Жүргізушілер Алматы облысындағы "Қонаев – Бақанас" тасжолын жөндеуді сұрайды. 124 шақырымдық жолдың тозығы жеткен. Сондай-ақ жүргізушілер жолда жарық пен қоршаудың жоқтығына шағымдануда, деп хабарлайды "Жетінші арна".
Телеарна мәліметінше, тас қараңғы әрі қоршауы жоқ жолдың ұзындығы – 124 километр.
Қонаев – Бақанас бағытында ай сәулесі мен көліктің жарығына ғана сенетін жүргізушілер жолды күрделі жөндеуден өткізуді сұрап отыр.
"Себебі бұрын салынған күре жол талапқа сай болмай тұр", – дейді олар.
Жол небәрі екі жолақты және жарықшам орнатылмаған. Алда кетіп бара жатқан көлікті басып озу үшін жүргізушілердің қарсы бағытқа шығуына тура келеді. Қос жиегі қоршалмағандықтан қараңғы түсе жайылымдағы мал мен жабайы аң жолға шығып кетеді. Жолаушылар бұл жол бөлігімен түнде жүруге жүрексінеді.
Жалпы бұл жолмен тәулігіне мыңға жуық көлік қатынайды.
Жолдың жай-күйіне жауапты мамандар жолдың жағдайы қанағаттанарлық деп мәлімдеді. Жақын арада күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланбаған.
"Бәрі қозғалыс қарқындылығына байланысты. Бақанас бағытындағы жолды төрт жолаққа дейін кеңейту өте көп қаражатты талап етеді. Сонымен қатар бұл жолдың жөндеуаралық мерзімі әлі біткен жоқ. Бұған дейін жөндеу жұмыстары жүргізілген. Белгіленген мерзімге сәйкес, келесі жөндеу уақыты әлі келген жоқ", – деді өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұрдәулет Асқаров.
