Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Жарлы ауылында болған қайғылы оқиға салдарынан 9 жастағы қыз бала мен 38 жастағы ер адам көз жұмды, – деп жазды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 17 маусым күні ауылдағы жеке тұрғын үйдің ауласында болған. Қыз бала тереңдігі шамамен 10 метр болатын, ұзақ жылдар бойы пайдаланылмаған, қоқысқа толы және үсті көлік дөңгелегімен жабылған ескі құдыққа құлап кеткен.
Көмекке алғашқы болып ауыл тұрғыны, алты баланың әкесі, еркін күрестен жаттықтырушы Нұрбол Бердіғалиев жеткен. Ол ойланбастан құдыққа түсіп, қызды құтқаруға тырысқанымен, өз бетімен қайта шыға алмады. Байғанин ауданының әкімі Айбек Купеновтың айтуынша, алдын ала болжам бойынша, екеуі де құдық түбіндегі улы газдың буынан уланған.
– Бұл бұрын екі отбасы пайдаланған ескі құдық. Оның үсті ағаш тақтайлар мен дөңгелекпен жабылған. Қайғылы сәтте үш бала құдық маңында ойнап жүрген. Сол кезде қыз бала құлап кеткен. Нұрбол Бердіғалиев көмекке ұмтылып, төменге түсті. Алайда улы газдың буынан уланып қалған. Кейін құтқарушылар екеуінің денесін алып шықты, – деді аудан әкімі.
Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткенше, екеуі де қайтыс болған. Ал Полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Нұрбол Бердіғалиев 2017 жылы Жарлы ауылына көшіп келіп, Байғанин аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Осы жылдар ішінде ол облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін тәрбиеледі. Оның шәкірттерінің қатарынан 20-ға жуығы Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындаған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.