Тұрғын үй нарығындағы бұл құбылыс әр тамыз-қыркүйек айында қайталанатын әдетке айналған. Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының басым бөлігі дәл осы шаһарда орналасқандықтан, қыркүйек айының қарсаңында қалаға шабаданын арқалаған мыңдаған студент ағылады. Сондықтан да болар, мегаполисте әлі күнге дейін жатақхана жетіспеушілігі байқалатынын ескерсек, бұл түйткіл пәтер құнының өсуіне де айтарлықтай әсер етіп отыр.
«Сабақтан кейін курьер болып жұмыс істеймін»
Түркістан облысындағы ауылды аймақтан Алматыға арман қуып келген Диас биыл 2-курста білім алады. Алғашқы курста ол университетке тиесілі жатақханада тұрған. Алайда 2 курсқа өткен соң, Диас орын жетіспеушілігіне байланысты жатақханадан шығарылған. Қазір қала шетінен 4 жігіт бірігіп пәтер жалдап тұрады.
– 1-курста жатақханада тұру – өмір сүруім үшін қолайлы болды. Ай сайынғы шығыным да аз еді. Бірақ 2-курсқа өткен соң амалсыз пәтер жағалауға тура келді. Баға қымбат, ай сайынғы жалдау құнын ата-анама арта бергім келмеді. Сондықтан сабақтан кейін курьер болып жұмыс істеймін. Әрине, сабақ пен жұмысты қатар алып жүру оңай емес, кейде қатты шаршап қаламын. Бірақ одан басқа амал болмай тұр. Ең қиыны сол, пәтер іздегенде үй иелері «студенттерді алмаймыз» деп кері қайтарып жібереді. Болашақта армандаған мамандығымды меңгеріп, өз пәтерімді сатып алсам деймін, – деді студент.
Диастың күйін кешкен өзге де студенттер жатақханадан орын табыла қоймағандықтан, қала ішінен пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Олар бағасы қалтаға тиімді пәтерді көбіне Krisha.kz қосымшасынан немесе Telegram топтардан іздейді. Осыған байланысты біз де аталған онлайн платформаларға тіркеліп, жалға алу нарығын бақылап көрдік. Бірақ байқағанымыздай, Krisha.kz қосымшасына хабарландыру жариялаған жалға берушілердің басым көпшілігі «студенттерді қарастырмайтынын» атап көрсеткен. Ал Telegram желісіндегі 55 мыңға жуық қолданушы тіркелген онлайн чаттарда күн сайын ондаған хабарлама келіп түседі. Мәселен, қыркүйек айының 8-жұлдызында чатта пәтер іздеген 70-тен астам желі қолданушысының хабарландыруы жарияланған. Бірі қала ортасынан арзан бағадағы нұсқаларды іздейтінін айтса, енді бірі пәтер құны қалтаға қонымды болу үшін қасына көрші іздейтінін жазады.
Нарықтағы өсім орта есеппен 15-18 пайызға жетті
Жақында аталған мәселеге қатысты жалға алу нарығында белсенді қызмет көрсететін компания Krisha.kz өкілдеріне бірқатар сауалымызды жолдадық. Компания өкілінің бізге берген ресми жауабына сүйенсек, 27 тамыздағы жағдай бойынша, бір бөлмелі пәтер шамамен 20 пайызға, екі бөлмелі пәтер 17 пайызға, үш бөлмелі пәтер 22,5 пайызға қымбаттаған.
– Қазір нарықта маусымдық сұраныстың артуына байланысты жалға алу бағасы өсіп жатыр. Бұл құбылыс Қазақстанның ірі қалаларында жыл сайын болады, әсіресе Алматы қаласында айқын байқалады. Сұраныс тамыздың алғашқы күндерінен бастап-ақ артып, біртіндеп күшейе береді. Нарықта арзан пәтерлер азайып, қымбат пәтерлер қалады. Қолжетімді баспананың тапшылығынан жалға алу құны өседі. Қазір нарықтағы өсім орта есеппен 15-18 пайызға жетті, – деді компания өкілдері.
Алматыда қазір жалға берілетін пәтерлердің орташа құнына келер болсақ, бір бөлмелі пәтерлер 240 000 теңге, ал екі бөлмелі пәтер 350 000 теңгеге дейін жетеді. Ескерелік, бұл орташа құны ғана. Әрі қарай жалға алу нарығындағы баспана бағасының қалай «ұшатынын» осыдан-ақ бағамдай беріңіз.
– Қазір Алматы қаласының Алмалы ауданында баға айтарлықтай өсті. Ең аз өсім Медеу мен Түрксіб аудандарында тіркелген. 1 шаршы метр тұрғын үйді жалға алу бойынша жағдай келесідей: Бостандық – 7 000 теңге, Медеу – 6 667 теңге, Алмалы – 6 581 теңге, Әуезов – 5 682 теңге, Наурызбай – 5 000 теңге, Жетісу – 5 000, Алатау – 4 800 теңге, Түрксіб – 4 600 теңге, – деді компания мамандары.
Риэлтор Саяжан Мұханова жалдау құнының динамикасы қыркүйек пен қазан айларында жоғары болатынын айтады. Оның болжамынша, баға қыста біршама тұрақталғанымен, инфляция мен коммуналдық төлемдердің қымбаттауына байланысты ақырындап өсе береді. Сондай-ақ риэлтор қазір жалға алу нарығында студенттерге жеңілдік жасаудан гөрі, бағаны көтеру тенденциясы басымырақ екенін атап өтті.
– Әр жыл сайын қыркүйекте сұраныс артқандықтан, пәтер бағасы бірден 10-20 пайызға дейін өседі. Бұл уақытша болса да, нарықтағы жалдау құнын көтеріп жібереді. Иә, кей жағдайда жалға берушілер студенттерді қарастыра бермейді. Пәтер иелері олардың төлемді уақытылы жасамауынан немесе көршілермен шу шығаруынан қорқады. Бірақ бұл мәселені шешудің жолы бар: ата-анасымен бірге келісімшартқа отыру, алдын ала бірнеше айға төлем жасау немесе риэлтор арқылы ресми шарт бекіту. Сонда жалға берушілер де студенттерге сеніммен қарайды. Пәтер берушілер негізінен студенттерге жеңілдік жасай бермейді, керісінше, сұраныс көп болған соң бағаны арттырады. Бірақ кейбір пәтер иелері ұзақ мерзімге жалға алатын студенттерге аз көлемде болса да жеңілдік жасайды, – деді риэлтор.
Пәтер жалға алу кезінде келісімшарттың болуы – студент үшін ең басты қорғаныс құралы. Өкінішке қарай, кейбірі ресми шартқа мән бермей, иесінің сеніміне сүйеніп әрекет етеді. Бірақ бұл қадам кейіннен үлкен тәуекелге апаруы мүмкін.
– Жалға беруші мен студент арасында көбіне қарапайым жалдау келісімшарты жасалады. Онда ай сайынғы төлем, мерзім, екеуара шарттар жазылады. Ал келісімшартсыз кірген студент үлкен қауіпке барады. Себебі пәтер иесі студентті кез келген күні шығарып жіберуі мүмкін немесе төлеген ақша қайтарылмай қалуы ықтимал, – деді С.Мұханова.
«Жатақханадан орын беріледі деп алаңсыз жүрдік»
Ақтөбелік Нағима ханымның (ред – есімі өзгертіліп берілді) қызы биыл Алматыға мемлекеттік грант негізінде оқуға түскен. Тамыз айының соңында жатақханада тұратын студенттердің тізімі белгілі болған. Осыған дейін 1-курс студентіне орын берілетініне іштей сенімді болып, артық уайымсыз жүрген ата-ананың тізімде қызының есімі жоқ екенін көрген бойда, ойы сан-саққа жүгірген.
– Қызым биыл Алматы қаласына грантқа оқуға түсті. Жатақханада тұру үшін онлайн өтінім жібердік. Университетке барып, барлық қажетті құжатты тапсырып, ауылға қайттық. Қызым биыл 1-курс оқитын болған соң, оларға міндетті түрде жатақханадан орын беріледі деп алаңсыз жүрдік. Ауылда қызымның жатақханасына қажет заттарын алып бастадық. Ақыры көп күттіріп, жатақханада тұратын студенттер тізімі жарияланды. Ал біз тізімде жоқпыз. Қызым ғана емес, оның сыныптастары да жатақханаға ілінбеген. Сабақтың басталуына бірер күн ғана қалды, студенттер не істейді? Бізге жекеменшік жатақханаларды ұсынды, алайда онда орын бірден толып қалды, – деді Нағима ханым.
Студенттің анасы мегаполистегі пәтер құнының бағасын естігенде «төбе шашы тік тұрғанын» айтады. Себебі қалаға енді ғана үйренісіп бастаған әрі тұрақты жұмысы жоқ алғашқы курс студенті үшін бұл баға қалтаға салмақ салады. Бірақ амалдың жоқтығынан ата-ана енді ай сайын пәтер ақысын төлеуге мәжбүр.
– Жатақханадан орын берілмегендіктен, амалсыздан пәтер іздеуге көштік. Туысқаным қаланың ішінен 6 қызға арналған жақсы нұсқа тапқанын, бағасы 450 000 теңге, одан бөлек 300 000 теңге депозит төлеу қажет екенін айтып хабарласты. Қала ішіндегі бір бөлмелі пәтер бағасы 300 000 мың теңге, онымен қоса 200 000 теңге депозиті болады екен. Шыны керек, мұндай бағаны естіп жағамды ұстадым. Қазір қызым құрбыларымен бірге 250 000 теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Пәтер иесі студенттерден алдын ала 100 000 теңге депозит ақысын сұраған, – деді студенттің анасы.
34 жатақхана пайдалануға берілген
Біз осыған дейін де жатақхана салу және орын тапшылығы мәселесін шешу бойынша Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасына сауалымызды жолдаған едік. Басқарма мәліметіне сүйенсек, шаһарда студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын азайту жөніндегі жұмысты тиімді үйлестіру мақсатында Алматы қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп, 2023 жылы студенттік жатақханалар салу жөніндегі жобалық кеңсені іске қосқан. Кеңсе жұмысын бастаған уақыттан бері қаладағы студенттерге арналған 34 жатақхана пайдалануға беріліпті. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде студенттерге арналған жатақхана орындарына сұраныс төмендеп, бастапқы 32,7 мың орыннан 23,7 мың орынға дейін қысқарған.
«Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективаларды» Жол картасын жүзеге асыру аясында биылғы жылдың соңына дейін 6 049 орынға арналған 15 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, – деп атап өтті Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының баспасөз хатшысы Мейіржан Келемеденов.
Бүгінде Алматыда 128 студенттік жатақхана мен 60 жеке хостел орналасқан. Бірақ бұл көрсеткіш екі миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис үшін аздық етеді, яғни қажеттілік бұдан да көп. Жатақхана тапшылығын шешу бірнеше тараптың, дәлірек айтсақ, мемлекет, университет және нарық өкілдерінің бірлескен әрекетін қажет етеді. Себебі білім алуға келген жастардың уақыты мен күшін пәтер іздеп, қара жұмысқа жегілуге емес, маман болып қалыптасу жолына жұмсағаны әлдеқайда маңызды.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы