Ел аралап әрі сүйікті тобының концертін көзбен көру үшін туристік компаниядан тур сатып алады. Бірақ сапар уақыты жақындаған сәтте компания уәдесін орындамай, тұтынушыны тақырға отырғызған. Осыдан кейін Ақниет сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Алайда арадан жарты жыл өтсе де, кейіпкеріміз әлі күнге дейін толық қаражатын қайтара алмай келеді.
Кейінгі кездері елімізде осыған ұқсас жағдайға тап болғандардың қатары көбейіп барады. Арзан турдың азабын тартып, қалтасынан қағылған азаматтар жалған туристік компаниялардың интернет кеңістікте емін-еркін сайран құрып жүргеніне ашынады. Өкінішке қарай, дәл қазір олардың мұндай іс-әрекетіне «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұрған сыңайлы.
Қазір Қазақстанда жыл басынан бері туризм саласында қанша алаяқтық оқиғасы тіркелгені жөнінде нақты ақпарат жоқ. Бірақ құқық қорғау органдарына шағымын жеткізіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырған халық санының көптігіне қарап, көрсеткіштің кемімей тұрғанын аңғару қиын емес. Жоғарыда біз баяндаған Ақниеттің басынан өткерген оқиғасы да осыған дәлел. Кейіпкеріміз бізге төлем процесі, туроператордың сенім ұялататындай қандай тәсілдерді қолданғаны туралы баяндап берді.
– Осы уақытқа дейін Coldplay тобының Абу-Дабиде өтетін концертіне билет таба алмағандықтан, енді Оңтүстік Кореядағы кешін өткізіп алғым келмеді. Сонымен әлеуметтік желіні ақтарып отырып Оңтүстік Кореяға тур ұйымдастыратын компанияның жарнамасына көзім түсті. Турды таргет арқылы таптым. Қазір көбі шетелге авторлық тур ұйымдастырып жатады. Бірақ оған аса сене қоймағандықтан, туристік компаниялар арқылы барғанды жөн көрдім. Мен бұл компания жарнамалаған турға не үшін сендім? Себебі олар осыған дейін Coldplay тобының Абу-Дабиде өткен концертіне тур жасаған. Мен турды олардың (туристік компанияның – ред) қолында концертке алдын ала сатып алынған билет бар болғаны үшін алдым. Себебі Кореядағы концертке билет табу қиын еді. Оның үстіне, концертті өзім жалғыз емес, турмен бірге тамашалаймын деген үміт болды, – деді ол.
Ақниет жарнаманы көрген соң туристік компания өкілдеріне WhatsApp желісі арқылы байланысқа шыққан. Олар турды сатып алар алдында тұтынушыдан 50% алдын ала төлем талап еткен. Егер Оңтүстік Кореяға кіруге арналған электронды рұқсат қағазы К-ЕТА шықпай қалған жағдайда, ақшаның 5 пайызын әкімшілік алымға төлейтінін, ал қалған қаражат толық қайтарылатынын айтып уәде берген. Тағы бір маңызды тұсы, жарнамада тұтынушыға виза рәсімдеуге көмектесетіні және оның құны тур ақысының ішіне кіретіні анық көрсетілген. Бірақ кейіпкеріміз К-ЕТА мен визаға құжат тапсырған уақытта компания өкілдерінен екіұшты жауап алып, соңында тағы да өз қалтасынан ақша шығаруға мәжбүр болған. Турасын айтқанда, жарнамадағы жазба жылтыр уәде болып шыққан. Тур сатып алар алдында екі тарап арасында келісімшарт болуға тиіс. Бірақ Ақниетке жіберілген келісімшартта Қазақстаннан ұшып шығу уақыты ретінде мүлдем басқа күн көрсетілген. Осыны айтып шағымданған тұтынушыға компания «қайта өзгертеміз» деп жауап қатқан да, ұшты-күйлі жоғалып кеткен.
– Маған виза беруден бас тарту туралы ақпарат келді. Туристік компания өкілдеріне жағдайды айтып, ақшаны қайтаруды талап еттім. Бірақ олар визаға екінші рет тапсырып көруімді сұрады. Соңында олар байланысты үзе бастады. Мен бірден заңгердің көмегіне жүгіндім. Телефонда сақталған барлық скриншоттарды жібердім. Тіпті, менің қолымда ешқандай келісімшарт болмады. Туристік компанияға сотқа дейінгі талабымызды жібергенімізбен, олардан жауап келген жоқ. Жақында ғана сәуірден бері жалғасқан сот аяқталды. Міне, жарты жыл күттім. Туристік компания қаражаттың жартысын ғана жіберді. Ең ашынатын тұсы, олар өз іс-әрекеті үшін кешірім де сұраған жоқ. Ең болмағанда жағдайды түсіндіріп, балама шешім де ұсына алмады, – деді Ақниет.
Жалған турфирманы қалай анықтауға болады?
Қазір әлеуметтік желіде арзан тур ұсынып, халықты алдап жүрген жалған компаниялардың көбеюіне не себеп? Олардың заңды туроператордан басты айырмашылығы неде? Арзан турлардың артында кейде ұйымдасқан қылмыстық топ тұруы мүмкін деген пікір бар. Бұл қаншалықты рас? Біз осы мәселелер турасында туризм сарапшыларының пікірін тыңдап көрдік. Туризм маманы, инфлюенсер Жансая Менилбаева алаяқтардың айласын оңай іске асыруына қаржылық сауаттың төмендігі, жарнаманың бақылаусыз қалуы және азаматтардың тек бағаға қарап шешім қабылдауы әсер ететінін айтады.
– Кейінгі жылдары нарықта көлеңкелі қызмет көрсетушілердің саны күрт артты. Мәселен, 5 жыл бұрын Шарын шатқалына барған туристер саны қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда аз болатын. Қазір қайда барсаңыз да, туристердің қарасы қалың, ал олардың көп бөлігін заңсыз жұмыс істейтін турфирмалар тасымалдап жүр. Пандемиядан кейін халықтың саяхатқа деген қызығушылығы артты. Әрине, барлық адам қолжетімді бағаны іздейді. Осыны пайдаланған алаяқтар әлеуметтік желіде «ерекше жеңілдікпен тур» ұсынып, адамдарды алдап жүр. Жауапкершілік тек мемлекетке немесе тек тұтынушыға жүктелмейді. Мемлекет лицензиялау мен бақылауды күшейтуі керек, ал әр азамат компанияның сенімділігін тексеріп, өзін қорғауды үйренуге тиіс, – деді маман.
Сарапшы турфирманың алаяқтар екенін айғақтайтын негізгі белгілерді тізіп өтті. Олар өте төмен баға, ресми құжаттың болмауы, төлемді жеке шотқа сұрау, сондай-ақ офис пен лицензияның жоқтығы. Егер сіз таңдаған турда аталған белгілердің бірі бар болған жағдайда, бірден бас тартқан абзал.
– Олар ең алдымен «арзанға» жүгіреді сүйенеді. Мысалы, басқа компаниялардан екі есе төмен бағада «бәрі қосылған» тур ұсынады. Толық алдын ала төлем сұрайды, келісімшарт жасамайды, ал жасаса жалған құжатпен шектеледі. Әдетте, кеңселері болмайды, тек әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатады. Ал заңды туроператордың лицензиясы, кеңсесі, ресми сайты мен жұмыс телефондары болады. Клиентпен міндетті түрде келісімшарт жасасады және туристік сақтандыруды ұсынады, – деді Жансая Ғаниқызы.
Жарнаманың шынайылығын қалай тексереміз?
Әлеуметтік желідегі жарнаманың шынайылығын бірнеше жолмен анықтауға болады. Сарапшы бұл тұста турдың рас-өтірігін 100 пайыз анықтау мүмкін емес екенін айтады. Дегенмен ең алдымен компанияның ресми мәртебесін тексеріп, кеңсесінің бар-жоғын анықтау, оқырмандар жазған пікірлерге мән беру, төлем жасау тәртібі мен жарнамалау стиліне назар аудару қауіптің алдын алуға көмектеседі.
– Egov порталы немесе Туризм индустриясы комитетінің сайтынан компанияның лицензиясы бар-жоғын көруге болады. Бұл – ең сенімді әдіс, өйткені заңды оператор міндетті түрде мемлекеттік тізілімде тіркеледі. Егер мүмкіндік болса, компанияның кеңсесіне барып көру маңызды. Шынайы туроператорлар жасырынбайды, нақты мекенжайы мен байланыс нөмірі бар. Бұрынғы туристердің пікірлерін оқыған дұрыс. Бірақ жалған пікірлердің көптігін ескеру керек. Сол себепті бір дереккөзге ғана сенбей, бірнеше тәуелсіз платформадан тексерген жөн. Ең негізгі ереже – төлемді тек компанияның ресми есепшотына аудару. Егер ақша жеке адамның картасына түсіп жатса, ол компанияның заңды түрде тіркелмегенін көрсетеді. Сондай-ақ «тек бүгін», «арзан баға», «соңғы орын» сияқты асықтыратын жарнамалар – көбіне алаяқтардың әдісі. Бұл тұтынушыны ойланбастан шешім қабылдауға итермелейді, – деді сарапшы.
Кей жағдайда арзан турлардың артында ұйымдасқан қылмыстық топ жасырынуы мүмкін. Бұл пікірді туризм мамандары да жоққа шығармайды.
– Иә, бұл пікірдің жаны бар. Құқық қорғау органдарының дерегінше, 2024 жылы Қазақстанда 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 13%-ға көп. Келтірілген жалпы шығын 20 млрд теңгеден асып отыр. Өкінішке қарай, осы статистиканың ішінде туризм саласына қатысты мәселелер де бар. Бұл жай алаяқтық емес, ол қаржылық қылмыс, – деді Ж.Ғаниқызы.
Еуропада «қорғаныс қоры» құрылған
Әлемдік тәжірибеге назар салып қарасақ, Еуропада туристерді қорғау үшін арнайы «қорғаныс қоры» құрылып, агенттік банкротқа ұшыраған жағдайда да тұтынушыға ақшаны қайтарып беру мүмкіндігі қарастырылған. Мысалы, Данияда пандемия уақытында туристік агенттіктерге қолдау көрсету мақсатында Travel Guarantee Fund жүйесі енгізілген. Осының арқасында туристік агенттік қарызға батса да, туристерге ақшаны қайтару немесе өтемақы беру қамтамасыз етілген. Одан өзге Францияда туристік агенттік банкрот болған жағдайда арнайы қорға жүгіну мүмкіндігі бар. Мәселен, FTI France банкрот болған кезде, APST туристерге қайтарым жасау немесе балама қызмет ұсыну тетігін іске қосқан. Ал Қазақстанда туристің ақшасы қайтарылмай қалған жағдайда тұтынушы құқығы қалай қорғалады?
– Егер туроператор ресми лицензиясы бар заңды компания болса, турист Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне немесе сотқа шағым түсіре алады. Қазақстанда туроператорлардың жауапкершілік қоры бар, сондықтан белгілі бір жағдайда туристің шығыны өтеледі. Алайда егер турист жалған компанияға алданып қалса, өкінішке қарай ақшаны қайтару өте қиын. Мұндай жағдайда тек полицияға арыз беріп, қылмыстық іс қозғауды талап етуге болады, – дейді Ж.Менилбаева.
Жалған турдың салдары – жеке адамның қаржылық шығыны ғана емес, бүтін бір қоғамның сеніміне әсер етуші фактор. Бақылаусыз қалған әрбір арзан жарнама – жаңа құрбандықтың алғышарты деп қарауымыз тиіс.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы