in

Үміт қайда жүр: Қазақстанда еркіндікке жіберілген жолбарыстың қазіргі жағдайы белгілі болды

Үміт атты жолбарысты табиғи ортаға бейімдеу жұмысы жалғасын тауып жатыр. Мамандар оның қозғалысын, белсенділігі мен мінез-құлқын бірнеше әдіс арқылы бақылап отыр. Бұл туралы Экология министрлігіне сілтеме жасаған astana24.com хабарлайды.

Жолбарыстың табиғаттағы тіршілігі қалай бақыланады?

Үміттің табиғаттағы жаңа өмірі жалғасып жатыр. Оның жаңа мекенге бейімделуі мен белсенділігі мамандардың тұрақты бақылауында.

Үмітті бақылау бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі:

Жолбарыстың қозғалысы қашықтан бақыланып, GPS-мониторинг мамандарға оның белсенділігі туралы маңызды деректер алуға мүмкіндік береді.

Мамандар іздер мен басқа да табиғи белгілерді зерттеп, Үміттің қоршаған ортамен әрекеттесуін бақылауда.

Арнайы камералар жолбарыстың табиғи ортадағы тіршілігі мен мінез-құлқы туралы қосымша ақпарат алуға көмектеседі.

Үміттің қазіргі жағдайы қандай?

"Үміт тоғайлы аумақтарды, су маңын және жабайы жануарлар мекендейтін табиғи ортаны зерттеп, жаңа мекеніне біртіндеп бейімделіп келеді.

Оның қозғалысы, белсенділігі мен мінез-құлқы туралы алынған мәліметтер мамандарға бейімделу процесін бағалауға мүмкіндік береді.

Үміттің табиғаттағы жаңа өмірі мамандардың жіті бақылауында", – делінген министрлік хабарламасында.

Еске салсақ, мамырдың соңында Ресейден Қазақстанға төрт Амур жолбарысы жіберілген еді. Экология министрлігінің өкілдері жануарлардың жаңа жағдайға бейімделу кезеңінен қалай өтіп жатқанын және оларға қандай ат қойылғанын хабарлаған болатын.

Кейін әлеуметтік желілерде "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының (Алматы облысында орналасқан) аумағына жіберілген жолбарыс деп көрсетілген фотосурет тарап кетті. Министрлік бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін, сурет жасанды интеллект арқылы жасалған болуы мүмкін екенін мәлімдеді.