in

"Жылады, дұға оқыды": ауа райының қолайсыздығынан ұшақ Шымкентке қона алмады (видео)

Алматыдан Шымкентке ұшып бара жатқан ұшақ Таразға шұғыл қонды, деп хабарлайды astana24.com SCAT әуе компаниясына сілтеме жасап. Жолаушы борттағы жағдай туралы айтты.

Threads желісінде Алматыдан Шымкентке бет алған рейс жолаушысы бастапқыда рейс шамамен бір сағатқа кешіктірілгенін айтады. Бортқа отырғаннан кейін жолаушылар ауа райының күрт өзгергенін, қатты найзағай ойнағанын байқаған.

"Алдымен біз жағдайдың қаншалықты күрделі екенін түсінбей, телефон камерасына түсіре бастадық. Алайда қатты турбуленттілікке байланысты ұшақ қона алмай, қатты шайқала бастады. Ұшақ шамамен 15 минут бойы шайқалды.

Біз жерге жақындап бара жаттық, жолаушылар қорқып отырды. Кейбірі жылап, дұға оқи бастады, кейбірі сабыр сақтауға тырысты. Бортсеріктер жолаушыларды үрейге берілмеуге шақырып, жағдайдың бақылауда екеніне сендірді", – деп жазды желі қолданушысы.

Автордың айтуынша, көпшілік ұшақ құлайды деп ойлаған. Жерге аман-есен қонғанда бортсеріктер ұшақтың Таразға қонғанын хабарлады.

SCAT әуе компаниясының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне жағдайға қатысты түсінік берді. Компания өкілдерінің мәліметінше, әуе кемесі Шымкент әуежайына қонар кезде ауа райы күрт нашарлаған, желдің екпіні 24 м/с-қа дейін күшейген, найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауған және желдің бағыты күрт өзгерді.

"Осыған байланысты Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараз әуежайына қону туралы шешім қабылдады. Ауа райы жағдайы жақсарғаннан кейін ұшақ бағытын жалғастырды. Ұшақ Тараз әуежайында шамамен 1,5 сағат бойы тұрды, содан кейін Шымкент әуежайына қонды", – деп жауап берді әуе компаниясы өкілдері.