Алғашында еліміздің авиациялық өнеркәсіпті дамыту, әуе кемелерін өндіру, техникалық қызмет көрсету және жөндеу нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған кәсіпорынның қазір барлық жұмысы тоқтап қалды. Бірегей маңызды өнеркәсіптің құлдырауына не себеп, мемлекеттен қандай қолдау бар?
Тағдыры бұлыңғыр нысан
«Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС – еліміздегі жалғыз авиациялық-техникалық орталық. 2016 жылдан бері орталықта әскери ұшақтарды пайдалану бойынша мамандар, сондай-ақ шетелден білім алған жас инженерлер мен техниктерден тұратын жоғары білікті қызметкерлер жұмыс істеді. 2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасы аумағында алғаш рет отандық кәсіпорын Ан-72, Су-25 Су-27, С-295 ұшақтарында регламенттік жұмыстарды орындады.
Әскери авиацияның техникалық дайындығы осы кәсіпорынға тікелей байланысты. Өкінішке қарай, стратегиялық маңызы бар «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС 2024 жылғы ақпаннан бері үлкен дағдарысқа тап болды. Жалғыз авиациялық-техникалық орталықтың жұмысы түгел дерлік тоқтады. Қызметкерлердің 85 пайыздан астамы мәжбүрлі демалысқа жіберіліп, жалақысыз күн кешіп отыр. Осы уақыт аралығында шетелде даярлықтан өткен білікті мамандар да жұмыстан кетіп тынды. Олардың есепшоттары мен мүлкілері бұғатталған көрінеді. Ангарда тұрған алты ұшақ бес жылдан бері әуеге көтерілген жоқ. Сол алты ұшақтың төртеуі – Су-25 үлгісіндегі әскери ұшақ.
– Қазіргі кәсіпорындағы негізгі проблема – қаржылық қиындықтар. Бұрынғы басшылықтың қаржылық қызметті тиімсіз басқаруы салдарынан кәсіпорын мемлекет алдында қомақты салықтық қарызға батты. Соның салдарынан есепшоттарымыз бұғатталып, өндірістік қызметіміз толығымен тоқтап тұр. Соңғы бір жарым жыл көлемінде құқық қорғау органдары тарапынан жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтер тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл жағдай да кәсіпорынның қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіруде.
Біз бұл қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру жолында жұмыс істеуге дайынбыз. Елдің өзінің әскери авиациясы болуы – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі шарты. Ангарда тұрған СУ-25 ұшақтары – еліміздің оңтүстігіндегі таулы шекараның сенімді қорғаушылары. Олардың қазіргі күйі біз үшін үлкен алаңдаушылық туғызады, – дейді «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС бас директоры Қайрат Жауханов.
Депуттар көмек бере ала ма?
Жұмысшылар мен салалық қауымдастықтан түскен өтініштерге байланысты 1 шілде күні кәсіпорынға «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары келді. Мәжілісмендер ұжыммен кездесіп, өндірістік алаңдарды аралап, қызметкерлерді жеке тыңдады. Зауытта мамандар да, ангарлар да, сертификатталған құрал-жабдықтар мен инфрақұрылым да бар екені белгілі болды. Тек ең бастысы – мемлекет тарапынан жүйелі қолдау мен зауыттың болашағына қатысты нақты шешім жетіспейді. Депутаттар бұл мәселені жауапты мемлекеттік органдардың деңгейіне дейін көтеруді көздеп отыр.
– Мемлекет басшысы айтқандай, өндірістік қуатты арттырып, шағын авиацияны дамыту қажет. Отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Бұл зауыт осы міндеттерді орындауға толық қауқарлы. Бірақ қазір зауыт жұмыс істемей тұр. Себебі ол дәрменсіз емес, оны тығырыққа тіреген. Тапсырыстың жоқтығы, мүліктің бұғатта болуы, жерге қатысты даулар мен дер кезінде өтелмеген қарыздар – мұның бәрі ұйымдастырушылықтың жоқтығын көрсетеді. Қазақстанның техникалық авиациясын қайта көкке көтеруге, қорғаныс әлеуетін күшейтуге қауқарлы зауыттың салғырттықтың кесірінен жабылып қалуына жол бермейміз. Бұл мәселені Парламентте де көтердік. Енді нақты мерзімі мен міндеттемелері бар шешімдерді талап етеміз, – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Павел Казанцев.
Ал «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС бас директоры Қайрат Жауханов зауыт жылына онға дейін күрделі жөндеу жүргізе алатынын, мұны тәжірибе жүзінде дәлелдегенін айтты. Алайда орындалған тапсырыстар үшін есеп айырыспай, жаңа келісімшарттар келмей, есепшоттар тұрақты түрде бұғатталып жатқанда, ең озық инфрақұрылым да бос тұрған ангарға айналады.
– Біз жеңілдік сұрап отырған жоқпыз. Бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берілсе жеткілікті. Бұл зауытта еліміз ұзақ жылдар бойы дайындаған мамандар шоғырланған. Барлық қажетті құрал-жабдық, білім, өндірістік тізбек бар. Алайда біз қазірдің өзінде жүзден астам маманнан айырылдық. Егер жағдай өзгермесе, зауыттан да айырылып қаламыз. Ал онымен бірге қазақстандық авиаөнеркәсіптің негізін құрайтын барлық әлеует те жоғалады, – деді ол.
Мамандар тапшы
Кәсіпорыннан 2024 жылдың қаңтарынан бері 164 қызметкер жұмыстан кеткен, олардың 76-сы – жоғары білікті өндірістік мамандар. Олардың бір бөлігі шетелдік әуе компанияларында оқыған. Бұған қарамастан зауыт жұмысын жалғастырып жатыр. Биыл Қорғаныс министрлігіне 13 авиациялық қозғалтқыш тапсырылды. Бір ұшақ былтыр Польшадан жөнделіп келген. Тағы біреуі әлі шетелде – қайтаруға зауыттың қаражаты жоқ. Сонымен қатар зауыт аумағында Грузиядан әкелінген төрт Су-25 ұшағы тұр. Олар кедендік төлемдерді төлеуге қаражат болмағандықтан іске қосылмаған. Бұл ұшақтар бес жылдан бері пайдаланылмайды.
– Мен бұл жерде жұмыс атқарып келе жатқаныма 3 жылдай уақыт болды. Менімен бірге келген әріптестерім, өкінішке қарай қазір жұмыстан кетіп жатыр. Өйткені жағдайды барлығыңыз көріп тұрғандай, жалақы жүріп жатқан жоқ. Тек қарызбен жүріп жатқандықтан, осындай кетулер көп, – дейді инженер Ғизат Маратұлы.
Критикалық жағдайға жер дауы да қосылды. Бұрын №3656 әскери бөлімше «КАИ» ЖШС-ның кейбір нысандарын жалға алған. Алайда жалға алу мерзімі аяқталған соң, әскери бөлімше құжатсыз-ақ рулеж жолы мен перронның бір бөлігін қолдана берген. Сот әскери бөлімше жағына шешім шығарды. Оған қоса, 2025 жылғы мамырда Астана әкімдігі зауыт аумағынан 1,6 гектар жерді Ұлттық ұлан қажеттілігіне алу туралы шешім шығарды. Қазір бұл шешімге қатысты шағым берілген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында авиацияны дамыту, өңірлік әуежай хабтарын құру туралы тапсырма берген болатын. 2024 жылы Қызылордада жаңа терминал ашылды. Арқалықта әуежайды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Алайда барлық бұл бастама техниканың жарамдылығын қамтамасыз ететін зауытсыз іске аспақ емес. Авиациялық егемендік тек қағаз жүзінде қалуы мүмкін.
Авиациялық логистиканы дамыту, отандық өндірушілерге қолдау көрсету, технологиялық егемендікті қамтамасыз ету – бұлар «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілген стратегиялық мақсаттар. Бүгін жоспар емес, нақты қауіп-қатер туралы сөз болып отырған шақта партия нақты әрекет етуде. Депутаттар қаржыландыру көздерін іздеп, мемлекеттік тапсырыстар жүйесін және өндірістік базаны қорғау тетіктерін талқылауда. Бұл мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолданып, барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, «AMANAT» партиясының алаңында тақырыптық тыңдаулар өтетін болады.
Әсет ҚАЛИ