in

Балалы мектептің базары тарқамайды

Мұны жұрт жақсы қабылдады. Ресми мәлімет бойынша жаңа аудандарда тіршілік жанданды, инфрақұрылым жақсару үстінде. Әйткенмен, шекара жанындағы елді мекендердің шағын жинақты мектептерінің жабылу қаупі сақталды. Парламент бұл проблеманы шешуге де Үкімет назарын аудартып отыр.

Шекарадағы ауылдарға – ерекше мәртебе

2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отыры­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шекара қасындағы аумақтардың ахуалын бақылауда ұстауды, олардың жұртшылығына жан-жақты көмек­тесуді жүктеген болатын.

– Ауылды дамыту тұжырым­да­масында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыстың негізгі бағдары айқындалған. Шеткері жатқан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе! Осы бағытта жұмысты бел­сенді жалғастыру керек. «AMANAT» партиясы шекара маңындағы аудан­дарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынды, – деген Пре­зидент Үкіметке депутаттармен бірге бұл бастаманы жан-жақты қарас­тыруды жүктеді.

Шекаралық аудандарға ерек­ше мәртебе беретін арнайы заң жобасын талқылауға депутаттық корпус жаңа сессиясында кіріспек. Бұл өте маң­ыз­ды міндет, себебі мем­лекеттің шекарасының амандығы – елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің берік­тігінің нышаны. Мұның сырт­ын­да шекаралық аудандар Қазақ­станның аумақтық тұтастығын сақ­тау үшін стратегиялық маңызға ие. 

Қазақстанның 20 облысының басым көпшілігі – 14-і шекара бой­ындағы өңір: олар Ресеймен, Қытай­мен, Өзбекстанмен, Қырғыз Респуб­лика­сымен және Түрікменстанмен шектеседі. Шекаралық аймақта 65 аудан орналасқан, оларда 3,5 мил­лион адам тұрып жатыр. Соның ішін­де шекарадан 50 шақырымнан аспайтын аумақта 1 283 елді мекен орын тепкен, оларда 1,7 миллион адам өмір сүреді. 

Алайда «AMANAT» фракция­сының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, шек­арадағы 65 ауданның 40-ының халқы үдемелі түрде азайып барады. Бұған аудандардың біріктірілуі, климаттық жағдайдың адам тұруға қолай­сыз­дығы, аумақтың шөлденуі, жұ­мыс­сыздықтың жайлауы, Қазақстан­ның ішкері аудандарымен көлік қа­ты­насы­ның нашарлауы, әлеуметтік нысандардың жабылуы, инженерлік инфрақұрылымның тозуы, сондай-ақ Кеңес кезінде болған жеңілдік­тердің алып тасталуы ықпал еткен екен.

Әсіресе, бұл проблема СҚО, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында өткір тұр. Депутат Е.Саиров шекара­лық аумақ­тарды қолдауға бағытталған мемле­кеттік бағдарламалар мен стратегия­лық құжаттардың болуына қарамас­тан, олардың тетіктерінің толыққан­ды жұмыс істемейтініне екпін түсірді. 

Шекаралық аудандарға қатысты мемлекеттік қолдау шаралары әралу­а­н нормативтік актіге шашырап кет­кен, нақты басымдықтары бекі­тілмеген. Сондықтан жағдайды түп­кілікті түзету үшін жеке заң керек. Құжат «Қазақстанның шекаралық аумақтарын дамыту туралы» деген шартты атауға ие.

Баласы көп мектеп бәсекеде ұтады

Депутаттар бастамашылығымен әзірленген заң жобасының бюджет­тен шығыстарды талап ететін норма­ларына Үкімет пен Республикалық бюд­жеттік комиссияның рұқсатын алу­ға, мүдделі меморгандардың келі­сі­мінен өткізуге, сарапшылармен тал­­қылауға, басқа рәсімдеріне біраз уақыт, жылдар кетуі мүмкін. Оған дей­­ін шекаралық аумақтарды қол­дан­­ыстағы заң мен тетік аясында қол­­дауды күшейткен жөн. 

Мысалы, шекара шетіндегі ауыл-аудандарда білім ор­да­ларының тегіс жабылып қалуы­на жол бермеу маң­ызды. «Мектебі бар ауылда тіршілік бар» деп бекер ай­тыл­маған. Өйткені мектеп жабыл­са, ауылдан жас ұрпақ кетеді, балаларына мектебі бар елді мекен іздеп, ата-аналары көшеді. Жастары ауған ауыл қараң қалады. «AMANAT» партиясы фракциясы­ның мүшесі, Мәжіліс депутаты Нар­тай Сәрсенғалиев бұған жол бермеу үшін білім министрлігі жаңа бұйрық қабыл­дап, шағын жинақ­ты мектеп­тегі оқушы санына қатысты талапты шек­ара маңы елді мекендері үшін жоюы керек деп есептейді.

– Мәселе мектептің жұмыс істеп тұруына кепілдік беретін оқушы саны­ның шегіне қатысты. Батыс Қа­зақстан облысының 8 ауданы Ресей­дің 5 облысымен шектеседі. Бала сан­ының аздығынан БҚО-да соңғы үш жылда 12 бастауыш мектеп жа­былыпты. 2024 жылы Жәнібек, Те­ректі, Сырым, Қаратөбе аудандар­ында 4 бастауыш мектеп таратылған. Мектеп жабылды деген сөз бұғанасы қатпаған балалар өзге ауыл-ауданға оқуға кетуге мәжбүр дегенді білдіреді. Ол жақта оның қауіпсіздігіне, жатын орны мен ас-суына кім кепілдік бер­еді? Жұмыссыз қалған ұстаздар­дың хәлі нешік? Адамы көшкен ауыл картадан өшеді, – дейді депутат. 

Оның мәліметі бойынша, БҚО-­ның Ресеймен шектесетін 8 аудан­ының 7-еуінде бала санының азды­ғына байланысты мектептер жабыл­мақшы. Нормативке өзгеріс енгізіл­месе, тағы 13 мектепті толық көлемде сақтап қала алмайды. Осыған орай «аманаттық» депутаттар Үкіметке нақты ұсыныс енгізді. 

Білім және ғылым министр­лі­гінің 2022 жылғы 6 мамырдағы «Халықтың тығыздығына және елді-мекендердің қашықтығына қарай білім беру ұйымдары желісінің кепіл­дік беріл­ген мемлекеттік нормативін бекіту туралы» №185 бұйрығын өз­гертетін жаңа бұйрық қабылдау қажет. Сол арқылы ерекше жағдайда немесе шек­ара маңында орналасқан мектеп­тер үшін нормативтердің шегін азай­ту ұсынылды.  

Үкіметтің ақпаратынша, депут­аттар тілге тиек еткен 13 мектеп жа­был­мапты. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев ол­арға жауабында Батыс Қазақстан облы­сы­ның шекаралас аудандар­ында орна­ласқан 13 мектеп «бүгінгі күнде штаттық негізде жұмыс істеп жатқан­ы­на» сендірді.

– Әйткенмен, аталған мектеп­терде оқушы санының белгіленген жүктемеден едәуір аз болуына бай­ла­н­ысты жаңа 2025-2026 оқу жыл­ында жалпы орта білім беретін мек­тепті – негізгіге, негізгі орта мектеп­ті – бастауышқа ауыстыру не мүлдем тарату қаупі бар. Оқу-ағарту ми­нистрлігі БҚО әкімдігіне шекаралас ауыл мектептерін сақтап қалу және дамыту жөнінде хат жолдады. Қазір министрлік Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемле­кеттік нормативінен шекара айма­ғында орналасқан мектептерді алып тастау мәселесін пысықтап жатыр. Бұл мәселе Үкіметтің бақылауында және оны шешу жұмысы одан әрі жалғасады, – деді вице-премьер.

Қашықты компьютер еңсереді

Шағын жинақты мектептерге қатысты норматив бұған дейін жең­іл­детілген көрінеді. 2020 жылы бас­тауыш мектептерде – 5-тен 40 оқу­шыға дейін, негізгі мектепте – 41-ден 80 оқушыға дейін, орта мектеп­те – 81-ден 180 оқушыға дейін білім алуы «ШЖМ-ның негізгі белгісі» болды.  Бертінде, 2022 жылғы 6 ма­мыр­да Білім және ғылым министрі­нің №185 бұйрығы қабылданып, «Білім беру ұйымдары желісінің ке­п­ілдік берілген мемлекеттік нор­ма­тиві» бекітілді. 

– Нормативке сәйкес, әрбір ауыл­дық елді мекенде білім алушылардың жалпы саны сақталса, онда білім беру ұйымдарының жұмыс істеуіне кепілдік беріледі. Атап айтқанда, енді кіші мектеп жасындағы оқушы саны 5-еу болса, мемлекеттік бас­тауыш мектеп, кіші және орта мек­теп жасындағы бала саны 41 және одан көп болса, негізгі орта мектеп, ал, кіші, орта және жоғары сынып жасындағы оқушы саны 81-ден кем болмаса, онда жалпы орта білім беретін мектеп жабылмайды, – деді вице-премьер Е.Көшербаев.

Бұдан бөлек, Оқу-ағарту мин­истрлігі ел өңірлерінде ша­ғын жина­қты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту жобасын бастады. «Қазақ­стан халқына» қорының, Білім беру­ді тұрақты дамыту қорының қол­дауы­мен қолға алынған жоба бастап­қыда Ақтөбе облысында сынақтан өтті. Нәтижесінде, осы өңірдегі ше­кара­лық ауылдарда білім беру сапасы мен оқытудың тиімділігі айтарлықтай артқаны анықталыпты. 

Егер шекара жақтағы ауылға ин­тернет тартса, тұрғындары кему орны­на көбейеді. Сондай-ақ оқу са­па­сы да күрт жақсарады. Ақтөбе облы­сында жалпы саны 10,5 мың оқушы контингенті бар 134 шағын жинақты мектебі пилоттық жобамен қамтылды. 

Жоба қорытындысында мектеп­тердің 77,4%-ы жоғары сапалы ин­тернетке қол жеткізді. Ғаламтор болса, мектептің де қажеті болмауы мүмкін, балалар дамыған елдердегі сияқты қашықтан оқытуға көшіріледі және көрші ауыл-аудандарға қатына­майды. Олай болса, отбасыларға да көшудің қажеттілігі болмайды.

– Жобаны іске асыру нәтижесінде тірек мектептер шалғай ауылдардың балаларын онлайн оқытуға арналған 155 жаңартылған цифрлық кабинет пен зертханалық жұмыстарды жүр­гізу­ге арналған ғылым кабинеттерге қол жеткізді. Сондай-ақ 1 мыңнан астам педагог білім беру бағдарлама­лары бойынша оқудан өтті. Оқу жетіс­тіктеріне жүргізілген мони­торинг нәтижелері барлық пәннен оқушылардың үлгеріміндегі оң дина­миканы көрсетті, – дейді Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті төр­аға­сының орынбасары Әлия Чокушева.

Нақтылағанда, жоба аясында 1 072 сандық есептегіш, 804 пәндік стенд, 771 ноутбук, 155 интерактивті тақта, компьютерлер, принтерлер мен пән­дік жинақтар алынған. Жоба шең­берінде ШЖМ-дерде математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерін оқыту жаңа модель бойынша жүргізіледі. 

Біріншісі – синхронды оқыту: бұл нақты уақыт режимінде жүргізілетін оқыту моделі. Онда шекара қасын­дағы, қияндағы ауылдың балалары тірек елді мекендегі құрбы-құрдас­тарымен бірге, бір педагогтен онлайн сабақ алады. Екіншісі – аралас-гиб­рид­ті оқыту. Онда балалар онлайн және өз бетінше қашықтан оқи ала­ды. Үшіншісі – ШЖМ-де цифрлық шешімдерді пайдалана отырып, бірақ офлайн жүргізілетін сабақтар. Бұл ин­тернет байланысы тұрақты емес елді мекендерге жарайды. 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бей­сембаев та Ақтөбе облысында жүзеге асырылған «тірек мектебі – шағын жинақты мектеп» моделінің тиімді­лігін растады. Жоба нәтижесі 2023 жыл­мен салыстырғанда шағын жи­нақ­ты ауыл мектептеріндегі білім сапасы орта есеппен 7%-ға артқанын көрсетті. Бір жыл үшін бұл – үлкен жетістік. Облыста цифрлық білім беру экожүйесі қалыптасып, сапалы интернетке қол жеткізу мәселелері шешіліпті. Тиісінше, Оқу-ағарту мин­истрлігі оны еліміздің барлық өңірінде енгізуді ұсынып отыр.

– Жоба аясында Ақтөбе облыс­ында жүргізілген кешенді жұмыстар шағын жинақты мектептердегі білім сапасының артуына серпін берді. Біздің министрлік ұлттық үйлестіруші ретінде соның негізінде ауыл мектеп­терінің даму стратегиясын әзірледі. Енді әкімдіктер стратегияны басшы­лыққа алып, жобаны масштабтау жұ­мысын кезең-кезеңімен қамтама­сыз етуі қажет, – деді министр.

Ведомствоның хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда 8 мың мектеп болса, соның 67,4%-ы ауылдық жерде орналасқан. Оның 51,2%-ы (шамамен 2,7 мыңдай) шағын жинақты мек­тептер. Оларда 2024-2025 оқу жыл­ында 187,2 мың бала оқыған. Мұн­дай білім ордаларының ең көбі Сол­түстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Пав­ло­дар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан. 

Жобаға енді 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысып жатыр. Ал үшінші кезеңде қалған шағын жинақты мектептің бәрі толығымен қамтылуға тиіс. Осы арқылы шекаралық аумақтардың тағы бір проблемасы шешіледі деген үміт бар.

Елдос СЕНБАЙ