Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы Дүйсенов көшесінде орналасқан "Эмиль" кафесіне заңсыз салынған қосалқы нысанның сүріліп жатқанын мәлімдеді. Сот шешіміне сәйкес, аталған нысан заңсыз деп танылған, деп хабарлайды astana24.com Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша іс материалдары Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған. Соның негізінде әкімшілік шаралар қабылданған.
Сот қаулысына сәйкес, меншік иесі кафеге заңсыз тұрғызылған екі қабатты қосалқы құрылысты бұзуға міндеттеліп, қайтадан әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Алматы қалалық сотының биылғы 8 қаңтардағы қаулысына сәйкес, бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Нысанды бұзу жұмыстары бүгін басталды.
