in

Мейірмен қара мейманға

Осы орайда соңғы 2 жыл қатарынан көші-қонда оң динамика байқалады: елге көшіп келушілер саны елден қоныс аударғандардан еселеп асып түсті. Бір жыл – кездейсоқтық болуы мүмкін, екінші жыл – тұрақты тренд.

Туған жерінен жерігендер азайды

Бұған дейінгі жылдың бәрінде ақпарат құралдары мен сарапшылар тоқтаусыз дабыл қағумен болды. Олар жатжұрттан тұрақты мекен тапқан қазақстандықтардың ондаған мың адамнан тұратын ірі лекпен елден кетіп жатқанына, үлкен бөлігі – ең­бек­ке жарамды, білімі мен біліктілігі жо­ғары екеніне назар аудартып, қапаланды. 

Шынында, жұртының шетелге боша­лап, босып жатуы мемлекеттің беделіне кір, намысына сын емес пе?! Бүгінде сол алаң көңілдер тыншығандай, мазасыздық басылғандай. Себебі басты байлығы – бір­лі­гін бағалаған, ырысты ынтымағын сақ­та­ған Қазақстан қазіргі құбылмалы за­манда, алмағайып кезеңде бейбітшілік пен тұрақтылықтың аралына айналды. Жан тыныштығын қалаған өзге мемлекеттің азаматтары үшін тартылыс орталығы болып отыр. 

Ұлттық статистика бюросы демогра­фия­лық статистика аясында еліміздегі халықтың көші-қонының 10 жылдық есе­бін жариялады (ведомство келесі есебін 2026 жылғы 12 наурызда жария етпек). Бұл құжаттан республикамыздың осы салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткенін көруге болады. 

Сөйтіп, статистикалық динамика мынадай: 2015 жылы Қазақстанға 16 581 адам ғана көшіп келді, 30 047 қазақстандық шетелге көшіп кетті. Келушілер мен кетушілер арасындағы теріс айырма-саль­до 13 466 адам (бұған дейін жылдардағыдай бұл жылдың да көрсеткіші – минус). 2016 жылы 13 755 адам келді, 34 900 кетті, әлем­нің өзге елдеріне қоныс аударғандар саны жаңа­дан қазақстандық атанғандардан 21 145 адамға көп (көрсеткіші – тағы да минус).

2017 жылы 15 595 адам келді, 37 725 адам кетті, миграция сальдосы – минус 22 130 адам. 2018 жылы 12 747 келді, 41 868 кетті, миграция сальдосы – 29 121 адам (ми­нус). 2019 жылы 12 255 келді, 45 225 кет­ті, 32 970 адам (минус). 2020 жылы 11 370 келді, 29 088 кетті, миграция сальдосы – 17 718 адам (минус). 2021 жылы 11 039 кел­ді, 32 256 кетті, айырмасы – 21 217 адам (минус). 2022 жылы 17 425 келді, 24 147 кетті, сальдосы – 6 722 адам (тағы да минус). 

2023 жылы Қазақстанға 25 387 адам тұрақты тұруға көшіп келіп, азаматтық алды, 16 094 экс-қазақстандық керісінше, көшіп кетті, миграция сальдосы – 9 293 адам (көрсеткіш – плюс, оң мәнде!). 2024 жылы Қазақстанды 29 282 шетелдік жерсініп, Қазақстан Республикасының көк паспортына ие болды. Одан 12 732 адам бас тартты. Көші-қонның жағымды сальдосы – 16 550 адамға дейін жетті. Сала көрсеткіші – тағы да оң мәнде.

Ұлттық статистика бюросының хабар­лауынша, осыдан он жыл бұрын, 2015 жылы Қазақстан азаматтығынан бас тарт­қан адамдардың басым көпшілігі яғни 25 682-сі Ресей азаматтығын алып, сонда орнық­ты. Екінші орында Германия болды: 2 196 экс-қазақстандық соны жаңа отаны ретінде таңдады. Қазақстаннан кеткендер­дің таңдауына айналған мемлекеттердің бестігіне сондай-ақ Беларусь (605), Өзбек­стан (364) және АҚШ (265 адам) кірген еді. 

Содан бері эмиграция саласында жағ­дай қаншалықты өзгерді? Статистика мамандарының айтуынша, 2024 жылы елдер қатарында біраз өзгеріс болыпты: бұрынғы қазақстандықтардың 11 737-сі – ресейлік, 2 283-і – германиялық, 452-сі – америкалық, тағы 334-і – польшалық, 232-сі – қырғызстандық атанды. 

Қазақстанды таңдағандар екі еседей өсті

Жалпы, демографтар: «Өткен отыз­жыл­дық ішінде Қазақстаннан кеткісі кел­гендер кетіп болды» деп жүр. Бұл сөз шындыққа жанасатындай. Бюро мәліметінше, халық елден миллиондап ауған тоқыраулы тоқсаныншы жылдарды айтпағанның өз­інде, 2000 жылы Қазақстан азаматы болу­дан 155 749 адам айныпты. Оның көбі – байырғы тарихи отанына оралған. Атап айт­қанда, 108 724-і – Ресейге, 35 938-і – Гер­манияға, 3 265-і – Беларуске, 2 172-і – Украинаға қоныстанды. 

Содан соң үрдіс бағыты, көші-қон ауа­ны ауысты. Осы ғасыр басынан елден қон­ыс аударушылар саны қарқынды түрде азайып келеді. 2001 жылы Қазақстан азаматтығынан 141 710 адам бас тартса, 2002 жылы бұл көрсеткіш – 120 223, 2003 жылы – 73 890 адамға дейін кеміген. Одан бергі көрсеткіштер жоғарыда келтірілді. Енді Қазақстанды «жаңа Отаным» деп танығандар жайына тоқталайық.   

– 2024 жылы елге келгендер саны 29 282 адамды, елден кеткендер саны 12 732 адамға жетті. Көші-қон айырымы – 16 550 адам. 2023 жылмен салыстырғанда, был­тыр Қазақстанға келгендер саны 15,3%-ға өсті. Ал Қазақстаннан кеткендер саны бірден 20,9%-ға елеулі азайды. Елдің негіз­гі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жүреді. Қазақстанға келгендердің ішіндегі ТМД елдерінің үлесі – 81,6%, сондай-ақ шетелге көшіп кеткендердің 74,8%-ы ТМД елдерін таңдады, – деп түсіндірді Ұлттық статистика бюросының мамандары. 

Олардың мәлімдеуінше, Қазақстанның көгілдір паспортын иеленгісі келетіндер саны да ХХ ғасыр соңында көп болды. 2000 жылы – 47 442 шетел азаматы қазақ­стандық атанды. Алайда сол жылы көші-қон­дағы теріс айырма 108 307 адамға жетті. Яғни, өзге елге қоныстанғандар саны жаңа қазақстан­дықтардан осыншаға асып түскен. 

Содан кейін сала статистикасы түзел­ген. Бұған жаңа ХХІ ғасырда шетелдегі қандастардың ата-жұртқа қайтадан үлкен лекпен орала бастауы оң ықпал етті. Нәти­жесінде, 2001 жылы – 53 548, 2002 жылы – 58 211, 2003 жылы – 65 584, 2004 жылы – 68 319, 2005 жылы – 74 807, 2006 жылы – 66 731, 2007 жылы – 53 397 шетелдік Қа­зақ­стан азаматтарының санатын толық­тырды. Бұл жерде неге 2007 жылға дейінгі статистиканы келтіріп отырмыз? Одан кейін «оралмандардың» қатары күрт сұй­ыл­ды және сол бойы 50 мыңдық межеге жете алатын емес. 

Соңғы онжылдықтың статистикасын келтірсек, 2015 жылы – 16 581, 2016 жылы – 13 755, 2017 жылы – 15 595, 2018 жылы – 12 747, 2019 жылы – 12 255, 2020 жылы – 11 370, 2021 жылы – 11 039, 2022 жылы – 17 425, 2023 жылы – 25 387, 2024 жылы – 29 282 шетелдік азаматтығын қазақстандыққа ауыстырды. Осы деректерден кейінгі он­жыл­дықта көгілдір паспорттың иегері атанғысы келетіндердің саны екі еседей өскенін байқауға болады. Мұнда да үрдіс оң сипатта. 

Елді тартымды еткен не?

Ғажабы сол, тіпті дамыған елдердің азаматтары өз елдерін тәрк етіп, тұрақ­ты­лық аралына айналған Қазақстанның көгілдір паспортын кеудесіне басты. Тара­та айтқанда, 2024 жылы Америка Құрама Штаттарының – 133, Гер­мания­ның – 403, Оңтүстік Кореяның – 123, Грекияның – 21, Канаданың – 41 азаматы қазақстандық атанды. Израильдің 46 және Иранның 46 азаматы Қазақстанға түпкілікті көшіп келді. Биылғы әскери қақтығыстан соң олардың қатары өсуі де мүмкін. 

Былтырдан бастап, өзі мен ұрпағының болашағын тек Қазақстанмен байланыс­тырған азаматтарының саны артқан келесі елдердің ондығын да атап өтуге болады: Өзбекстанның – 12 140, Ресейдің – 7 984, Қытай­дың – 2 009, Моңғолияның – 1 271, Түрікменстанның – 1 123, Қырғызста­нның – 842, Тәжікстанның – 749, Түркия­ның – 527, Әзербайжанның – 403, Украи­на­ның – 373, Грузияның – 238 азаматы қа­зақстандыққа айналды. 

«Еуразиялық мониторинг» талдау зерттеулері орталығының сарапшылары Қазақстанда көші-қон процестері әлеу­меттік, экономикалық және геосаяси фак­торлар ықпалымен өзгеріп жатқанына екпін түсірді. 

– Бүгінде елдегі экономикалық және демографиялық теңгерімге тірек болған бірнеше басты үрдісті бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, ұзақ жыл бойы Қа­зақ­станнан жоғары білікті кадр шетелге қарқынды түрде, лек-лекпен кетті. Қазір олардың тапшылығы байқалады. Маман­дардың жетіспеушілігі оны шетелден алғызуға серпін берді. Әйткенмен, ел Үкі­меті шетелдік жұмыс қолының келуін тежеп отыр. Еңбек министрлігі жұмыс берушілер­дің шетелдік жұмыс күшін тар­туына бекітілген квотаны 2025 жылы ел­де­гі жалпы жұмыс күшінің 0,2%-ы мөл­шері­не дейін азайтты. Бұл шетелдік біл­ік­ті мамандарды Қазақстанды жерсініп, аза­маттық алуға икемдейді, – деді сарапшылар. 

Республикадағы көші-қонның екінші тың ерекшелігі сол, урбанизация күшейіп, халық ірі қалалар мен мегаполистерде шоғырлана бастады. 2025 жылғы 1 мау­сым­да қазақстандықтардың саны 20 370 672 адамға жетті. Ауылда 7 493 264 адам ғана қалды. Ал қала халқының саны 12 877 408-ге дейін өсті. Бұрынғы онжылдық­тарда елдің шамамен жартысы қалада, жартысы ауылда тұрса, шамалы уақыттан соң шаһар тұрғындарының саны ауыл­дықтардан екі есе асып түспек.

Бұл үрдіс қалалардың инфрақұрыл­ымының жүктемесін алапат көлемде арт­тырды. Оны күтіп ұстау және дамыту үшін маман қажет. Сондай-ақ сарапшы­лардың пайымдауынша, Қазақстанда кәсіпкерлікті қолдау жобалары, халықты солтүстік өңірлерге қайта қоныстандыру бағдарламасы да мемлекетті иммиграция үшін тартымды етеді. 

Түсіндіру жұмыстарын арттыру қажет

Бірақ проблема да жоқ емес. Тарихи Отан­ына оралған қандастар сол бұрын­ғыдай бейімделумен байланысты қиын­шылықтарға душар болады. «Сондықтан олар негізінен қазағы қалың тұратын, тіл­дік кедергі жоқ оңтүстік өңірлерде не­ме­се мұнайлы Маңғыстауда орнығып қалуға тырысады. Бұл өңірлік дисба­лансты ушықтырады. Өзге өңірлерде қандастар әлі күнге мәдени ерекшеліктер мен тілдік кедергі кесірінен жергілікті қоғамға инте­грациялануда қиындық көреді. Сондай-ақ солтүстік өңірлерге қоныстандыру қар­қыны төмен, ынта­лантыру-стимул шара­лары жеткіліксіз. Бұл мәселелерге Үкімет назар аударғаны жөн», – дейді «Еуразиялық мониторинг» мамандары.

Белгілі маркетолог Айсұлу Адам бір жайтты қаперге салды. Шетелдік қазақ­тардың көбі елге көшкісі келеді, алайда оны қалай жасауға болатынын, ең басты­сы – оның неге соқтыратынын білмейді. Далада қалмайтынына, баспанамен қамты­ла­тынына, жұмысқа тұратынына, балалар­ын мектеп пен балабақшаға орналастыра алатынына қатысты мемлекеттен белгілі бір кепілдіктер болғанын қалайды. 

Батыстың дамыған елдерінде, АҚШ, Германия, Франция, Дания және басқа­сында елге заңды кірген кез келген мигрант пен босқынға уақытша тұратын баспана ұсынылады, тегін тамақ үлестіріледі. Дәл сондай тегін болмағанымен, қолданыстағы әлі де болса олқы қолдау тетіктерін күшейту қажет. Және барлық мигрантқа емес, қан­дастарға тегеурінді мемлекеттік қолдау шара­лары болғаны абзал. Мысалы, Из­раиль Иранға қарсы шабуылы мен қысымы әрі қарай үдеуі мүмкін. 

– Иран қазақтары негізінен елдің сол­түс­тігіндегі Голестан останында (провин­циясында) жинақы тұрады. Басым көпші­лігі большевиктердің қуғын-сүргінінен қашып, түрікмен асып, қызылбас елін па­на­лаған. КСРО ыдырағаннан кейін олар­дың үлкен бөлігі атамекенге оралды. Кейбірі кейін кері қайтыпты. Бүгінде аймақта 10 мыңнан аса этникалық қазақ өмір сүреді. Бәрі қазақ және парсы тілдер­інде сөйлейді. 2007 жылдан бері қазақ­тар – экономикалық мигранттар негізінен Атырау, Маңғыстаудан қоныс аударып, ирандық Горган, Бандар-Торкаман, Гонбад-е-Кабус қалаларына орнықты. Оларды негізінен орысша сөйлеуінен ажыратуға болады, – деді А.Адам. 

Иранның ішіндегі және айналасындағы геосаяси ахуал күрделенген соң қазақтар, әсіресе жастар жағы өзге елдерге көше бастапты. Сарапшы олардың арасында Қа­зақстанның жауапты құрылымдары ешқандай жұмыс жүргізбейтінін, атажұртқа көшуге шақырмайтынын, соны қалайтын­дарға арманын қалай жүзеге асыруға бола­тынын түсіндірмейтінін, ақпарат аздығын айтады. Иран қазақтары кириллицада оқи алмайды, орысша түсінбейді. Атажұртты аңсаған қандастар араб әліпбиінде қазақша жазылған брошюраларға, хабарлама-түсініктемелерге зәру. Оралғысы келетін жергілікті жұртты мазалаған сұрақтарға жауап беретін Call-орталық немесе сайт ашылса, артық болмас еді.

Қалай болғанда, сарапшылардың тоқтамы бір арнада тоқайласады: Қазақ­станға көші-қонды басқарудың кешенді жаңа тәсілдемесі қажет-ақ. Тынышы кеткен әлемді жайлаған иммиграция, эми­гра­ция, ішкі көші-қон, урбанизация про­цестері жыл сайын ушыға түседі. Бұл мәселелер жаһандағы бірқатар мемлекетте, сон­ың ішінде дамыған елдерде ел басшы­лы­ғының, жетекші саяси күштердің ауысу­ына түрткі болды. 

Сондықтан Қазақстанды әрі қарай да тыныштық пен тұрақтылықтың құт мекені ретінде сақтау, адами капиталды жүйелі дамыту, халықты ұлан-байтақ Ұлы далада біркелкі орналастыру, еңбек адамдарының құқықтарын лайықты қорғау үшін Үкімет көші-қонды бақылау мен басқару тетік­терінің тиімділігін арттырып, жұмысын жетілдіргені маңызды. Онсыз Қазақстанда экономикалық кернеу және әлеуметтік сын-қатерлер туындауы бек мүмкін.

 

Айхан ШӘРІП