Олар жергілікті басшылармен, мәслихат депутаттарымен, мамандармен және тұрғындармен кездесті. Онда әлеуметтік-экономикалық даму, өндірісті жаңғырту, транзиттік әлеуетті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері талқыланды.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина мен депутат Әсем Рахметова Петропавл қаласында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен кездесті. Кездесуге қатысушылар негізгі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін, халықты әлеуметтік қолдау шараларын, сондай-ақ өңір тұрғындарына аса маңызды тақырыптарды талқылады. Сенаторлар аймақтағы оң өзгерістер еліміздегі заңнамалық үдерістерге тікелей әсер ететінін атап өтті.
Сенаторлар сапар аясында Аққайың ауданында болып, Ленинское ауылындағы елді мекен ішіндегі жолдарды жөндеу барысымен танысты, сондай-ақ «Оқжетпес» балалар жазғы лагерін көрді. Смирново ауылында тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы ақпарат айтылды.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысына сапары аясында Кентау қаласында болып, өңір тұрғындарымен кездесті. Жүздесуге қалалық мәслихат депутаттары, өндіріс және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері, білім беру және денсаулық сақтау саласының мамандары, сондай-ақ ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың белсенділері қатысты. Тұрғындар кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымдық бастамаларға қатысты мәселелерді көтерді. Сенатор кездесуге қатысушыларға белсенділігі үшін алғысын білдіріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында мұндай диалог кеңінен қанат жаятынына сенім білдірді.
Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев Түркістан облысының Төлеби ауданында болып, аймақтағы кездесулерді жалғастырды. Сапар барысында өнеркәсіп, аграрлық және инфрақұрылымдық даму, сондай-ақ сумен жабдықтау және жұмыспен қамту мәселелеріне баса назар аударылды.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов Алматы қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Сенатор «AMANAT» партиясы қалалық филиалының басшылығымен, активпен және қалалық мәслихат депутаттарымен кездесті. Заң үстемдігі, әлеуметтік әділеттілік, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Депутат кездесу барысында Сенат қараған заңдар мен бастамалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханада да болды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, су және жылумен жабдықтау, қаржыландыру, кітап қорын толықтыру және ақпараттық ресурстарды цифрландыру мәселелері талқыланды. Білім беру мекемелерінің тиімді жұмыс істеуі үшін заманауи жағдайлар жасау қажеттілігі басты назарда болды.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Алтынбек Нухұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Нұртөре Жүсіп жоғары оқу орнының басшылығымен әңгіме барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазіргі заманғы отандық жоғары білім мен ғылым жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын Орталық Азиядағы ең көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашев пен депутат Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысында болды. Сапар барысында Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен және билік өкілдерімен ашық диалогқа баса назар аударылды. Сенаторлар Мұнайлы ауданында аудан тұрғындарымен және мәслихат депутаттарымен кездесті. Бюджетті тиімді жоспарлау, жекеменшік мектептердің мәртебесі, автокөлікті заңдастыру рәсімі және мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелері талқыланды. Депутаттар сондай-ақ жаңа нысандармен де танысты.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров пен депутат Айгүл Қапбарова Шымкентте қала тұрғындарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен және қалалық мәслихат депутаттарымен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді. Онда ел Президентінің тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан әлеуметтік-экономикалық және құқықтық бастамаларды талқылауға баса назар аударылды. Сенаторлар мәслихат депутаттарымен кездесу барысында әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, білім беру және сот төрелігі салаларында қабылданған заңнамалық бастамалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Сенаторлар Шымкентте азаматтарды жеке қабылдады.
Сенат депутаты Сергей Ершов Осакаров ауданындағы бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарда болды. Ол сапар аясында «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығын және аудандық аурухананы аралады. Сенатор «Жастар» орталығында мекеменің қызметімен танысты, педагогикалық ұжыммен және тәрбиеленушілермен сөйлесті. Орталықта балалар мен жасөспірімдердің жан-жақты дамуына ықпал ететін түрлі үйірмелер мен секциялар бар. Сенатор ауылдық жердегі қосымша білім беруді қолдау мәселесіне ерекше назар аударды.
Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысының Ақкөл ауданында болды. Ол әлеуметтік мекемелердің қызметімен, білім беру және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Сенатор Ақкөл қаласында өмірі қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығында болды. Ондағы жүздесулерде инклюзивті және қауіпсіз орта құру, сондай-ақ балалардың барлық санатына білім беру және әлеуметтік қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сапар барысында агроөнеркәсіп кешеніне маман даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледждегі түлектердің сұранысы, дуальды оқытуды дамыту және оқу бағдарламаларын жаңғырту жайы талқыланды.
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі «Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» тақырыбы бойынша өткен халықаралық конференцияға қатысты. Діни конфессиялар, ғылыми қауымдастық, дипломатиялық топтар және азаматтық сектордың өкілдері дінаралық диалог саласындағы сын-қатерді, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтудағы рухани дипломатияның маңызын талқылады.
Сенат депутаттары Бибигүл Жексенбай, Марат Қожаев және Геннадий Шиповских елордадағы әлеуметтік маңызы бар бірқатар мекемелерде болды. Олар Ұлттық балаларды оңалту орталығы мен қалалық психикалық денсаулық орталығын аралап көрді. Сенаторлар кездесулер барысында Мемлекет басшысының елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалар жайындағы тапсырмалары туралы жан-жақты айтып берді және Парламенттің ағымдағы заң шығару қызметі мен бастамалар бойынша қабылданған заңдардың ережелерін түсіндірді. Мекеме қызметкерлері мамандардың жетіспеушілігі мен қызметкерлерге жоғары жүктемеден бастап еңбек жағдайын жақсарту қажеттігіне дейінгі өзекті мәселелерді көтерді.
Сенат депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Закиржан Кузиев Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары Ерболат Ибрайхановпен бірлесе отырып, Жетісу облысындағы Панфилов ауданында су шаруашылығы саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысымен танысты. Сенаторлар сапар аясында жаңа үш су қоймасының құрылысы жоспарланып отырған алаңдарды көріп шықты. Олар су қоймаларының құрылысы өңірдегі агроөнеркәсіп секторы үшін және жалпы ауылдық аумақтарды тұрақты дамытуда стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысындағы Самар және Күршім аудандарында болып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты. Білім беру, денсаулық сақтау және ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Депутаттар Самар ауылында болған кезде мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан жаңа бастауыш мектептің құрылыс алаңында болды. Сапар барысында аудан және облыс әкімдерімен, мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесулер болды. Су құбырлары мен дене шынықтыру нысандарын салу, санитарлық қауіпсіздікті сақтау мәселелері мен туризмді дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Сенатор Жанна Асанова Алматыда медициналық мекемелер, бизнес-қоғамдастық және жұртшылық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Онда заң шығару жұмысының басым бағыттары, сондай-ақ денсаулық сақтау мен кәсіпкерліктің өзекті мәселелері талқыланды. Сенатор қаланың қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесуде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, авторлық құқық, креативті индустрия және салық саясаты мәселелері бойынша түзетулер әзірлеуге өзінің қатысқаны туралы айта келіп, Парламенттегі бір жылғы жұмыстың қорытындысына тоқталды. Әлеуметтік қорғау, инклюзивті қоғам және халықтың жаппай несие алуын азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сенатор Серік Өтешов Қарағанды облысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және ауыл медицинасын жаңғырту мәселелеріне арналған бірқатар кездесулер өткізді. Жүздесуге Нұра және Осакаров аудандарының ауылдық округтерінің әкімдері, сондай-ақ аудандық ауруханалар басшылары қатысты. Сенатор жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен кездесуде ауыл әкімдерінің рөлін арттыру және халықты жергілікті жердегі басқаруға тартудың маңыздылығын атап өтті. Депутат өңірдегі аудандық ауруханалардың бас дәрігерлерімен де кездесті.
Сенат депутаттары Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Батыс Қазақстан облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Сенаторлар Подстепновка ауылдық округіндегі Барбастау ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашық су айдындарында форель мен тұқы балығын өсіру жобасын іске асыратын BARBASTAU RIVER кооперативінде болды. Сенаторлар өсімдік шаруашылығына маманданған «Жайна» және WestAgroFood серіктестігінде де болды. Онда субсидиялау, сумен қамтамасыз ету және агротехнологияны енгізу мәселелері туралы әңгіме қозғалды. Депутаттар «Аэлита» бау-бақша және «Өтеғалиев» бөдене шаруашылығын жүргізетін жеке кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті.
Айна ХАСАН