Бүгін Астана – Франкфурт бағыты бойынша ұшып шыққан Air Astana ұшағы Ақтөбеге қонуға мәжбүр болған. Әуекомпаниясы мұның себебін түсіндірді, деп хабарлайды astana24.com.
Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 мамырда Астана – Франкфурт бағыты бойынша KC921 рейсін орындайтын ұшақ Астанадан сағат 08:54-те ұшып шығып, техникалық себеппен 11.34-те Ақтөбеге қонған.
"Әуе кемесінің экипажы стандартты қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес қону туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті", – делінген хабарламада.
Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін әуекомпания Алматыдан резервтік ұшақ жіберген және рейстің жолаушылармен Ақтөбе қаласынан ұшуы бүгін 14.20-ға жоспарланған.
"Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі әуекомпаниясының басты басымдығы. Әуекомпаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрайды", – делінген хабарламада.
