in

Тіске тимеген қаржы енді «түске кіреді»

Қаржылық мониторинг агенттігі жалған стоматологиялық клиникалардың басшыларына іздеу жариялады. Олардың қайда тығылып жүргені туралы хабар берген адамдарға ҚМА сыйақы мен анонимділікке кепілдік беретінін мәлімдеді. Сөйтіп, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару схемасын жолға қойған топтарға қатысты қыркүйекте басталған шаралар әлі жалғасып жатыр.

Тәртіп сақшысынан «ақша жымқырушыға» айналды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын алдап соқты деген айып та­ғып, құзырлы орган ізіне шам алып түс­кен күдіктілер – кілең жастар. Ара­сын­да 33 жасар экс-полицей де бар. 

– Қаржылық мониторинг агенттігі жал­ған стоматологиялық клини­ка­лар­­дың иелерін іздестіріп жатыр. Бұлар – Аслан Қамбарұлы Дүйсенов, 01.04.1992 жы­лы туған, Ғаббас Иман­баев, 18.05.1998 жылы туған, Есімхан Баян­­дыұлы Елешев, 11.09.1987 жылы ту­ған. Атал­ған азаматтар 46 млрд тең­ге­ден ас­там қаражатты БЖЗҚ-дан заң­сыз шы­ғару мақсатында қылмыс­тық схе­ма­лар­ды ұйымдастырды деген кү­дікке ілін­ді, – деп мәлімдеді агент­тік.

ҚМА дерегіне жүгінсек, бұл мақсатта тіс емдеу қызметі көрсетілді деп жалған ме­­дициналық құжаттарды рәсімдеген. Олар Маңғыстау және Атырау облыс­та­­рын­дағы 7 тіс клиникасын қарау мақ­­са­тына пайдаланған-мыс. Аталған ме­­ке­мелер іс жүзінде ешқандай ме­ди­ци­налық қыз­мет көрсетпепті. А.Дүй­се­новке, Ғ.Иман­баевқа және Е.Елеу­шев­ке қатысты бұл­тартпау шарасы ретінде сырт­тай «қа­мауға алу» шарасы қолда­ныл­ды. Тиісінше, қол­ға түсе сала, біле­гіне кісен сарт етеді. 

– Айыпталушылардың бірі – А.Дүй­се­нов бұрын полиция қызметкері бол­ған, алай­да теріс себептермен жұмыстан қуыл­­ған. 2016 жылы ол Қылмыстық ко­де­кстің «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жет­кізу» ата­латын 105-бабы және «Қыз­меттік өкі­лет­тіктерін асыра пай­да­ланудың» 362-ба­бы бойынша ауыр қыл­мыс жасағаны үшін 5 жылға соттал­ған. Іздеуде жүрген тұл­ға­лар­дың орна­лас­қан жері туралы қандай да бір ақпа­рат білсеңіз, бізге хабар­лауыңыз­ды сұ­рай­мыз: кезекші бөлім +7 (7172) 70 84 78 немесе Call-center: 1458. Сыйа­қы мен ано­нимділікке кепілдік бері­леді, – деді Қаржылық мониторинг агент­тігінің өкіл­дері.

Сарапшылар «стоматологиялық» алаяқ­тықты тексеруге құзырлы органдардың біраздан дайындалғанына на­зар аудартады. Іздеу жариялап, ха­лық­тан көмек сұрайтындай халге қалай жет­ке­ні, күдіктілердің елден тайып тұруына, қа­шып құтылуына кімнің жол бергені бел­гісіз.

Алдымен, 9 қыркүйекте Ақордада Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қа­былдауына кірген Қаржылық мони­торинг агенттігінің төрағасы Жанат Эли­ма­нов ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қи­мыл бойынша қабылданған шаралар жө­­нінде баяндады. ҚМА басшысы БЖЗҚ-дан жалған стоматологиялық қыз­мет көрсету арқылы 200 млрд теңгені заң­сыз шығару фактілері анықталғанын жария етті. 

Ізінше, қыркүйек айының ортасында жергілікті ақпарат құралдары Атырауға елордадан құзырлы органдардың топтары сау ете қалғанын және олар жете сала, кеңауқымды тінту және тұтқындау шара­ларын бастағанын, сол себепті қаланың уақытша қамау изоляторлары аузы-мұр­нынан шыға толғанын хабарлады.

«Қамайтын орын қалалық полиция бө­лімінде де, сондай-ақ облыстық депар­таментте де жетпей қалды. Сондықтан қолдарына кісен салынған адамдарды алыс аудандарға және тіпті тірек пункт­теріне дейін жіберіп, таратуға тура келіп жатыр. Стоматологтер ісі бойынша ұстал­ғандардың саны 50-ге жуықтады. Істер бойынша өтетіндердің бір бөлігін елден кетпеу туралы қолхат алып, еркін­дікке жіберген», – деп жазды жергілікті «Ақ Жайық» газеті. 

15 қыркүйектен жергілікті соттар ұстал­ғандарға бұлтартпау санкциясын бел­гілеу туралы істерді қарауға кірісті. Кү­дікке іліккендердің оншақтысы тергеу оқшаулағышына қамалады, қалғаны үй қа­мағына жабылды, белгілі бір шек­теу­лер­ді белгілейтін қолхатпен босатылды. Жур­налистер жергілікті Экономикалық тер­геулер департаментінің аумағында да жағ­дай күрделі екенін хабарлады: авто­тұ­р­а­ғы қылмыстық іс аясында алып қойыл­­ған түрлі көлікке толды. 

ҚМА зейнетақы салымшыларының ақ­шасына күдіктілер сатып алған және іс ая­сында алып қойылған 15 қымбат ав­токөлікті көрсетті. Жалпы құны 600 млн тең­геден асатын «темір тұлпарлардың» ішін­де сән-салтанатты «сәйгүліктер» – Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade бар. Мұның сыртында тергеушілер күдік­тілердің үйлерінде, пәтерлерінде, кеңсе­лерінде, оларға қарасты басқа нысандарда тінту жүргізді. Олардың сатып алған зер­герлік бұйымдарын, коммерциялық ны­сандарын, пәтерлері мен жер телімдерін уақы­тша тәркіледі.

Қаржылық мониторинг агенттігі про­куратураның үйлестіруімен Атырау облы­сын­да ауқымды жедел-тергеу іс-шара­ла­рын жүргізгені туралы хабардар етті. Атап айтқанда, азаматтарға «Бірыңғай жинақ­тау­шы зейнетақы қоры» АҚ-ынан қара­жат­ты шешіп алуына заңсыз жәрдем көр­сеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әш­керленді.

– Ол үшін ұйымдастырушылар жалған құ­жаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңі­рінде – Атырау, Астана, Алматы, Шым­кент, Ақтау және басқа қалаларында орн­алас­қан 30-дан астам стоматологиялық кли­ни­каларды пайдаланған. Оның біразы – қа­ғазда бар, іс жүзінде жоқ, халыққа еш­қан­дай қызмет көрсетпеген жалған кли­ни­ка­лар. Олардың ғимараттары да, жабдық­тары да, білікті қызметкерлері де болма­ған. Кли­никалардың басшылары мен құрыл­тайшыларының медициналық бі­лімі де жоқ, – деп түсіндірді агенттік ма­ман­дары. 

Шын мұқтаждар зардап шекпей ме?

Талдау көрсеткендей, 222,61 млрд тең­ге зейнетақы жинағы елдегі не­бәрі 20 стоматологиялық клиникаға түс­кен. Бұл клиникалардың жартысы Аты­рауда, қалғаны Алматы мен Астанада ор­наласқан. Белгілі болғандай, жалғыз ға­на Атырауда орналасқан клиникалардың біреуіне азаматтар зейнетақы жинақ­тары­нан 22,9 млрд теңге аударды. Клиенттердің бірі БЖЗҚ-дағы жинағын 11 рет тіс ем­деуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы – 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тә­жін орнату құны 500 мың теңге деп есеп­телсе, ол 65 имплант қоюға жетерлік қа­ра­жат алған. 

Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсапты. Бұл қаражат «От­басы бан­кінен» бірден стоматологияға ау­дарыл­ған. Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының арты­ғын пайда­лануға 27 рет өтініш беріп, 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түпкір-түп­кірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдады.

Қарағанды тұрғыны Сергей Волков (тегі өзгертілді) алаяқтардың өзі қоңырау соқ­қанын айтады: «Бірде маған бір кісі хабар­ласты. Қорда сыбайластары бар ма, әлде ай­налма жолдармен алды ма, БЖЗҚ-да жет­кіліктілік шегінен асатын 6 миллион теңгедей жинағым барын біледі екен. «Бұл бос жатқан ақшаңызды шығарып алғыңыз кел­мей ме?» деді. Оны қалай жасауға бо­латы­нын сұрастырдым. Стоматологиялық қыз­меттер арқылы жасалады екен», – деді Сергей.

Телефонның ар жағындағы адам, мы­салы, Израиль, Корея, АҚШ, Герма­ния­ның әлемдік брендтерінің имплан­тант­та­рын құжат жүзінде «салып» беретінін, про­тездеу жүргізетінін жеткізген. Басқа ем­деуі бар, жалпы сомасын 6 миллионға жет­кізбек. «Ол ақшаның 30%-ын өздері ала­ды, қалғанын маған береді. Ойласа ке­ле бас тарттым. 180 мың теңгемді әлде­кім­ге ұстата салғым келмеді», – дейді қара­ғандылық. 

Оның айтуынша, схема келесідей бол­ған: біріншіден, азамат біржолғы зей­не­тақы төлемін стоматологиялық қызметті тұ­тыну мақсатында пайдалану үшін «От­басы банкіне» электронды өтініш беріп, ЭЦҚ-сымен қол қояды. Екіншіден, БЖЗҚ өтініш негізінде 5 күнде төлемді аза­маттың «Отбасы банкіндегі» арнайы шо­тына аударады. 

Үшіншіден, қаржы түсе салысымен, жал­ған немесе сыбайлас «тіс клиникасы» ол азаматтың аузы «толған проблема» еке­ні әшкереленгенін жазып, қаптаған диаг­ноз қойып, қандай ем түрлері қажет еке­нін, әрине, ең қымбаттарын көрсетіп, құ­жаттар береді. Төртіншіден, сол құ­жаттар негізінде азаматтың тіркелген ем­ханасы дәрігерлік-консультациялық ко­миссияның төлем есебінен емдеуді құп­таған қорытындысын және бағыт­та­масын береді. Бесіншіден, комиссияның оң қорытындысы негізінде стома­то­ло­гия­лық клиника азаматпен келісімшарт бе­кітеді. 

Міне, осы келісімшарт пен ко­мис­сия қорытындысы enpf-otbasy.kz платформасына жүктеледі. 5 күн ішінде аза­маттың құжаттарының толықтығын бір тексерген «Отбасы банк» оның арнайы шо­тындағы миллиондарын келісімшартта көр­сетілген реквизиттер бойынша меди­ци­налық ұйымның банктегі шотына ау­дарады. 

Жалпы, Сергей әлдебір қомағай, пай­­да­күнем делдалға кезіксе керек. Се­бебі Қар­жылық мониторинг агенттігі ма­ман­дары­ның әңгімелеуінше, алаяқ­тыққа бар­ған клиникалар осы жалған ме­ди­ци­налық құжаттың бәрін рәсім­де­гені үшін азаматтардан алған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгісін ғана сыйа­қысы ретінде ұстап қалып, ақшаның қалған 80-90 пайы­зын қолма-қол ақша тү­рінде жинақ иелеріне қайтарып отыр­ған. 

Қор мен банктен электронды күйде түс­кен ақшаны шытырлаған банкноттарға ай­налдыру үшін қылмыстық топтар 226 «дропперді» пайдаланыпты. Жалпы, ҚМА 200 миллиардтан астам қаржы қордың ай­налымынан шығарылғанын жеткізді. Сон­дықтан бүгінде қылмыстық жолмен алын­ған мүлікті іздестіру жалғасты.

Сонымен бірге Қаржылық мони­то­ринг агенттігі тергеу барысында тек зей­не­­тақы активтерін заңсыз шығару схема­сын ұйымдастырушылардың ғана әре­кет­теріне құқықтық баға берілетініне, ал осын­дай жолмен өзінің зейнетақы қара­жатын шешіп алған азаматтар қылмыстық жазаға тартылмайтынына уәде етті. Өйт­кені олар бөгденің емес, өзінің қордағы қаржысын алды. 

Тіс клиникалары айналасындағы дау-жанжалдың кесірі өзгелерге тиді. Қазақ­станда тісті емдету удай қымбат – имп­лан­тация, протездеу, тәж-коронка сал­ғызу, көпір-мост бекіту және басқа қыз­меттер бірнеше миллион теңгеге түседі. Мы­салы, дамыған елдерде тұрғындар осы­ның бәрін медсақтандыру есебінен ала­ды. Ал Қазақстанда халық пен биз­нес­тен миллиардтап қаржы жинайтын МӘСҚ медициналық сақтандырылған адам­дарға да бұл істе еш көмектеспейді. 

Салдарынан, шынымен бос жатқан зей­нетақы жинағына тісін емдеткісі ке­летін адамдар аңырап қалды. Алаяқтық жағ­дайлардың болуына байланысты Үкі­метте Денсаулық сақтау, Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау, Қаржы ми­нистр­ліктерінің және Қаржылық мони­торинг агенттігінің қатысуымен бірқатар жиын өткізілді. Оның нәтижесінде, 2025 жылдың 15 қыркүйегінен 2026 жылдың 15 сәуіріне дейін enpf-otbasy.kz платфор­масында тіс емдеуге өтініш қабылдау уа­қыт­ша тоқтатылды. Осы күнге дейін бе­ріл­ген өтініштер әдеттегі тәртіппен қа­ра­лады. Артынша, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі біржолғы зейнетақы төлемдерін осы қызметке пайдаланудан мүлдем бас тартуды қарастыратын жаңа бұйрық жо­басын әзірледі. 

БЖЗҚ-ның 2025 жылғы 1 қазандағы дере­гінше, зейнетақы жинақтарын сто­матологиялық қызметтерге пайдалануға 2021 жылдан бері 1 022 978 қазақстандық өтініш беріпті. Олардың арнайы шотына 932 млрд 144 миллион теңге аударылды. Со­ның ішінен 134 420 азамат түскен ақ­ша­ны түрлі себеппен тіс емдетуге жұмсай алмапты. Тиісінше, олардың 88 млрд 522 млн теңгесі БЖЗҚ-ға кері оралды. 

Қалай болғанда, кезекті рет алаяқтарға те­геурінді тосқауыл қоя алмаған шенеу­нік­тер сол үшін бүкіл халықты игіліктен айы­рып отыр. Мысалы, осының алдында Еңбек министрлігі бір топ жас босанған әйелді «МӘСҚ қорынан жалған құжатпен миллиондап төлемақыны заңсыз алды» деп айыптап, барлық ананы жаппай жа­залауға шешім қабылдады: бұдан былай бірде бір әйел, қанша жерден мол табыс тауып, жүздеген мың жарна аударса да, Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған миллион теңге лайықты төле­ма­қы­сын төлемейтін болды. 

Елдос СЕНБАЙ