Интернет ентелей енген сайын оны арам пиғылда пайдаланушылар да көбейген. Алаяқтықтың түрлі схемасы пайда болды. Халықтың қаржылық қауіпсіздігін пайдаланғандарға қарсы киберпол да ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алаяқтық әрекеттердің жиілеуі туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында ол интернет-алаяқтардан зардап шегетін азаматтардың саны артқанын атап өтті.
Қазір алаяқтықтың кең тараған түрі – дропперлік. Айта кету керек, өткен 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 232-1-бап енгізіліп, дроперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл – банк шоттарына, төлем карталарына немесе жеке сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу мен оларды пайдалану әрекеттерін қатаң бақылауға алу мақсатындағы маңызды заңнамалық қадам.
Аталған жағдайда алаяқтар қарапайым сценариймен жұмыс істейді. Біреуі, жоғарыда айтқандай, оңай табыспен алдаса, енді біріне хабарласып, «банк шотыңызға қауіп төніп тұр» деп сендіреді. Кейде жұмыс ұсынып, банк картасын сұрайды. Осылайша, дроп өз шотын айтады, ал алаяқтар сол арқылы заңсыз ақшаны жымқырады. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, дроптардың басым көпшілігі – 18 бен 30 жас аралығындағы жастар. Оларды алаяқтар онлайн арқылы тауып, арзан табысқа қызықтырады. Дроптарды банк операцияларын, IP-мекенжайларды, интернеттегі хат алмасуларды тексеру арқылы анықтайды. Бұл – ұзақ әрі күрделі процесс.
– Қазір қылмыстық топтар әлеуметтік желілер мен жалған сайттар арқылы студенттердің жеке деректерін иемденіп, оларды «дроппер» ретінде пайдаланады. Яғни, банк картасын, жеке мәліметін берген жас азамат өзі байқамай қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналады. Көбіне дропперлер фишинг, аккаунтты бұзу, банк картасының деректерін ұрлау немесе басқа да алаяқтық әдістер арқылы алынған ақшамен жұмыс істейді. Олардың міндеті – ақшаның шыққан көзін жасыру үшін оны басқа шоттарға тарату немесе қолма-қол ақшаға айналдыру.
Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 232-бабы бойынша 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар жастарды «жеңіл табыс» уәдесімен есірткі тасымалдаушы – «закладчик» ретінде арбайтын жағдайлар жиілегені айтылды. Қылмыстық кодекстің 297-бабына сәйкес есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар үшін 20 жылға дейін жаза көзделген, – дейді облыс прокурорының орынбасары Еділ Жұбанов.
Сот отырысында айыпталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінішін білдірді. Олардың кінәсі ұсынылған дәлелдермен айқындалды.
Істі қарау қорытындысы бойынша, сот айыптау үкімін шығарып, сотталушыларды кінәлі деп танып, айыппұл түріндегі жаза тағайындады.
– Дроппер болып, алаяқтардың құрбаны болмас үшін бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді, банк карталарының деректерін бермеу, жалақысы тым жоғары, оңай табыс туралы ұсыныстарға күмәнмен қарау және әлеуметтік желідегі «жұмыс», «сауда» топтарында жеке шот ашуға немесе тіркелуге қатысты ұсыныстардан бас тарту керек. Ал күмәнді әрекетті байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласу керек. Қазір дроптармен байланысты қылмыстардың өсуі бұл мәселенің шынайы ауқымын көрсетіп отыр, – дейді Еділ Жұбанов.
Qarzhy Saqshysy – интерактивті ойын
Бүгінде Қарағанды облысындағы мектептер мен колледждерде жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған қаржылық және онлайн қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар ұйымдастыруда. Өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары жасөспірімдерге алаяқтықтың кең таралған схемалары мен цифрлық қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіріп, кейін білімді Qarzhy Saqshysy интерактивті ойыны арқылы бекіткен.
Бұл ойын жыл сайын ел көлемінде «Заң және тәртіп» жалпыұлттық нарративі мен «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында өткізіледі.
Биыл жобаға 800 мыңнан астам оқушы қатысты. Қарағанды облысы да бастамаға белсенді түрде қосылды: сабақтар Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалаларындағы, сондай-ақ Абай және Бұқар жырау аудандарындағы мектептер мен колледждерде өтті.
Педагогтердің айтуынша, мұндай формат өз тиімділігін көрсетті. Жасөспірімдер дәрісті тыңдап қана қоймай, күнделікті өмірде қолдануға болатын практикалық кеңестер алды.
– Балаларға жеке деректерді қорғау бойынша берілген ұсыныстар ерекше ұнады. Мысалы, көпшілігі телефондағы графикалық кілттің сенімсіз қорғаныс тәсілі екенін білмеген. Енді Face ID немесе саусақ ізі арқылы қорғау әлдеқайда қауіпсіз екенін түсінді, – деді Қарағандыдағы Шәкәрім атындағы гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жұлдыз Үкіметова.
Сабақ барысында дроппер-лер – алаяқтар мен олардың құрбандары арасындағы делдалдар тақырыбына да ерекше назар аударылды. Жасөспірімдерге қылмыстық жағдайларға қалай байқамай қатысып кетуі мүмкін екені түсіндірілді. Жиі кездесетін жағдайлардың бірі – банк картасына ақша түсіп, кейін бейтаныс адамдар «қателесіп аудардық» деген желеумен қаражатты қайтаруды сұрауы.
Сонымен қатар оқушыларға алаяқтықтың өзге де кең таралған түрлері туралы айтылып, алдау белгілерін тануға үйретілді. Сабақтардың негізгі мақсаты – жастардың қаржылық сауаттылығын қалыптастыру және оларды цифрлық кеңістікте өздерін қорғауға дағдыландыру.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
