in

Қазақстанда ағза донорларына ақша төлене ме

Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлардың туыстарына төлемдер немесе жеңілдіктер енгізу жоспарланбаған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Айдар Ситқазинов мәлімдеді, деп хабарлайды astana24.com тілшісі.

Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа ақы төленбейді, сондықтан донорлардың туыстарына төлемдер немесе басқа да материалдық ынталандырулар енгізу мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантациялауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Айдар Ситқазинов мәлімдеді.

Журналистер қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан бас тарту жағдайларын азайту үшін донорлардың отбасына жеңілдіктер немесе қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігі талқыланып жатыр ма деп сұрады.

"Қазіргі уақытта бүкіл әлемде донорлық гуманизм мен альтруизм қағидаттарына негізделген тегін және өтеусіз қызмет ретінде қабылданған. Біз осы қағидатты ұстанамыз, сәйкесінше, қазіргі уақытта келісім берген туыстар үшін материалдық ынталандыру қарастырылмаған", – деді Айдар Ситқазинов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда тек алғыс хаттар түріндегі моральдық ынталандыру ғана қарастырылған.

Брифинг барысында адам қайтыс болғаннан кейін шешімді туыстары қабылдамауы үшін өзі келісімін нотариалды куәландыру мүмкіндігі туралы да сұрақ қойылды.

"Қазіргі уақытта нотариалды куәландыру деген жоқ. Мұнда, сірә, туыстарымен сөйлесу керек, кем дегенде, оларға донор өзі келісімін бергенінен хабардар ету қажет. Қазіргі сәтте соңғы шешім бәрібір жақын туыстарының құзырында қалады", – деп түсіндірді Айдар Ситқазинов.

Сондай-ақ Қазақстанда шетелдік азаматтарға орган трансплантациялау қарастырылмағаны атап өтілді.