Бұл ұстаным компанияның күнделікті жұмысынан айқын көрінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында компания еңбек жағдайлары мен тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты күшейтті. Елдің газ тасымалдау жүйесінің сенімді жұмыс істеуі – бұл қызметкерлер үшін абстрактілі ұғым емес, күнделікті атқаратын жауапты міндет.
Еңбек жағдайларын жақсартуға жүйелі тәсіл
Компанияда қызметкерлердің әлеуметтік және тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылы бұл бағыттағы қызмет өндірістік қатынастардың жаңа стандарттары — IR (Industrial Relations) енгізілуі аясында жаңа серпінге ие болды. «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның барлық филиалдарында еңбек ету және тұрмыстық жағдайлардың жай-күйіне кешенді талдау жасалды.
IR-скрининг нәтижелері бойынша еңбек жағдайларын жақсартуға арналған 73 іс-шараны қамтитын кешенді жоспар әзірленді. Бүгінгі күні 2,83 млрд теңге сомасына жұмыстар орындалды.
Вахтадағы өмір – заманауи стандартта
Бірнеше жыл бұрын вахталық өмір уақытша құрылыстармен және ең төменгі тұрмыстық жағдайлармен байланысты болатын. Бүгінде бұл көзқарас өткеннің еншісінде қалып барады. Газ саласының қызметкерлері үшін жайлылық пен қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына сай заманауи модульдік вахталық кешендер салынуда.
Аталған жобалар «Интергаз Орталық Азия» АҚ тарапынан жүзеге асырылды. Жаңа вахталық кешендер компанияның Теміртау және Жезқазған желілік-өндірістік басқармаларының қызметкерлеріне арналған.
Аумағы 10 мың шаршы метрден асатын әрбір нысан жұмыс пен тұрмысқа толық бейімделген. Мұнда әкімшілік ғимараттар, жатақханалар, спорттық және тұрмыстық нысандар, сондай-ақ инженерлік және күзет инфрақұрылымы қарастырылған.
Әкімшілік ғимараттарда оқу сыныптары мен медициналық пункттер, серверлік, мұрағат бөлмелері, ал тұрғын блоктарда демалыс бөлмелері, асүйлер, спортзалдары мен кір жуу орындары қарастырылған. Арнайы киімді кептіруге арналған жүйелер күрделі климаттық жағдайда еңбек ететін жұмысшылар үшін ерекше маңызға ие.
Жобалардың небәрі жеті айда іске асырылуы блокты-модульді құрылыс технологиясының тиімділігін көрсетті.
«Қызметкерлерге қамқорлық жасау, өндірістік нысандарда қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру – QazaqGaz ұлттық компаниясының негізгі қағидаттарының бірі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамдарына ерекше қамқорлық жасалуда. Осы заманауи көпфункционалды кешендердің іске қосылуымен біз вахташылардың тұрмыстық деңгейін жаңа деңгейге көтереміз. Ал қолайлы жұмыс орны еңбек тиімділігіне тікелей әсер етеді және барлық өндірістік міндеттерді табысты іске асыру үшін негіз қалыптастырады», – деп атап өтті QazaqGaz басшысы Әлібек Жамауов.
Қолданыстағы нысандарды жаңғырту: ел аумағындағы ауқымды шара
2025 жылы компания Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Алматы, Орал, Тараз, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы нысандарда күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар, жатақханалар, спорт залдары мен инженерлік жүйелер жаңартылды.
Стратегиялық маңызы бар нысандардың бірі – Атырау филиалына қарасты Мақаттағы «Надежда» жатақханасы. 1985 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ғимарат толық жаңартылды. Бұл ғимарат «Орта Азия – Орталық» және «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралдық газ құбырларына қызмет көрсетуге келген қызметкерлерді орналастыруда маңызды рөл атқарады. Стратегиялық маңызы ескеріліп, жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу компания үшін басым міндеттердің біріне айналды.
Сондай-ақ Орал филиалының желілік-пайдалану қызметінің ғимараты жаңартылып, онда қауіпсіз әрі заманауи еңбек жағдайы жасалды.
Мұнда барлық кабинет, шеберханалар, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар мен душ бөлмелері жаңартылып, заманауи желдету, жылыту, жарықтандыру және электрмен жабдықтау жүйелері орнатылды.
Дәнекерлеу жұмыстарына арналған арнайы сорғыш желдетуі бар посттар жабдықталып, жұмысшылардың қауіпсіз әрі жайлы еңбек етуіне жағдай жасалды. Сонымен қатар автокөлік пен арнайы техниканы жедел жөндеуге арналған шұңқыр орнатылды.
26 желтоқсан күні салтанатты жағдайда 60-қа жуық қызметкер толық жаңғыртылған ғимаратқа көшірілді.
Компания қызметкерлерге ыңғайлы жұмыс ортасын құру тек ірі жобалармен ғана емес, күнделікті ұсақ-түйектерге мұқият көңіл бөлу арқылы мүмкін екенін жақсы түсінеді. Әрбір бөлімде жұмыс және тұрмыстық аймақтарды заманауи тұрмыстық техника, сапалы жиһаз және жайлылық элементтерімен кезең-кезеңімен жабдықтау стандарттары енгізілуде.
Бұл тәсіл біржолғы сатып алу емес, ол қызметкерлердің мотивациясы, денсаулығы және еңбек өнімділігін арттыруға арналған ұзақмерзімді инвестиция ретінде қарастырылады.
Қауіпсіз жол – сенімді еңбек
Өндірістік нысандарға қатынау жағдайын жақсарту мақсатында Арал желілік-өндірістік басқармасына (Ақтөбе МГҚБ) және Атырау МГҚБ-ның Апаттық-жөндеу учаскесіне 28 орындық жаңа автобустар сатып алынды. Бұл көліктер қауіпсіздік, сенімділік, жайлылық және жолсыз жерлерге бейімділік талаптарына толық жауап береді.
Еңбек адамы – басты назарда
«Интергаз Орталық Азия» АҚ үшін Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін атқарылған жұмыстардың кезеңі. Қызметкерлерге лайықты жағдай жасау арқылы компания газ тасымалдау жүйесінің сенімділігін арттырып, саланың тұрақты дамуына үлес қосып келеді.
Жұмысшы мамандықтар жылы компанияның еңбек адамына деген қамқорлығы жай ғана ұран емес, нақты іске негізделген стратегиялық басымдық екені тағы бір мәрте дәлелденді.
