Aikyn.kz бұқараға қолжетімді спорт түрлерінің пайдасын Mayo Clinic Proceedings журналының материалы негізінде талдайды.
8500 адам қатысқан зерттеуде теннис пен бадминтон ұзақ өмір сүруге әсер ететін спорт түрлері болып шықты. Фото professionalpt.com сайтынан алынды
Дәрігерлер денсаулықты жақсартудың ең тиімді жолы ретінде жүзу мен жүгіруді жиі атайды. Алайда жақында жүргізілген зерттеу басқа спорт түрлерінің, әсіресе ракеткалық спорттардың (теннис, бадминтон), денсаулыққа одан да пайдалы екенін көрсетіп отыр.
Mayo Clinic Proceedings журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижелері жүрек-қантамыр жүйесіне оң әсер ететін, қарқыны баяу көрінетін кейбір спорт түрлері шын мәнінде өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай арттыратынын анықтаған.
Данияда 8500-ден астам адам қатысқан зерттеуге сәйкес, теннис пен бадминтон ұзақ өмір сүруге ең көп әсер ететін спорт түрлері болып шықты. Зерттеу көрсеткіштері айтарлықтай әсерлі өзгерістерді сипаттайды. Мысалы, үлкен теннис өмір ұзақтығын орта есеппен 9,7 жылға ұзартады екен. Ал бадминтон болса 6,2 жылға. Бұрыннан айтылып жүрген жүгіру сіздің өміріңізге қосымша 3,2 жыл, жүзу 3,4 жыл қосады.
Басқа да зерттеулер бұл нәтижелерді дәлелдеп отыр. Мысалы, британдық ғалымдардың соңғы зерттеуі әртүрлі спорт түрлерінің денсаулыққа әсерін салыстырған және ракеткалық спорттың тиімділігіне назар аударған.
Бадминтоншы алаңда үнемі қимылдап, тез жүгіріп, жиі бағытын өзгертеді. Фото playbadminton.club сайтынан алынды.
Неліктен теннис пен бадминтон соншалықты пайдалы? Біріншіден, бұл спорт түрлерінде үздіксіз қозғалыс жасау керек. Ойыншы алаңда үнемі қимылдап, тез жүгіріп, жиі бағытын өзгертуге мәжбүр болады. Бұндай жаттығулар түрі жүрек пен өкпені күшейтіп, калорияны қарқынды түрде жағады.
Екіншіден, теннис пен бадминтонда қайталанатын қозғалыстар мен секірулер сүйек тығыздығын арттырып, әсіресе егде жастағы адамдар үшін остеопороздың алдын алуға көмектеседі.
Үшіншіден, аталған спорт түрлері әдетте серіктеспен немесе топпен ойналады, ал бұл әлеуметтік өзара әрекеттестік психологиялық денсаулыққа да оң әсерін тигізеді.
Спортпен айналысуды дағдыға айналдырудың қиын екені белгілі. Сондықтан белгілі бір спорт түрімен айналысудың қолжетімділігі мен таңдау еркіндігі – өте маңызды фактор. Ғалымдардың айтуынша, тек жүгіру немесе жүзумен шектеліп қалмай, адам өзіне ұнайтын әрі ұзақ мерзімді мотивацияны қамтамасыз ететін спорт түріне де назар аударғаны дұрыс.
Mayo Clinic Proceedings журналында жарияланған даниялық ғалымдардың зерттеуі артық салмақтан арылғысы келетін немесе жүрек саулығын жақсартқысы келетіндер үшін теннис пен бадминтонды тиімді балама ретінде ұсынады. Егер қаржылық мүмкіндігіңіз шектемесе осы екі спорт түрімен айналысып көріңіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.