in

Саяси институттар құндылықтарға негізделеді

Бұл кездейсоқ емес. Өйткені тарих көрсеткендей, мемлекеттің беріктігі тек институттардың санына немесе заңдардың күрделілігіне емес, сол институттарды тірі ететін құндылықтар негізіне тікелей байланысты.

V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сө­зінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті мемлекет – ең алдымен әділетті санаға сүйенген мемлекет» деп атап өтті. Бұл – бүгінгі саяси реформа­лардың түпкі философиясын ашып беретін тұжырым. Заң үстемдігі тек қа­ғазда емес, санада орныққанда ғана мемлекет пен қоғам арасында шынайы сенім қалыптасады.

«Құндылықтарға негізделген Конс­титуция құру керек», – деп айтып жүрміз. Сонда біз шынымен де ұлттық құн­дылықтардан ажырап қалдық па? Мен «ажырап қалдық» деп кесіп айтудан гөрі, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік институттардың арасындағы байланыс әлсіреді дер едім. Президент «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Заң үстемдігі тек қағазда емес, санада орнығуға тиіс» деп өте дәл айтты. Бұл – мәселенің өзегін дөп басқан сөз.

Кейінгі онжылдықтарда біз инсти­туционалдық реформаларға көбірек мән бердік. Заң қабылдадық, құрылымдар құрдық, басқару модельдерін өзгерттік. Бірақ сол институттарды өміршең ететін моральдық-этикалық негіз екінші қа­тарға ысырылды. Нәтижесінде, заң бар, бірақ әділет сезілмейді; норма бар, бірақ сенім әлсіреді. Әлеуметтанулық зерт­теу­лерге сүйенсек, посткеңестік кеңістікте азаматтардың мемлекеттік институттарға сенім деңгейі орта есеппен 30-40 пайыз­дан аспайды. Бұл – құндылық пен инс­титут арасындағы алшақтықтың нақты көрінісі.

Конституция – құқықтық құжат қана емес, моральдық келісім

Әлемдік тәжірибеге қарасақ, ең тұ­рақты мемлекеттер Конституцияны тек құқықтық акт ретінде емес, қоғамдық ке­лісімнің моральдық негізі ретінде қа­былдайды. Германияның Негізгі заңында адам қадір-қасиеті «бұзылмайтын құн­дылық» деп бірінші бапта бекітілген. Бұл қағида неміс саяси мәдениетінің өзегіне айналды. Скандинавиялық елдерде Конс­титуция мемлекеттің азамат ал­дын­дағы жауапкершілігін де айқындайды. Мысалы, Финляндия Конституциясында мемлекеттің басты мақсаты азаматтың әлеуетін толық ашуға жағдай жасау деп көрсетілген. Соның нәтижесінде Фин­ляндия бірнеше жыл қатарынан әлемдегі ең бақытты ел атанып келеді.

Президенттің «Жаңа Конституция жазғанмен пара-пар өзгерістер» туралы айтуы да бекер емес. Бұл – форманы емес, мазмұнды өзгерту қажеттігін біл­діреді. Конституциялық комиссия, ең алдымен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілікке, адам мен мемлекеттің арақатынасына, жергі­лікті басқарудың дербестігіне, есептілік пен ашықтық тетіктеріне мән беруге тиіс.

Парламенттік реформа және саяси мәдениет

Президент ұсынған парламенттік реформа – еліміздің саяси дамуындағы маңызды кезең. Бірақ Парламенттің өкі­леттігін кеңейту оның автоматты түрде тәуелсіз саяси субъектке айналатынын білдірмейді. Тәуелсіздік – тек заңмен берілмейді, ол саяси мәдениетпен қалып­тасады. Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы осыны ай­қын көрсетеді.

Әлемдік тәжірибеде парламенті, шын мәнінде, ықпалды елдерде депутаттар Үкіметті жасақтауға, бақылауға және қа­жет жағдайда таратып жіберуге нақты ықпал етеді. Ұлыбританияда Үкімет ап­тасына бір рет парламент алдында есеп береді – бұл саяси дәстүрге айналған. Қазақстанда да Парламенттің күші Үкі­метпен шынайы пікірталас орнаған кезде ғана сезіледі.

Жаңа Парламент – жаңа жауапкершілік

Президенттің «Парламентте нағыз отаншыл, білікті азаматтар отыруға тиіс» деген сөзі – үлкен талап. Отаншылдық – ұран емес, кәсіби адалдық пен жауап­кершілік. Жаңа Парламент эмоциямен емес, дерекпен сөйлейтін, қысқамерзімді танымалдықты емес, ұзақмерзімді ұлттық мүддені ойлайтын орган болуы керек.

Дамыған елдерде парламент мүше­лерінің басым бөлігі – нақты салада тә­жірибесі бар адамдар. Канада парламен­тінде дәрігерлер, экономистер, мұ­ға­лімдер, жергілікті басқару саласынан шыққан мамандар көп. Бұл қабыл­дана­тын заңдардың өміршең болуына әсер етеді. Қазақстанға да қоғам сұранысын түсінетін, өңірді білетін, бюджетті сара­лайтын, әлеуметтік саясаттың салдарын болжай алатын депутаттар қажет.

Мемлекетшілдік – популизмнен бас тарту

Президенттің «Мен – мемлекет­шіл­мін» деген сөзі бүгінгі кезеңде айрықша мәнге ие. Мемлекетшілдік – популиз­м­нен бас тарту, қысқамерзімді ұпай үшін емес, ұзақмерзімді болашақ үшін жұмыс істеу. Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бү­гіншіл, менікі ертең үшін» деген сөзі осы реформалардың рухымен үндес.

Бұл саяси реформалардан біз тез нә­тиже емес, дұрыс бағыт күтуіміз керек. Президенттің өзі айтқандай, реформа – марафон. Ең басты нәтиже – мемлекет пен азамат арасындағы сенімнің қалпына келуі. «Бізді естиді», «біздің сұраныс би­лік назарында» деген сезім пайда болған жерде қоғам да, мемлекет те нығаяды.

Қорытындылай айтқанда, мемлекетті ұстап тұрған – тек институттар мен ере­желер емес. Оны ұстап тұрған – құнды­лықтар, әділетке деген сенім және мем­лекетшіл жауапкершілік. Ұлттық құ­­рыл­­тай Қазақстанның дәл осы жолды таңдағанын көрсетті. Бұл – тарихи мүм­кіндік. Оны қалай пайдаланамыз – біздің саяси мәдениетімізге, ортақ санамызға және жауапкершілігімізге байланысты.

Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,

Парламент  Сенатының депутаты,

Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары