in

АЭС-тегі апатты жағдай: медузалар ірі атом стансасының сүзгілерін бітеп тастаған

Францияның екінші ірі атом электр стансасының тоқталу себептерін Aikyn.kz  британдық BBC News хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.

Медузалар Палюэль атом электр стансасы мен оның сорғы стансасындағы сүзгілерді бітеп тастаған. Фото manatour.fr сайтынан алынды

Франциядағы электр энергиясын өндіру көлемі бойынша екінші ірі атом электр стансасы – Палюэль АЭС-де төрт ірі реактор орналасқан. Бір ай ішінде медузалар екінші рет Францияның ең ірі атом стансаларындағы елеулі ақауға себеп болған.

Францияның EDF ұлттық энергетикалық компаниясының мәліметінше, медузалар Палюэль атом электр стансасы мен оның сорғы стансасындағы сүзгілерді бітеп тастаған.

Төтенше оқиға салдарынан Нормандиядағы стансада электр энергиясын өндіру көлемі 2,4 гигаватқа азайды. Қазіргі уақытта мамандар стансаны толық қуатына қайта қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Тамыз айында Франциядағы тағы бір ірі ядролық нысан Гравлин АЭС-де де электр энергиясын өндіру медузалардың кесірінен тоқтаған болатын. Онда «алып әрі алдын ала болжауға келмейтін» медузалар басып кіріп, стансаның жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр еткен.

Соңғы төтенше апат салдарынан жалпы қуаты 5,2 гигаватты құрайтын Палюэль АЭС-нің электр өндіруі екі есеге дейін қысқарған. Төрт реактордың бірі толық тоқтатылып, екіншісі қауіпсіздік мақсатында аз қуатта жұмыс істеуге ауыстырылды.

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) мәліметі бойынша, Францияда тұтынылатын электр энергиясының шамамен 70%-ы атом электр стансаларында өндіріледі.

Палюэль – Франциядағы ең ірі АЭС-тердің бірі, оның әрбір төрт энергоблогы 1 300 мегаваттан астам электр энергиясын өндіреді.

EDF компаниясы өз мәлімдемесінде медузалардың стансаның ядролық емес бөлігіндегі сүзгілерге енгенін, оқиғаға байланысты жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де (Гринвич уақытымен 19:00-де) шұғыл шаралар қабылданғанын хабарлады.

Компания мамандары екі реактордың жұмысын толық қалпына келтіру үшін қажетті диагностика және жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өткен.

Алғашқы АЭС Қазақстанда өндірілетін электр қуатының бар болғаны 1,5%-ын ғана өндірсе инвестиция тиімділігі өте төмен болады. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Julian Stratenschulte

Бұның Қазақ еліндегі алғашқы АЭС-ке де қатысы бар

Францияда тұтынылатын электр энергиясының шамамен 70%-ы атом электр стансалары өндіреді. Ал біздегі алғашқы АЭС-тің қуаты елдің электр энергиясының шамамен 1,5%-ын ғана қамтамасыз ететін көлемде болады. Бұған қарамастан, билік оны стратегиялық маңызы бар жоба деп бағалап отыр. Оның болжамдық экономикалық тиімділігі мен қатерлеріне байланысты жауапсыз сұраулар көп.

АЭС жобасының экономикалық күмәнді тұстарына мыналарды жатқызуға болады:

Біріншіден, жоба өте қымбат және іске асырылу мерзімі ұзақ болғандықтан, оның экономикалық қайтарымы тым күмәнді болып көрінеді. Алғашқы жобаланған АЭС елдегі өндірілетін электр энергиясының бар болғаны 1-1,5%-ын ғана өндірсе, инвестиция тиімділігі өте төмен болмақшы.

Екіншіден, радиоактивті қалдықтарды сақтау және апат қаупі үлкен мәселе тудырады.

Үшіншіден, Семей ядролық полигонының зардаптарын ұмыта қоймаған қоғамда сенімсіздік пен үрей, ішкі қарсылық ұзақ уақыт сақталып қалған. Бұл болашақта елдегі саяси тұрақтылық пен билікке деген сенімге кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы айтылғандардың салдарын, саяси-экономикалық, экологиялық тәуекелдерін әлі де бағалап, болашақта ескерген жөн болар еді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.