in

Мәртебелі мамандық иелерін марапаттады

– Міржақып Дулатұлы «Ха­лық­қа ең пайдалы адам – мұға­лім» деген. Мұғалім – әр азамат үшін өте қадірлі тұлға. Басқа сөз­бен айтқанда, мұғалім – әрбір ба­лаға өмір жолын көрсетеді. Ұс­таз – тәлім-тәрбие мен білім­нің қайнар көзі. Кез келген қо­ғам­ның кемелдігі, өркениеттілігі ұс­тазға деген қатынасымен өл­ше­неді. Ұстазын ұлықтаған елдің ұр­пағы саналы, болашағы жар­қын болары хақ. Себебі әр мұ­ға­лім­нің еңбегі – ерен, елі­міздің да­муына қосқан үлесі – орасан. Сон­дықтан бүгін мен білім беру са­ласында еңбек етіп жүрген бар­ша азаматқа шынайы риза­шы­­лығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы озық ой­лы ұлт болу үшін ең алдымен, бі­лім-ғылымның дамуына баса мән беруіміз керек деп санайды.

– Соңғы бес жылда елімізде осы бағытта көп жұмыс істелді. Білім саласына бөлінетін қаржы үш есе артты. 1 200 жаңа мектеп ашыл­ды. «Келешек мектептері» ұлт­тық жобасы жүзеге асырылып жа­тыр. Осы жоба бойынша за­ман талабына сай 150 білім оша­ғы салынды. Сондай-ақ осындай 67 мектептің құрылысы жүріп жа­тыр. Балалардың сапалы білім алуына қажетті барлық жағдай жа­салуда. Бұл деректі халық білуі ке­рек, себебі мемлекет жас ұр­пақ­тың біліміне және ұстаздар­дың жағдайына баса назар ау­да­рып жатыр. Біз педагогтердің мәр­­­­тебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шараларды қолға алдық. Арнайы заң қабылдадық. Бүгінде ұстаз­дар­дың жалақысы 2 есе өсті, – де­ді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз болу нағыз білікті, дарынды, ше­бер маманның ғана қолынан ке­­­­летінін айтты. Президент мұ­ға­­лімнің еңбегі соған сай лайық­ты бағалануға тиіс екеніне тоқ­тал­ды. Оның сөзінше, қазір білім на­рығында бәсеке күшейді, көп­теген жастарымыз ұстаз болу­ға ұмтылып жатыр. Әсіресе, мек­теп­ті «Алтын белгімен» бітірген түлектердің арасында мұғалімдік жолын таңдағандар көп. Бұл – өте жақсы үрдіс. Мемлекет мұн­дай азаматтарды әрдайым қол­дай­ды. Биыл мұғалімдер даярлау үшін 13 мыңнан астам грант бө­лінді. Бұл – еліміздегі барлық грант­тың бестен біріне жуығы де­ген сөз. Жалпы, білім беру са­ла­сында жүйелі жұмыс істеліп жа­тыр, нәтижесі де жақсы деп ай­туға болады. Мысалы, был­тыр­дан бері мыңнан астам оқу­шы түрлі пәннен халықаралық білім сайысында жеңімпаз атан­ды. Бұл – ұстаздардың белсенді жұ­мысының жемісі, дарынды жас­тардың табанды еңбегінің нә­ти­жесі.

Осы орайда Президент тамыз айында олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Ақордаға шақырып, арнайы сертификаттар табыстағанын және бұл дәстүр жалғаса беретінін жеткізді. Мемлекет басшысы ел жастарына зор үміт артып, өскелең ұрпақтың ертеңіне үлкен сеніммен қарайтынын айтты.

– Қазіргідей құбылмалы заманда сапалы біліммен қатар, саналы тәрбиенің маңызы ерекше. Біз осы мәселеге баса назар аударуымыз керек. Бұл іске мемлекет те, мектеп те, отбасы да бірдей атсалысуы қажет. Биылдан бастап барлық мектептің оқыту үдерісіне «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіліп жатыр. Басты мақсат – жас ұрпақтың санасына жалпыұлттық құндылықтарды сіңіру, оларды отаншыл рухта тәрбиелеу. Қазір бүкіл халық «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыруға қомақты үлес қосып, осы маңызды жұмысқа белсенді түрде атсалысуда. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы – жай науқан емес, бұл – мән-мағынасы терең, еліміздің болашағына тікелей қатысы бар жұмыс. Сондықтан мен барлық мұғалімдер қауымына осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлт сапасының мықты болуына әсер етеді. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар. Мен Тамыз конференциясында білім беру ісіне қатысты бірқатар өзекті мәселеге арнайы тоқталдым. Үкіметке нақты тапсырмалар бердім. Оқу-ағарту министрлігі барлық жұмысты уақытылы әрі сапалы орындауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс болатынын атап өтіп, заман талабына сай дамыған, озық ел болуға үндеп, білім беру ісіндегі цифрландыру мәселесіне назар аударды.

– Цифрландыру және жасанды интеллект технологиясы – қазіргі заманның ақиқаты. Сол себепті мен биылғы халыққа Жолдауымды осы өзекті мәселеге арнадым. Цифрлық сауаттылықты балаларға мектептен бастап үйреткен дұрыс. Оқушылар озық технологияны оқуда тиімді пайдалана білгені жөн. Бұл – ұстаздарға да қатысты мәселе. Мұғалімдер заманауи дағдыларды жетік меңгеруі қажет. Жасанды интеллектіні білім саласында кеңінен пайдаланған абзал. Цифрлық ел болу – бір күннің шаруасы емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – мектептен бастап түбегейлі жаңа тәсілмен жұмыс істеу деген сөз. Сіздер, құрметті ұстаздар, осы маңызды миссияны жүзеге асыруға атсалысып, белсене жұмыс істейсіздер деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мемлекеттік саясатында «Заң және тәртіп» қағидасы үстемдік құратынын жеткізіп, оны жүйелі жүзеге асыру нәтиже бере бастағанына тоқталды.

– 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзу­шылықтың саны екі есе қысқарды. Уәкілетті органдар бұл бағыттағы кешенді жұмысты жалғас­тыруы керек. Қоғамда жоғары құқықтық мәдениет қалыптастыруда Оқу-ағарту министрлігі мен педагогтер айрықша рөл атқарады. Себебі әділдік, заң және тәртіп қағидаттары мектеп партасынан бастап орнығуы қажет. Осылай ғана біз өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуын қамтамасыз етіп, шын мәнінде Қауіпсіз, Қуатты және Әділетті Қазақстанды құра аламыз, – деді Президент.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына қосқан елеулі үлесі және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ ұстазды мемлекеттік наградамен марапаттады. Президент қолынан мектеп мұғалімдерімен бірге колледж және жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар да марапат алды.