеге орай, су шаруашылығында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаевпен әңгімелестік.

– Климаттық өзгерістер мен су тапшы­лығының артуы су саласын тиімді басқару­дың мемлекеттік маңызын көрсетті. Жал­пы, бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау қаншалықты керек? 

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай су тапшылы­ғының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуі­міз керек. Су тапшылығын жою­дың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды мін­дет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұ­мыс­ын ынталандыру үшін нақты ше­шім­дер әзірлеуге тиіс» деп тапсырма берген еді. Қазір еліміз бойынша, су тап­шылы­ғына байланысты тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жұмыстары қолға алынды. Бұл су ресурсын аз да болсын сақтаудың балама жолы. Соның ішінде тамшылатып суару – қазіргі жағдайда ең үнемді тәсілдің бірі. Бұл әдісте су арнайы жүйе арқылы өсімдіктің тамырына біртін­деп беріледі. Нәтиже­сінде, судың ысырап болуы, булану мен жерге сіңіп кету шығыны едәуір азаяды. Бізде тамшылатып суару көбіне оңтүстік өңірде пайдаланыл­ды. Жаңбырлату – солтүстік өңірде. Жаң­бырлатып суару технологиясы – жауын-шашын тәрізді, су тамшыларын жоғары қысыммен өсімдік үстінен шашады. Бұл технология су ресурстарын үнемдеуге, топырақты шайып кетуден сақтауға және өсімдік­терге қолайлы орта жасауға мүм­кін­дік береді.

Дүниежүзінің ауыл шаруашылығы тәжірибесінде тамшылатып суару техно­логиясы алғаш рет 1960 жылдары Из­раильде енгізілген. Шөлді климат пен су тапшылығы жағдайында егіншілікпен ай­налысуға мәжбүр ел осы тәсілді қол­дану арқылы ауыл шаруашылығын дамы­тудың тың бағытын қалыптастырды. Қазір бұл әдіс Түркия, Қытай, Үндістан сияқты елдерде де кеңінен қолданылып, бірқатар аймақта өнім көлемін 20-30 пайызға дейін арттыруға ықпал етіп отыр. Тамшылатып суару технологиясы Қазақстанға алғаш рет 2000 жылдардың басында, нақтырақ айтқанда 2002-­2003 жылдары енгізіле бастады. Яғни, бұл технология елімізде қолданылып келе жатқанына шамамен 20 жылдан асты. Ал бұрын біз егістікті арықпен су­ара­тынбыз. Қазір мемлекеттің қолдауы­ның, Су ресурстары және иррига­ция министрлігі құрылғанының арқасын­да жаңа технологиялар саламызға көптеп енуде. 

– Биыл «Табиғи монополиялар тура­лы» заңға түзетулер әзірленіп, қабылдан­ды. Бұл 1 қыркүйектен бастап су сала­сын­дағы 25 мың­нан астам қызметкердің ең­бекақысын электр және жылу энергети­ка­сы саласының ма­мандары деңгейіне дейін көтеруге мүм­кін­дік береді. Жалпы, су шаруашылығындағы қызметкерлердің мәртебесі көтерілді ме? 

– 1 шілдеден бастап су саласындағы қызметкерлердің айлығы 50 пайызға көтеріліп жатыр. Бұрын 100 мың теңге­нің көлемінде еңбек ақы алсақ, енді 150 мың теңге шамасында аламыз. Бұл су беретін мамандардың жақсы жұмыс іс­теуі­не ықпал етеді деп ойлаймын. Ке­зінде аз айлықпен бала-шағасын асырай алмай, су шаруашылығындағы қызметін тастап кеткен жандар көп. Соның сал­дарынан, саламызда маман тапшылығы туындады. Ал қазір министрлік Тараз қаласында су саласы бойынша маман­дан­дырылған жоғары оқу орнын құру бастамасын қолға алды. Бұл – дұрыс шешім әрі батыл қадам. Иә, бұл жоғары оқу орнын одаққа таны­мал бұрынғы Жамбыл гидромелиоратив­тік-құрылыс институтының мұрагері ретінде М.Дула­ти атындағы универси­теттің құрамында­ғы Су шаруашылығы және табиғатқа үй­лес­т­іру институтының базасында құру тиімді болмақ. Институт­тың оқу ғима­рат­тары, жатақханалары, су са­ла­сына бейімделген зертханалары, спорт кеш­ен­дері қаржы көздерін үнем­деуге мүм­кін­дік береді. Тараз қаласында орна­­ласқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы ынтымақ­тастық оң әсерін тигізеді. Енді су шаруа­шылығында жас мамандар саны­ның арт­атынына сеніміміз мол. Бұрын жас­тар жалақы аз болғандықтан шалғай­да­ғы ауылға қызметке бармай­тын. Бола­шақ­та су шаруашылығындағы қызмет­керлердің мәртебесі артса, еңбекақысы көбейіп, ауылдағы тұрғын үй мәселесі шешіліп, 1-2 реттік жәрдем­ақы берілсе, саладағы маман тапшылығы азаяр еді. 

Африка елдерінде бір тамшы таза суға қолы жетпей жүрген қаншама адам бар. Ал Қазақстандағы ауылдардың 95-98 пайызына ауызсу тартылған. Бұл әрине мемлекеттік қолдаудың арқасын­да жүзеге асқан дүние. Халық «судың да сұрауы бар» екенін есте сақтауы керек. Суды үнемдеу – тек тұрмыстық әдет қана емес, табиғатқа деген жанашыр­лық­тың, жауапкершіліктің белгісі. Бүгін біз суды қалай тұтынсақ, болашақ ұрпақ дәл сондай жағдайда өмір сүреді. Су тапшы­лығының алдын алу үшін әрбір адам бүгін­нен бастап іс-әрекет жасауға тиіс. 

– Әріптестеріңізге мерекелік құттық­тау айтсаңыз? 

– Су шаруашылығында қызмет етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздердің тынымсыз ең­бек­теріңіздің арқасында ауыл шаруа­шы­лығы дамып, ел экономикасы өр­кен­деп келеді. Әрбір тамшы судың қа­дірін біліп, оны халыққа жеткізу жолын­да жан аямай еңбек ету – үлкен жауап­кер­шілік пен кә­сіби шеберлікті қажет етеді. Су – тірші­ліктің негізі, ал сіздер – сол өмір нәрін елге жеткізуші нағыз ең­бек ерлерісіздер. Табиғатты қорғап, су ресурстарын тиімді пай­далану ісіне қосқан үлестеріңіз – келешек ұрпақ үшін қалдырған баға жет­пес мұра.

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН