in

Ақтөбеде тұрғындар кішкентай қыз баланы "ертіп әкетпек болған" әйел туралы айтты: күдікті ұсталды

Ақтөбе тұрғындары қалада бала ұрлап кетпек болған оқиға туралы баяндады. Бұл жайттан соң полицейлер бойжеткенді ұстады. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды "Диапазон" басылымына сілтеме жасаған astana24.com.

Ақтөбеліктер Есет батыр ауданында белгісіз адам кішкентай қызды ұрлап кете жаздағанын хабарлады.

"Аулада ойнап жүрген кішкентай қызды белгісіз бойжеткен шақырған. Ол: "Жүр, саған сақина беремін", – деп, алдап алып кетпек болған. Сонымен қатар ол баладан сырғасы бар-жоғын сұраған.

Бала барғысы келмегенімен, бойжеткен оны көндіруге тырысқан. Сәті түскен бойда бала қашып кетіп, дүкенге тығылған. Осы жағдайдың барлығын басқа бір дүкеннің бейнебақылау камерасы тіркеп қалған. Бұл туралы бірден полицияға және учаскелік инспекторға хабарланды", – деп түсіндірді оқиға куәгерлері.

Полиция бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

"Ақтөбе қалалық полиция басқармасы аталған дерек бойынша оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.

Жедел-іздестіру шаралары барысында бойжеткеннің жеке басы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оның қатысуымен қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, оқиғаның себептері мен егжей-тегжейі анықталуда.

Тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады", – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық ПД өкілдері.