in

Қазақстанда 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану ережелері өзгерді: нені білу маңызды

Қазақстанда 1 шілдеден бастап электросамокаттарды пайдалану ережелері өзгерді. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жаңа ережелерді түсіндірді, деп хабарлайды Polisia.kz медиапорталына сілтеме жасаған astana24.com.

"Құрметті азаматтар! 1 шілдеден бастап жалға берілетін электросамокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енеді. Енді әрбір жалға берілетін электросамокатқа тіркеу нөмірі беріліп, осылайша заң бұзған электросамокаттар камералар арқылы анықталады", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.

Оның айтуынша, самокат қолданатын әрбір азаматқа сақтандыру полисі міндеттеледі. Ал кикшеринг компаниялар электросамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген жерде жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, оларды ретсіз қалдыруды болдырмауға, самокаттардың есебін жүргізуге, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдауға міндетті.

"Егер самокатты пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жүріс жолымен жүрмеуі тиіс. Мұны сервис қатаң бақылауы қажет", – деді ол.

ІІМ өкілі электросамокатты пайдаланушылар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек екенін еске салды. Олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады. Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс.

"Алайда 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Жол жиегімен жүруге 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі", – деді Мұрат Қабденов.

Сонымен қатар электросамокатпен жолаушыларды, жүктерді тасымалдауға және жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автокөлік жолымен жүруге тыйым салынады.

"Ішкі істер министрлігі азаматтарды заңнама талаптарын сақтауға шақырады. Жолдағы қауіпсіздік өзімізден басталады", – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.