in

Азат ойдың айбары

Жалпы адамзаттың жаратылысына әу бастан еркін тірлік жарасымды. Ана жатырында тоғыз ай жетілген шарананың кесімді сәті келгенде бұлқынып, жарық дүние, шексіз кеңістікке асығуының өзі пенде атаулының азаттық мұратына бейсана шақтан бейілді екенін аңғартса керек. Бұл ретте Қазақстан мен Ата Заңымыздың басты құндылығы әрі ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы. Конституция соған кепілдік береді.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiк­тiрген Қазақстан халқы, бай­ыр­ғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, тең­дiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қо­ғам деп ұғына отырып, дүние­жүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқы­ғы­мызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз», – деп басталады Ата Заңымыз.

Дәл осы еркiндiк, теңдiк пен татулық – халқымыздың өмірінің мәніне айналды. Сонымен бірге бұл әрбір азаматқа өз жұрты мен өз Отаны алдында жоғары жауапкер­шілік жүктейді. Ел алдында өзіне осындай жауапкершілік алған Мем­­лекет басшысы 2022 жылғы конституциялық реформасы ар­қы­лы еркiндiк, теңдiк пен тату­лықты нығайтатын соны өзгеріс­терге, тың трансформацияға қадам жасады. 

Бұған дейінгі жылдары жүзеге асырылған саяси реформалардың төрт топтамасы шеңберінде іргесі қаланған жаңғырулар азамат­тар­дың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге, билікке терең тамыр жайған непотизммен күресуге, сайлау жүйесін жетіл­діру­ге күш-жігер шоғырландыра отырып, жаңа қарқынмен жал­ғасты. 

Жалпы, азаматтардың еркін­дігін, соның ішінде еңбек бостан­дығын шектейтін кеселдің бірі – непотизм. Конституциялық ре­форма аясында жалпыұлттық ди­ал­огты жолға қоюдың бір көрі­нісі, мемлекеттік шешімдерді қа­был­даудың сарабдал бір стандарты, жаң­ғырудың жаңа рәмізі – осы кесапатқа тосқауыл қою болды. Латынның nepotis, яғни «немере, ағайын» сөзінен туындаған непо­тизм қазір биік лауазымды тұл­ғалардың жұмысқа орналастыруда кәсіби қасиеттеріне қарамастан, төл туған-туысына, жора-жолда­сы­на, тамыр-танысына артықшы­лық пен басымдық ұсынуын, фа­в­оритизмді білдіреді. 

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Қазақстанды түбегей­­лі жаңғырту аясында өзіне қатысты шектеулер қабылдай­ты­нын жа­рия­лады. Саяси трансформация­ның бүкіл салада тамыр-тан­ыстық пен монополияны тү­бірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ере­же­сін» қалыптастыруды көздейтінін мәлімдеді. 

Біріншіден, Ата Заңда «бір адамның бір реттен артық Рес­публика Президенті болып сай­лана алмайтыны» бекітілді. Тиіс­інше, жаңа сайланған Мемлекет басшысы 7 жылға созылатын тек бір каденциясын өткеріп, ел тіз­гі­нін келесі көшбасшыға тапсыруға міндетті. Екіншіден, ол елдің көш­басшы партиясындағы төраға­лығынан ерікті түрде бас тартты. Үшіншіден, «Президент өзінің өкі­леттігін атқару кезеңінде пар­тия­­ға мүшелігін тоқтата тұруға мін­­детті» деген қағида заң жүзінде ресімделді. 

Бұл норма саяси бәсекені арт­тырып, барлық партияның дамуы­на бірдей жағдай жасайды. Осы ар­қы­лы болашақ көшбасшыны негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтайды. Дәл сол сияқты, Орта­лық сайлау комиссиясының, Жо­ғары аудиторлық палатаның, Конс­титуциялық соттың төраға­лары мен мүшелері де міндетті түр­де партиядан шығуы керек деген норма заңнамаға енгізілді. Оның бәрі бүгінде партиядағы мүшелігін тоқтатты. Олар сондай-ақ кәсіподақтарға мүше бола ал­майды әрі елдегі саяси күштердің бірінің шашбауын көтеріп, оны қолдап, мәлімдеме жасай алмайды. 

Төртіншіден, барлық өкілет­тік­ті бір қолға шоғырландырған орта­­лықтағы жағдай аймақтарда қайталанатын. Сол себепті жаң­ғы­ру аясында әкімдер мен олардың орынбасарларына қандай да бір партияның филиалын басқаруға заң жүзінде тыйым салынды. Мұн­дай шешімдер сайып келгенде көп­полюсті партиялық жүйе қа­лыптастыруға мүмкіндік береді.

Бесіншіден, мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қол­ында барлық өкілеттіктің шоғыр­лануы оған жақын тұлғалар мен қар­жылық-олигархиялық топтар­дың ықпалын орынсыз күшейтеді. Президенттің айтуынша, олар мем­лекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Тамыр-таныстық пен рушылдық кадр іріктеу ісін бұр­малап, сыбайлас жемқорлық­тың тамыр жаюына соқтырады. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәж­бүрлейді.  

Барлық азаматқа бірдей мүм­кін­дік берілетініне Мемлекет бас­шысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Қ.Тоқаевтың ұсынуы­мен, Ата Заңға өзгерістер аясында Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болу­ға және квази­мем­лекеттік секторда басшылық лау­аз­ымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынды. Конституцияның 43-ші бабында: «4. ҚР Пре­зи­ден­тінің жақын туыс­тары мемлекеттік саяси қызметші­лердің, квази­мем­лекеттік сектор субъектілері бас­шыларының қыз­меттерін атқаруға хақысы жоқ», – деп атап өтілген. Сондай-ақ Пре­зи­дент өз өкілет­тік­терін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс. Мұның сыртында Мемлекет бас­шы­сына өкілді ор­ган­ның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қыз­меттерді атқа­руға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. 

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов бұрындары «Сенің көкең кім?» деген сұрақ ал­дынан жиі кес-кестегенін еске түсірді: «Непотизмнің адамдар санасына терең сіңгені сонша, соның кесірінен бос лауазымға үміткердің қабілеті мен қасиет­терін, оның әлеуеті мен мүмкін­дік­терін, кәсіби деңгейін объек­тивті бағалау қиынға айналды. Бұл биліктің орталық жүйке жүйесін зақымдаған генетикалық дертке ұқсайтын. Байланысың болмаса, сен ешкім емессің, ешкімге керек емессің. Қайда барса, «өз» адам­дар­ын қорғап, ілгерілетіп, коман­дамен көшіп жүретін. Салдарынан, ең дарынды, қабілетті, ақылды азаматтар еңбек жолының шетіне ысырылды, шетелге кетуге мәж­бүрленді», – дейді заңгер-депутат.

Әсіресе, әкімдер арасында креслосына тамыр жайып кеткен­дей, бес-он жыл бойы тапжылмай отыратын тұлғалар пайда болды, олар өз аймағында бейресми «князь­ге» айналып, білгенін істеді, өзіне жаққан жандарды маңызды лауазымдарға тағайындады. 2022 жылдан кейін ну ормандай бытыс­қан бұл бағытта да түбегейлі «таз­арту» басталды. 

Саяси және әкімшілік мем­ле­кеттік қызметшілердің, басшы­лар­дың міндетті ротациясы ен­гіз­ілді. Бү­гінде Үкіметтің, мин­истрлер мен об­лыс әкімдіктерінің құрамы толы­ғы­мен өзгерді. Аймақ басшы­сы «ескі әуенге» салып, төмен тұр­ған әкім­дер­ді қалаға­нынша тағай­ындай алмай­тын бол­ды. Бүгінде жер­гілікті тұрғын­дар өз әкімін өзі сайлайды. Орта­лық сайлау комис­сиясының дере­гінше, елдегі іргелі реформа­лардың нәтижесінде қазір әкімдер­дің 90%-дан астамын немесе шама­мен 2 500 әкімді халық тікелей өзі сай­лайды. 

Осы уақытқа дейін ауылдардың, ауылдық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар қала­лардың 94%-ының әкімдері сай­лан­ды. Қалған 6%-ын жергілікті жұртшылық 2025 жылы сайлап ала­ды. Бұған қоса, биыл аудан әкім­­дерінің сайлауы өтіп жатыр. Ендеше бұл орынға да облыс әкімі туысын, танысын не басқа «фа­воритін» отырғыза алмайды, хал­ықтың дегені қалып болады, елге ұнаған үміткердің аты озады. 

Айта кету керек, Президенттің бастамасымен, аудан және қала әкім­дерінің сайлануын енгізу – сай­лау жүйесін дамытудың кезекті кезеңіне айналды. Тұңғыш рет 2023 жылы пилоттық режимде 42 аудан әкімінің және облыстық маңыз­дағы 3 қаланың – Курчатов, Прио­зер және Рудныйдың әкімдерін тікелей сайлау ұйымдастырылды. 2025 жылы бұл тәжірибе бірқатар басқа аудан-қалаларға таратылып жатыр. Қалай болғанда, дәл осы кез­ден бастап Қазақстанның сай­лау орган­дарының жүйесі тұрақты элек­торалды циклге толығымен ауысты. 

Демократияландыру процесін алға жылжыту барысында Қазақ­стан Еуропадағы қауіпсіздік пен ын­тымақтастық ұйымының Демо­кратиялық институттар және адам құқықтары бюросы сияқты халық­аралық ұйымдар сарапшыларының тұжырым-тоқтамына да құлақ түр­­ді, Ата Заңды жаңарту кезінде олардың сын-ескертпелерін ескер­ді. Мысалы, Орталық сайлау ком­ис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Мәжілістегі Қазақстан халқы ассамблеясының 9 депутат­тан тұратын квотасы республи­ка­ның халықаралық міндеттемесіне сәйкес келмейтінін, ЕҚЫҰ-ның 1990 жылғы Копенгаген құжаты­ның 7.2 параграфына қайшы екен­ін қайталаумен келді. 

Ол құжатта ұйымға мүше ел­дер­дің ұлттық заңнамалық орган­ы­ның кем дегенде 1 палатасының депутаттары толығымен әрі тіке­лей сайлануға тиістігі жазылған. Бұл ретте Қазақстан Парламен­тінің жоғарғы палатасы – Сенатта сай­лан­байтын, Президент тағай­ын­дайтын депутаттар бар. Ал Мә­жі­лісте халық сайламайтын Ас­сам­­блеяның 9 депутаты болды, олар тіпті жеке фракциясын иеленді. Міне, 2022 жылғы конституциялық реформа аясында ассамблеялық квота жойылды. 

– Енді біздің Парламенттің тө­­менгі палатасының барлық депута­ты тікелей дауыс беру арқы­лы сай­ланады. Бұған саяси пар­тия­лар­дың Мәжіліске өту шегінің бұрын­ғы 7%-дан 5%-ға дейін төм­енде­тілгенін, жаңа партияларды тіркеу үшін талап етілетін оның жақтау­шы­ларының саны мен қолы­ның 20 мыңнан 5 мыңға дей­ін азайтылу­ын қосуға болады. Хал­ық­аралық ұйымдардың басқа да бірқатар ұсынымдары талда­на­ды, сарапшы­лардың пікірлері зер­деленеді, түрлі кеңес-консуль­та­циялар өткізіле­ді, – деді Орта­лық сайлау комис­сиясының төра­ғасы.

Демек, конституциялық жаң­ғыру, саяси реформа осымен тоқ­тап қалмауға тиісті. Еліміздің бас­­­ты сайлау органы озық елдердің сайлау заңнамасын мұқият зерт­тейді, үздік тәжірибелерін қарас­тырады. Мысалы, кейбір елде пре­­з­иденттікке кандидаттардың ата-аналарына қатысты талаптар бар көрінеді. Сондай-ақ базбір ел кандидаттарға «моральдық шек­теу-ценз» қояды. Мәселен, Син­гапурда адалдық, парасаттылық, жақсы бедел-репутация, АҚШ-тың бірқатар штатында сыпайы­лық пен жақсы мінез-құлық сияқ­ты «өту шектеулері» бекітілген. 

Халықпен тікелей диалог ая­сында азаматтардың басты бір сұра­нысы партияны ғана емес, нақты тұлғаларды да сайлауға мүм­кіндік беретін мажоритарлық жүйе­ні қайтару екені айқындалды. Сөйтіп, 2022 жылғы конститу­циялық реформаның нәтижесінде елде аралас сайлау жүйесі енгізілді: Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізімдер бойынша сай­ланады. Бұл жағдайда депутаттық корпусқа қай өкілі кіретінін әрбір пар­тия өзі таңдайды, үміткерді пар­тиялық тізімдегілерден ірік­тейді. Мәжіліс депутаттарының тағы 30%-ын бірмандатты округ­тер бойынша жергілікті сайлау­шылар өз кандидаттары арасынан өзі сайлап алады. 

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат­тарында арақатынас 50/50-ді (жар­тысы – партиялық тізімнен, жартысы – бірмандатты депутат­тар) құрайды. Ал аудандық мәсли­хаттардың барлық депутаты тек бірмандатты округтер бойынша сайланады. 

Қорыта айтқанда, Прези­денттің каденциясының, сонымен қатар конституциялық рефор­маның не­гізгі мақсаттары мен нық қағидат­тары ұқсас, бұлар – әділ­дік, жаң­ғыру, демократия және инк­лю­з­ивтілік пен қоғаммен диа­лог. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың бастамасымен жүргізілген консти­ту­циялық реформалар ар­қылы ел­дің саяси және сайлау жүйе­сін транс­фор­мациялау – бар­лық дең­гей­дегі депутаттарды, сон­дай-ақ әкімдерді тікелей сайлау жолымен халықтың елді басқаруға қатысуын арттыруды, билік инс­титуттарын қалыптас­тырудың са­­па­лы жаңа моделіне көшу­ді біл­дір­еді. Бұл – халық билігін ны­ғай­туға бағытталған нақты қадам.

Айхан ШӘРІП