in

Ауа сапасын жасанды интеллект анықтайды

Солардың бірі – Almaty Air Initiative қоры түйіткілді алдын алу үшін қазір AI-технологияны сынақтан өткізіп жатыр. Бұл дегеніміз, шаһардағы ауа сапасы енді жасанды интеллект көмегімен анықталады. Америкада жасалған құрылғы Орталық Азия бойынша алғаш рет Алматыда орнатылды. Заманауи технологияға негізделген құрылғы шағын микроскоп пен арнайы магнитті лентадан тұрады. AI-алгоритмі лентаға жиналған бөлшектерді зерттеп, аллерген түрлерін ажыратуға мүмкіндік береді. 

– Лентаға өлшемі 0,3 мик­рон­нан бастап қатты бөлшектер жабысады. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, адам шашының қалыңдығы –ша­мамен 50-100 микрон. Әрбір минут сайын микроскоп лен­та­ны суретке түсіріп, жақыннан түсірілген көріністі серверге жол­дайды. Сол жерде бөл­шек­тер танылады. Бөлшектер лен­таға корпустың арнайы тесігі ар­қылы түседі. Ал корпус метал­дан жасалған, себебі ол ішкі бөліктерді зақымданудан, жауын-шашыннан және желден қорғайды, – деді Almaty Air Initiative қорының атқарушы ди­рек­торы Жұлдыз Сәуле­бе­кова.

Аллергендер мен шаң-тозаң түрлерін ажырату үшін жасанды интеллект компьютерлік көру (Computer Vision) және машина арқылы оқыту (Machine Learning) әдістерін қолданады. Қара­пайым тілмен айтқанда, сурет серверге жүктелгеннен кейін бағ­дарлама әрбір бөлшекті тал­дап, оны жүз мыңдаған өзге бей­нелермен салыстырады. Зерт­теу нәтижесінде, бөлшектің қай санатқа жататыны анық­та­лады. Жұлдыз ханымның сөзін­ше, датчик көрсеткіші Алма­ты­дағы күзгі ауа құрамында көбіне түр­лі өсімдіктер мен ағаш­тар­дың тозаңы (жусан, амброзия), кө­герген саңырауқұлақ спора­лары, құм және басқа да бөл­шек­тер кездесетінін көрсеткен. Құр­ғақ климатқа байланысты Алматыдағы құрылғы Еуропа мен Америка қалаларындағы осындай датчиктерге қарағанда әлдеқайда көп шаң-тозаңды тір­кейді. 

– Қазіргі уақытта әлемнің түр­лі елінде орнатылған осын­­дай датчиктерден күн сайын жаңа бөлшектер мен ал­лер­гендердің бейнелері базаға қо­сылып отырады. Сол себепті жүйе үздіксіз жетіліп, тану мүм­кін­дігін арттырады. Егер база ішін­де сәйкес үлгі табылмаса, ма­мандар бөлшекті қолмен анық­тайды. Әдетте мұндай са­нат­қа құм түйіршіктері мен шаң жатады.

Деректер автоматты түрде әр­түрлі елден жиналған үл­кен ақпарат массивімен салы­с­тыры­лады. Егер жүйе бөлшекті анықтай алмаса немесе қате атау берсе, оны қолмен тексеріп, тү­­зетуге мүмкіндік бар. Мы­са­лы, 22 қыркүйекте құрал ауа­да­­ғы жусан тозаңының күрт кө­­бейгенін тіркеді. Дәл сол күні әлеуметтік желілерде көптеген қол­данушы аллергиясының кү­шейгеніне шағымданды, сон­дай-ақ Алматы мен Алматы об­лысының тұрғындары тара­пы­нан «аллергия» тақырыбына қа­тысты іздеу сұраныстары арт­ты. Аллергологтар бұл кезең­де жусан гүлдеуінің екінші мау­сы­мы басталғанын атап өтті. Біз бо­лашақта осы деректерді әдет­тегі стандартты әдістеме бойын­ша микроскоп арқылы жаса­ла­тын дәстүрлі қол талдауымен са­лыстыруды жоспарлап отыр­мыз, – деді ол.

Құрылғы қаланың Сәтбаев – Байтұрсынұлы – Сейфуллин – Тимирязев көшесімен шек­тел­ген аумақтағы кеңсе шаты­ры­на орнатылған. Бұл орын сы­­нақ кезеңін өткізуге өте қо­лайлы, себебі аталған аймақта кө­мір жағатын қазандықтар не­месе фондық ластануды «бұр­малайтын» өзге де көздер жоқ. Құрылғы Алматыға тән аллер­ген­дерді дәл анықтап, қоршаған ортадағы өзгерістерді нақты тір­кей алады.

– Құрылғы қаладағы жасыл же­лек мол шоғырланған ай­мақ­та орналасқан. Бұл да зерттеу үшін қолайлы жағдай жасайды. Деректер белгілі бір уақыт ара­лы­ғында тұрақты түрде жина­ла­ды, бірақ нәтижелер әр сағат сайын көрсетіледі. Құрылғының жұмысы минус температураға дейін жалғасады. Қыс мезгілінде ол уақытша алынып, көктемде қайта орнына қойылады. Осы­лайша, деректерді жүйелі түрде жинақтау жұмысы жалғаса бе­ре­ді, – деді Ж.Сәулебекова.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа технологияның әлеуеті Алматыдан бөлек, еліміздің өзге қалалары үшін де өзекті. Себебі ауа сапасының ластануы рес­публика бойынша тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, ал­лер­гиялық белгілер мен тыныс алу ауруларының жиілеуіне ықпал ете­ді. Жұлдыз ханымның пі­кі­рін­­ше, мұндай технология қа­ра­пайым азаматтардан бастап, дә­рігерлер мен зерттеушілерге, тіп­ті билік өкілдеріне де пай­да­лы болмақ. Қазір мамандар Ал­­­маты қаласында датчиктер же­лісін кеңейту үшін серік­тес­тер іздестіріп жатыр. Олар келе­шек­те мұндай тәжірибені Қа­зақ­станның басқа қалаларында да қолдануға мүмкіндік бар еке­нін жеткізді.

– Қазір деректер кез келген қа­ла тұрғыны үшін қолжетімді. Ол үшін www.dashboard.air.org.kz сайтындағы бөлшектерді тал­дауға арналған арнайы бө­лім­ге кірсеңіз жеткілікті. Алдағы уа­қытта біз сайтты мобильді қо­сым­шаға айналдыруды жос­пар­лап отырмыз. Сонда әрбір ал­матылық ауа сапасы мен құра­мы­на қатысты ақпаратқа оңай қол жеткізе алады. Болашақта мұн­дай деректер аллергия мау­сы­мының ұзақтығын дәл ба­қылауға, ауадағы бөлшектердің күрт көбеюін уақытылы анық­тауға көмектеседі. Осы дерек­тер­дің негізінде зерттеулер жүр­гізіп, аллергияның өршуін бол­жауға, халықты алдын ала ес­кертуге, қауіптен қорғану ша­раларын енгізуге болады, – деді Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Ж.Сәуле­бекова.

Естеріңізде болса, осыған дейін Швейцарияның IQAir ком­паниясы жүргізген зерт­теу­де Алматы әлемдегі ең лас қа­ла­лар­дың ондығына енген еді. Тіп­ті, бірінші күні-ақ тізімнің 5-ор­нына жайғасқан. Бұл уа­қыт­та Алматыдағы ауа сапа­сы­ның орташа көрсеткіші AQI (ауа сапасы көрсеткіші) 169 болды. Зер­ттеу қорытындысы бойын­ша, қаладағы түтін көлемінің деңгейі «денсаулыққа өте зиян» деп бағаланған. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы