Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған комиссияға Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова жетекшілік етеді. Төраға орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мен Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Алғашқы отырыста Комиссия және Конституциялық Соттың төрағасы Эльвира Әзімова бір палаталы Парламент құру бастамасын Мемлекет басшысы 2025 жылдың 8 қыркүйегіндегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында көтергенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Күш-ті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы негізінде елімізде бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді.
Өздеріңізге белгілі, Парламенттік реформаны әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы 2025 жылғы қазан айынан бастап белсенді жұмыс атқарды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен сарапшылар, саяси партиялар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осы уақыт аралығында жұмыс тобы барлық ұсынымдарды мұқият зерделеп, жүйеледі, сондай-ақ азаматтардан келіп түскен ұсыныстарды жан-жақты талдады.
Азаматтар өз ұсыныстарында тек бір палаталы Парламент мәселесін ғана көтерген жоқ. Осыған орай, Мемлекет басшысы Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құру туралы шешім қабылдады, – деді Э.Әзімова. Ал Мемлекеттік кеңесші, комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин жаңа комиссия осыған дейін әрекет еткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының заңды жалғасы екенін тілге тиек етті. Мемлекеттік кеңесші Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қызметіне тоқталды.
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылдың 8 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама көтерді. Мұны ел азаматтарының көпшілігі қолдады. Қазан айында Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген зерттеуге сүйенсек, респонденттердің 70 пайызға жуығы осы идеяға қолдау білдірген.
Бір айдан кейін 8 қазанда Президент Өкімімен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламенттегі саяси партия фракцияларының жетекшілері, белгілі заңгер-ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, Ұлттық құрылтай мүшелері енді, – деді Ерлан Қарин.
Оның айтуына қарағанда, Конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген. Азаматтар е-Otinish және eGov порталдары арқылы 600-ден астам ұсыныс жолдапты. 20 қараша мен 19 қаңтар аралығында жұмыс тобының 6 отырысы өткен. Соңғы жиынға қатысқан Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстармен, ортақ ұстанымдармен танысты. Әрі Президент бұл ұстанымдарды қолдады.
Сонымен қатар Комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайда Президент айтқан ұсыныстарға жан-жақты тоқталды. Конституциялық реформалардың негізгі ережелерін талдады.
– Мемлекет басшысы: «Еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек», – деп нақты атап өтті. Шын мәнінде, жаңа кезеңде жаңа өкілеттікке және ерекше атауға ие болған Құрылтай қазақ жеріндегі парламентаризмнің тамыры тереңде жатқанын аңғартады, – деді Ерлан Қарин.
Сонымен бірге болашақта «Құрылтай» аталатын бір палаталы Парламенттің депутаттар санына, кандидаттарға қойылатын талаптарға, сайлау жүйесіне тоқталды. Оны айтуынша, Құрылтай депутаттарының саны 145 болады, кандидаттарға қойылатын талап өзгермейді, толық пропорционалды сайлау жүйесі енгізіліп, депутаттардың өкілеттілік мерізімі 5 жыл болады.
Дегенмен Мемлекеттік кеңесші конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешім Жалпыұлттық референдумда қабылданатынын атап өтті.
Ал Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ерлан Жиенбаев Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда айтылған бірқатар ұсыныстардың жай-жапсарын түсіндірді. Ол Вице-президент институтын енгізудің ерекшеліктерін атап өтті.
– Президент бірқатар елдерде бар Вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Мемлекет басшысының өзі атап өткендей, біздің жағдайымызда бұл лауазымды енгізу мемлекетті басқару процесін тұрақтандырады. Сондай-ақ билік иерархиясын біржола айқындап береді, – деді Ерлан Жиенбаев.
Вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды деп күтілуде. Онда да үміткер депутаттардың көпшілігінің қолдауына ие болуға тиіс. Ал Вице-президентті қызметінен Президент босатады.
Вице-президенттің құзыретіне Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіру, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік ету кіреді.
– Вице-президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс. Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді, – деп атап өтті Ерлан Жиенбаев.
Сонымен қатар ол Халық Кеңесін құру, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайда Президент ұсынған бастамаға сәйкес құрылатын Халық Кеңесін жасақтауға қатысты құқықтық нормалар бөлек конституциялық заңмен айқындалғаны жөн.
– Халық Кеңесінің мәртебесін Конституцияда бекіту мақсатында онда жеке бөлім көздеу ұсынылады. Біріншіден, Халық Кеңесі Қазақстан Республикасы халқының мүдделерін білдіретін мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы екендігі туралы норманы көздеу қажет. Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырылатындығын қамту керек. Сондай-ақ Халық Кеңесінің мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті және ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекет қызметінің қағидаттарын және жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу жөніндегі негізгі өкілеттіктерін регламенттеу қажет. Сонымен қатар Президент Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. Бұл да Конституцияда бекітілуге тиіс. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды, – деді Ержан Жиенбаев.
Жалпы, Комиссияның алғашқы отырысында көптеген ұсыныс айтылды. Айталық, Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ ұлттық мемлекетті нығайту және республиканың идеологиялық бағытын айқындау үшін Конституцияның преамбуласын жаңартуды ұсынса, тағы бір депутат Марат Башимов алдағы болатын қайта құрулардың саяси тұрақтылықты нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғанына тоқталды. Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай Конституцияда дінді мемлекеттен бөлу туралы тікелей норманы бекіту қажет деп санайтынын алға тартса, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған өз ұсыныстарын айтты. Ол өз баяндамасында соттың санкциясынсыз қамауда ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту қажет екенін алға тартты.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев әмбебап және барлығына бірдей: қарттар мен сәбилерге, ерлер мен әйелдерге, дінге сенушілер мен атеистерге қолданылатын іргелі адам құқықтарын бекіту қажеттілігін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі бостандықтардың ішінде өзіне және жақындарына қарсы куәлік бермеу және өзінің кінәсіздігін дәлелдеу құқығын тікелей көрсету қажет.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Конституцияда тек ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынса, депутат Мұрат Әбенов Конституцияда зияткерлік меншік пен шығармашылық бостандықты қорғау туралы нормаларды бекітуді ұсынды. «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры, белгілі журналист Дихан Қамзабекұлы болса, білім беру және тәрбие жүйесіндегі зайырлылық қағидаттарын нығайту мәселесін көтерсе, М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев Конституциядағы терминологияның сәйкессіздігін жоюды ұсынды. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов интернет алаяқтыққа қарсы тұру үшін конституциялық негіздерді нығайтуды, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев азаматтар мен бизнестің жеке меншігін конституциялық қорғауды күшейтуді, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимдерді конституциялық тұрғыдан бекітуді ұсынды.
Комиссияның екінші отырысында конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстар талқыланды. Тікелей эфирден көрсетілген іс-шара ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделді.
Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Әзімова комиссияға 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Ол азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты көрсететінін айтты.
– Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: Конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі, – деді Эльвира Әзімова.
Отырыс аясында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевтың, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның баяндамалары тыңдалды.
Өз сөзінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияға бірқатар негізгі өзгеріс енгізуді ұсынды. Министр Үкіметтің, Конституциялық Соттың, прокуратура және сот билігі органдарының жекелеген функцияларын, құқық қорғау тетіктерін, жергілікті өзін-өзі басқаруды, жекелеген аумақтарда арнайы құқықтық режим белгілеу қағидаттарын, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін регламенттейтін Конституцияның бөлімдері мен баптарына өзгерістер енгізу ұсынылатынын атап өтті.
Ал Нұрлан Бекназаров бір палаталы Парламентке өтуге байланысты қолданыстағы Конституцияның «Парламент» бөлімінің бірқатар баптарына оның құрылуы, сайлануы, құзыреті, өкілеттігі, заң қабылдау процестері мен құрамына қатысты маңызды өзгерістер енгізу көзделгенін, бірқатар баптардың күші тұтастай алынып тасталғанын айтты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Снежанна Имашева бірінші отырыс қорытындысы бойынша дайындалған салыстырмалы кестені таныстырып, Преамбула мен 1-39 баптарды жүйелі түрде қарауды ұсынды.
– Конституцияның преамбуласы – бұл тек кіріспе емес, Негізгі заңның идеялық-моральдық өзегі, мақсатты айқындайтын және мемлекеттің даму бағытын белгілейтін негізгі бағдар, – деді Снежанна Имашева.
Одан кейін Конституцияның I және II бөлімдеріндегі нормалар талқыға салынды. Соның ішінде құқықтық және зайырлы мемлекет принциптерін бекіту, адам қадір-құқығын, өмір сүру құқығын, жеке еркіндік пен тұлғаның қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ жеке өмір мен жеке деректерді қорғау мәселелері сөз болды. Сонымен қатар конституциялық принциптердің нормативтік мәртебесін күшейту және олардың практикалық қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысы да ұсыныстарды талқылауға арналды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Комиссия жұмысы қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін Ата Заңды дайындауға бағытталғанын атап өтті.
– Бүгінде біз қолданыстағы Негізгі заңға түзетулер енгізу бойынша ғана емес, сонымен қатар Әділетті Қазақстанның сұраныстарына жауап беретін жаңа Конституциясын іс жүзінде қалыптастырып жатырмыз. Бұл – «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделген билік архитектурасын жүйелі түрде қайта құру деген сөз. Ол бүкіл реформаның нақты логикасын айқындайды. Бүгінгі Конституциялық комиссияның жұмысы Парламенттік реформадан бастау алды. Өйткені конституциялық өзгерістердің үлкен бір бағыты Парламенттің болашағына байланысты. Барлық фракция жетекшілері, осындағы біраз әріптестеріміз дәл сол парламенттік реформаның жұмыс тобының қызметіне белсене атсалысты. Жарты жыл бойы болашақ Парламент құрылымы мен құзіреті төңірегінде нақты нормалар әзірлеп, ұсыныстар берді. Әр партияның саяси ұстанымы мен көзқарасы жұмыс тобында нақты көрініс тапты, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Ол бір палаталы Парламентке көшу заң шығару ісін жеделдетіп, саяси партиялардың рөлін күшейтетініне әрі депутаттардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыратынына назар аударды.
Ал Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов ұсынылған өзгерістер формалды жаңғырту шеңберінен шығып, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға арналғанын атап өтті.
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев қоршаған ортаны қорғау мәселесін Ата Заң арқылы міндеттеуді ұсынды.
– Сондай-ақ 31-бапқа азаматтардың табиғатты сақтау міндетін енгізіп, мемлекеттің қоршаған ортаны қорғау мақсатын айқындауды, ал лауазымды тұлғалардың экологиялық деректерді жасырғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді қажет деп санаймыз. 61-бап бойынша Құрылтайға қоршаған ортаны қорғау заңдарын реттеу құзіретін беру біздің экологиялық саясатымызға конституциялық күш береді деп білемін. Бұл ұсыныстар келер ұрпақ алдындағы біздің жауапкершілігімізді нақты айқындайды, – деді Серік Егізбаев.
Мәжіліс дептутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым болашақта Құрылтай депутаттарының өкілеттілігі 1,5 есе артатынын айтты.
– Меніңше, Конституцияның 53-бабы болашақ Құрылтайдың жұмысымен байланысты ең мазмұнды түбегейлі өзгерістерді көздейді. Бұл – қоғамымызға қажетті, қоғам бізден күтіп отырған өзгерістер. Бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару архитектурасы мен жүйесін байыпты түрде өзгертіп, тұрақтандырады, билік тармақтары арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етеді, өкілдік, атқарушы және сот билігі арасындағы тежеу мен теңгерім тұжырымын іске асырады. Ал салыстырмалы кестеде ұсынылған жаңа редакцияда, 23 тармақ бар екеніне назарларыңызды аударғым келеді, яғни өкілеттіктер көлемі бір жарым еседен астам артады. Бұл жаңа өкілеттіктердің барлығы жалпыұлттық референдумда мақұлданған жағдайда тиісті Конституциялық заңдар аясында нақтыланып, жүзеге асырылатын болады. Аталған өзгерістер түрлі қоғамдық алаңдарда бірнеше рет айтылып, жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды және Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының тарапынан тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тапты. Сондықтан бұл тұжырымдамалық өзгерістерді біз қолдаймыз, – деді Айдос Сарым.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Комиссияның алғашқы екі отырысында айтылған ұсыныстардың құжат жобасынан көрініс тапқанына көңілі толатынын білдірді. «Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша, Конституция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек. Білім мен ғылым – адам әлеуетін дамытуға, инновация – технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух – халықты біріктіруге қызмет етеді», – деді Үнзила Шапақ.
Жалпы, алғанда Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның алғашқы үш отырысы Ата Заңға енгізілетін өзгерістердің басым бөлігін талқыға салды. Комиссия төрағасы Эльвира Әзімова комиссияның төртінші отырысында ұсыныстарды жоба мәтініне айналдыра отырып, қарастыруды ұсынды. Төртінші отырысы 28 қаңтарда өтеді.
Ардақ СҰЛТАН
