in

Қазақстанның ең көрікті жерлерінің бірінде жан-жақты шолу жасайтын камералар орнатылады

Бурабайдың ең танымал туристік бағыттарына айналмалы бейнебақылау камералары орнатылады, деп хабарлайды ұлттық парктің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған astana24.com

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде туристік аймақтарға келушілердің санын бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе енгізіліп жатыр.

Жүйе ұлттық парктің жеті танымал туристік нысанын қамтиды. Олар: "Бөлектау" тауының бақылау алаңы, "Махаббат алаңы", "Аютас", "Кебістас", "Максимка" жартастары, сондай-ақ "Мойнақ жартасы" және "Иманай бұлағы" аумақтарындағы бақылау алаңдары.

"Жүйені енгізу келушілердің қауіпсіздік деңгейін арттырумен қатар, туристік бағыттардың келушілер саны туралы нақты деректер алуға, табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын бақылауды күшейтуге және ұлттық парктің табиғи ресурстарын қосымша қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – делінген хабарламада.

Ұлттық парктің баспасөз қызметінің мәліметінше, айналмалы бейнекамералар аумақты 360 градус шолып бақылауды, 25 есе оптикалық үлкейтуді және инфрақызыл жарықтандырудың көмегімен қараңғы уақытта кемінде 150 метр қашықтыққа дейін бақылауды қамтамасыз етеді.

Бағытталған камералар да түнгі уақытта жұмыс істей алады және бейнеаналитика функцияларымен жабдықталады.

Бақылау алаңдарынан келіп түсетін барлық ақпарат нақты уақыт режимінде "Бурабай" МҰТП Жедел басқару орталығына жіберіледі.