in

Су басу қаупінің алдын алу: Алматыда коммуналдық және ТЖ қызметі күшейтілген режимге көшті

Алматыда жауын-шашын күтілуде. Осыған байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметі дайындық режиміне көшті, деп хабарлайды astana24.com Almaty Joly-на сілтеме жасап.

"Қазгидромет" РМК болжамы бойынша, 1 қазанда сағат 18:00-ден кейін Алматыда қарқыны 1-2 мм болатын аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. 2 қазанға қараған түні және сағат 09:00-ге дейін кей уақытта қарқыны 2-4 мм жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді.

Кей жерлерде су жиналып, су басу қаупінің алдын алу және қажет болған жағдайда оның салдарын жедел жою үшін құрамында 416 жол жұмысшысы бар 70 жедел бригада кезекшілікке шықты. 252 арнайы техника, 48 мотопомпа және 18 ассенизаторлық машина дайын тұр. Ассенизаторлық машиналар су басуы мүмкін учаскелерге алдын ала орналастырылды. Сонымен қатар 2,4 мың құм салынған қап дайындалды.

Жауын-шашын кезеңінде қала қызметтерінің кезекшілігі күшейтілді. Алматы қаласының Құтқару қызметі бір ассенизаторлық машина мен 15 мотопомпа дайындады. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан 240 адам, 53 арнайы техника және 54 мотопомпа жұмылдырылады.

Жаңбыр жауатын кезеңге арнайы жасақталған күштерден бөлек, коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмысын жалғастырады. Күн сайын 3 080 жол саласы жұмысшысы мен 1 225 арнайы техника жұмысқа шығады. Оның ішінде "Алматы Тазалық" МКК 2 015 жұмысшы мен 767 техниканың, ал жеке мердігер ұйымдар 1 065 жұмысшы мен 458 техниканың жұмысқа шығуын қамтамасыз етеді.

Кезекші бригадалар су жиналуы мүмкін учаскелерді бақылауда ұстайды. Қажет болған жағдайда суды сорып шығару және жергілікті жерлерді су басудың алдын алуға бағытталған басқа да жұмыстар жедел жүргізіледі.