Бас прокуратура әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралуына байланысты ел азаматтарына үндеу жасады, деп хабарлайды astana24.com.
"Құрметті қазақстандықтар! Әлеуметтік желілерде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлердің таралу фактілері байқалып отыр. Мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске саламыз", – деп мәлімдеді құзырлы орган.
Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес алауыздықты қоздырғаны үшін жасалған іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың АЕК дейін айыппұл салу не 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделгенін еске салды.
Сонымен қатар ведомство Қазақстанда онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынғанын ескертті. Егер мұндай әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ құзырлы орган азаматтарды таратылатын ақпараттың шынайылығын тексеруге ерекше назар аударуға, қоғамда алауыздық туғызуы мүмкін материалдарды жарияламауға және таратпауға шақырды.
Жалған ақпаратты орналастырғаны және таратқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылық қарастырылған.
Мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға қатысқан адамдар үшін де жауапкершілік қарастырылған.
"Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісіммен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырады.
Қазақстан халқының бірлігі, өзара сыйластық пен қоғамдық келісім – еліміздің тұрақтылығының, қауіпсіздігінің және келешектегі дамуының берік негізі.
Құқық қорғау органдары "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қол сұғатын кез келген құқық бұзудың жолын кесіп, олардың алдын алу үшін заңда көзделген шараларды қабылдайтын болады", – мәлімдеді ведомство.
