in

Ақ үй терезесінен лақтырылған заттарға президент ЖИ-ді кінәлады

Gizmodo.com сайтының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz  қарапайым видеоның неліктен соншалықты талқылау туғызғанын түсіндіреді.

Президент видеоны көру үшін тілшіден телефонын сұратып, «бұл терезелер толықтай жабылған» деп бірнеше рет қайталаған. Фото Gizmodo.com сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Saul Loeb

Сейсенбі күнгі (2 қыркүйек) баспасөз конференциясында президент Дональд Трамптан осы видео туралы сұралғанда, ол оның жасанды интеллект арқылы жасалуы мүмкін екенін айтты. Ал Ақ үй қызметкерлері Time журналына берген түсініктемесінде бұл тек жоспарлы қызмет көрсету жұмыстары екенін жеткізген.

Вирустық видео алғаш рет 31 тамызда WashingtonianProbs атты Instagram парақшасында жарияланған.

«Біздің қауымдастықтың бір мүшесі бүгін Ақ үйдің терезесінен лақтырылған бірдеңелерді байқады. Жексенбі күні толық тазалау жасап жатырсыздар ма?» – деп жазылған жазбада.

Кейін видео X, Bluesky, Threads және TikTok секілді платформаларда да кеңінен тараған. Бұл күндері америкалықтар Трамптың денсаулығына алаңдап жүрген уақыт еді. Соңғы апталарда оның оң қолы көгеріп жүрген, әрі мереке күндері жұрт алдына шықпауы президент туралы алып-қашпа әңгімелерді күшейткен.

Дональд Трамп АҚШ Ғарыштық қолбасшылығының штаб-пәтерін Колорадо штатынан Алабамаға көшіру туралы мәлімдеген баспасөз конференциясында Fox News тілшісі Питер Дуси одан «терезеден лақтырылып жатқан заттар» жайлы сұраған.

– Интернетте Ақ үйдің видеосы таралуда. Екінші қабаттағы ашық терезеден үлкен қапшықты лақтырып жатыр. Сіз көрдіңіз бе? – деп сұрады Дуси.

– Жоқ, бұл, бәлкім, ЖИ арқылы жасалған. Шын мәнінде, ол терезелерді ашуға болмайды. Неге екенін білесіз бе? Олардың бәрі брондалған және оқ өткізбейтін, – деп жауап берді Трамп.

Ол видеоны «жалған» деп атап, «мен ол жердегі әрбір терезені білемін» деген. Трамп сонымен бірге «бүкіл жерде камералар орнатылғанын» айтып, тіпті бірінші ханым Мелания таза ауа жұту үшін терезе аша алмайтынына шағымданғанын қосқан.Президент Трамп видеоны көру үшін тілшіден телефонын сұратады. Экраннан көрген соң, тағы да «бұл терезелер толықтай жабылған» деп бірнеше рет қайталаған. Трамп кейін сөзін жалғастырып, дәстүрлі медианы айыптағандай болды. 

«Олар әдетте осылай істейді», – дейді ол. Бірақ қызығы, видео алғашында дәстүрлі емес медиа-платформаларда таралған еді. Одан да маңыздысы – Трамптың келесі сөздер болған:

«Жасанды интеллект жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Егер бірдеңе болып қалса, кінәні ЖИ-ге арта саламыз. Қазір тым көп жалған нәрселерді көріп жүрмін», – дейді ол. 

Одан кейін президент тағы бір тараған видеоны мысалға келтірді – онда ол жаңа туған сәбиден бастап ересек адамға дейін бейнеленген.

«Мен өзімді сәби кезімнен бастап қартайған шағыма дейін көрсеткен видеоны көрдім. «Мұны кім жасады?» деп сұрадым. Ол жасанды интеллектпен жасалған екен. Шынын айтсам, бұл біраз қорқынышты. Бірақ бәрібір терезелер қатты жабық», – деп қосқан Трамп.

Ал видеода шынымен не болған? Time журналының мәліметінше, бұл ЖИ емес, кәдімгі жоспарлы техникалық жұмыс болған. Ақ үйдің аты-жөнін атамаған өкілі:

«Бұл президент жоқ кезде жоспарлы техникалық қызмет көрсетіп жатқан мердігер еді», – деген.

Бұл оқиға президент жоқ кезде жүргізілген қарапайым жөндеу жұмыстарының нәтижесі ғана болуы мүмкін.Ақ үйдегі қарапайым жұмыстар неге қызу талқыға түседі?

Ақ үй – АҚШ президентінің резиденциясы ғана емес, мемлекеттік биліктің символы. Ондағы қарапайым терезе жуу немесе жөндеу жұмыстарының бәрі «құпия мәні бар» деп қабылданады. 

Демалыс күні таралған видео Трамптың денсаулығына қатысты қауесеттер өршіп тұрған кезде таралды. Оның қолының көгеруі, көпшілік алдына шықпай қалуы сияқты факторлар қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Сондықтан кез келген «күдікті көрініс» президенттің жағдайына қатысты жаңа әңгімелерге себеп болады.

Ақ үйде болған оқыс оқиғалар дәстүрлі медиа ғана емес, Instagram, TikTok, X сияқты әлеуметтік желілерде бірден таралады. Әлеуметтік желі алгоритмдері дүрлігуді күшейтіп, қарапайым техникалық жұмыстың өзін «вирустық оқиғаға» айналдырады.

Сондықтан Ақ үйдегі кез келген ұсақ-түйек нәрсе саясатпен байланыстырылып, символдық маңызға ие болып жатады. Бұл жерде мәселе оқиғаның өзінде емес, оны қоғамның қалай қабылдайтынында жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.