Жалпы Шығыс Қазақстан облысында былтырғы 12 айда халықтың көші-қоны бойынша 4 323 мың адамдық теріс сальдо қалыптасты. Яғни, келушілерден кетушілер басым болды деген сөз. Облыс ішінде де урбанизация процестері байқалып отыр. 5 мыңнан астам адам тұрғылықты жерінен қалаға көшті. Бұл жағдай шекара маңындағы аудандарға ерекше назар аударуды қажет етеді. Аталған аудандардан халықтың көшіп кетуін тоқтату үшін бірқатар шара қабылдап, жүзеге асырылып жатыр. Мұндай шаралардың қатарына оңтүстіктен солтүстікке халықты көшіру бағдарламасы кіреді. Сонымен қатар облыста қабылданып, жұмыс істеп тұрған өңірлік «Шығыс шақырады» бағдарламасы да аталған стратегиялық мақсатпен үйлесетін бастама.
Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, 2017-2025 жылдар аралығында облысқа 2 209 отбасы, яғни 6 290 адам көшіп келді. Олардың 3 320-ы еліміздің өзге өңірлерінен қоныс аударушылар болса, 2 440-ы – шетелдерден көшіп келген қандастарымыз. Соның ішінде 1 784 адам немесе 570 отбасы Қытай Халық Республикасымен шек-аралас аудандарға қоныстанды. Шырайлы Шығысқа келген азаматтардың көбі еңбек етіп, тұрмыстарын түзеп, аймақтың дамуына үлес қосып жатыр. Дегенмен қоныс аударған азаматтардың 20%-ы әртүрлі себептермен шыққан өңірлеріне қайта оралды.
2025 жылға 641 адамды қабылдауға квота бекітілді, оның ішінде 269 қандасты, жұмыс күші артық өңірлерден 372 қоныс аударушыны қабылдау жоспарланған болатын.
Жыл қорытындысы бойынша, облысымызға 794 адам көшіп келді. Олардың 269-ы қандас болса, 525-і – қоныс аударушы. Облысқа көшіп келген азаматтар ішінде жоғары білімді 82 адам, арнаулы орта білімді 110 адам, орта білімді 143 адам бар. Еңбекке жарамды 335 азаматтың 195-і жұмысқа орналастырылды. Бұл – қоныс аударушылардың ішіндегі еңбекке қабілетті азаматтардың 58%-ы.
2025 жылы көші-қон, тұрғын үйді жалға алу шығындарын өтеу және экономикалық ұтқырлық сертификаттарын қоса алғанда, жалпы сомасы 496 млн теңгеге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді.
2025-2029 жылдар аралығында еңбек нарығының кадрларға деген қажеттілігі 15 мыңнан астам адамды құрайды. Биыл облыста құрылыс, электр қуатымен қамтамасыз ету, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, білім беру, өңдеу өнеркәсібі, денсаулық сақтау, көлік және қойма, әлеуметтік қамсыздандыру тәрізді экономиканың басым секторларына 4 мың жұмыс күші қажет болып отыр.
Бұл ретте еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, ерікті қоныс аударуды ынталандыру, кәсіпкерлікті дамыту және шекара шебіндегі аудандардың жастарын кәсіби тұрғыда даярлау, халық санын көбейту мақсатында бірқатар жұмыс жүргізілді. Осыған орай, қоныс аудару бағдарламасына қатысушылардың ішінде қаладан ауылға көшіп келген отбасылардың кәсіпкерлік бастамаларын жандандыру мақсатында жергілікті бюджеттен қайтарымсыз гранттар беру ұсынылады.
Бұл гранттар жол бойындағы сервиске, туризмге, қонақүй шаруашылығына, өндірістік қызметке байланысты бизнесті ашуға берілмек. 2026 жылы 65 млн теңгеге 20 грант беруге мүмкіндік бар.
Шекара маңындағы аудандарда білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы және нақты сектордағы бос жұмыс орындарына жоғары білікті кадрларды тарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Бұл ретте тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген пайыз мөлшерлемемен ипотекалық несие беруді көздейтін «Шығыс маманы» пилоттық жобасы енгізілді. Пилоттық жоба шеңберінде несиелеу мерзімі 120 айға дейін, ипотекалық қарыз жылдық 5% мөлшерлемемен белгіленді. Бастапқы жарна ретінде 7 млн теңгеге экономикалық мобильдік ұтқырлық сертификаты беріледі. Бүгінде пилоттық жобаға жергілікті бюджеттен 100 млн тенге қарастырылған.
Ауылға көшіп келушілерге бұрын қолданыста болған үйлерді қайта жөндеп, оларды сатып алуға жағдай жасау қажет. Осыған байланысты бағдарлама негізінде «Құтты өңір» жобасы ұсынылды. Жоба шеңберінде ауылдағы бос үйлерді бюджеттен тыс қаражат есебінен жөндеп, көшіп келушілерге сатуға әзірлеу көзделген.
Жоба жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде аталған жоба Марқакөл ауданында қарқынды іске асырылып келеді. Бауыржан Жауғашаров есімді кәсіпкердің қолдауымен 5 үй қайта жөндеуден өткізіліп, көшіп келген отбасыларға берілді.
Ауылдардан, әсіресе шекара маңындағы аудандардан халықтың көшіп кету мәселесін шешу мақсатындағы тағы бір бастама – мектеп түлектерін жоғары білім алғаннан кейін туған ауылына қайта оралып, жұмысқа тұруларына ынталандыру. Білім саласын айтар болсақ, облыс бойынша 344 шағын мектеп бар, оның ішінде шекара маңындағы аудандарда 95 мектеп орналасқан. Бұл облыстағы шағын мектептердің жалпы санының 28%-ын құрайды.
Шекаралас аудандардағы 57 мектепте оқушылар саны жеткіліксіз болып тұр, бұл болашақта мектеп мәртебесінің төмендеуіне және халықтың көшіп кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланысты, ауыл мектептерінің жастары қатарынан жоғары оқу орындарында сұранысқа ие мамаңдарды даярлау үшін білім беру гранттарын бөлу жөніндегі жоба әзірленді. Жоба аясында әр грант алушыға 800 АЕК көлемінде қаржы қарастырылған. Қойылатын басты талап – оқуды аяқтағаннан кейін ауылда 5 жыл жұмыс істеу. Осы жобамен қатар «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламалары іске асырылады.
Жергілікті бюджет тарапынан қарастырылған көмектен басқа қосымша республика көлемінде де оңтүстіктен солтүстікке көшкен азаматтарға қолдау шаралары да бар. Ең бастысы, ол – 7 млн теңге көлемінде қарастырылған баспана сатып алуға арналған сертификат. Жол шығындарын өтеуге отбасы мүшесінің әрқайсысына 70 АЕК мөлшерінде (302 750 теңге) қаржы көзделген. Баспана алмай, жалдап тұрушыларға 12 ай көлемінде субсидия қарастырылған. Отбасы санына байланысты қалаларда 20 АЕК ауылдарда 15 АЕК көлемінде қаржы беріледі.
2026 жылы өңірге 800 адамды, оның ішінде 200 қандас және 600 қоныс аударушыны қоныстандыру жоспарланып отыр. Қоныс аударушыларды бейімдеу процестерін цифрландыру – негізгі бағыттың бірі. Облыста қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялау бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру туралы шарт аясында тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жұмыстың орындалу барысы FSMSocial мобильді қосымшасында көрсетіледі. Облысқа келген қоныс аударушылар мен қандастардың жеке деректерін мобильді қосымшаның базасына енгізу, көрсетілген қызметтер бойынша фото және бейнефиксациямен есеп жүргізу, әрбір көрсетілген қызметке қатысты растайтын құжаттарды жүктеу бағытында күн сайын жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Әр отбасымен жеке жұмыс жүргізіліп, көрсетілуге тиіс қажетті қызмет түрлері анықталады. Сонымен қатар қоныс аударушылар мен қандастарды цифрландыру жұмыстары қолға алынған.
Қоныс аударушылардың жұмыспен қамтылуын және еңбек қызметін бақылауға, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасауға, туындайтын әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешуге ерекше назар аударылады. Қоныс аударушыларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, оның ішінде жұмысқа орналасуға көмек көрсету, әлеуметтік төлемдерді алу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және мемлекеттік қолдаудың басқа да шаралары бойынша консультациялық көмек беріледі. Қысқасы, «Шығыс шақырады» бағдарламасы – Төр Алтай аймағына қоныс тебуге ниеттенген отандастарымыз бен қандастарға зор мүмкіндік беретін бастама.
А.СҰЛТАН
