Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға толықтырулар енгізілді. Енді су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан мамандарға мемлекеттік награда – «Қазақстанның су шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріледі. Біз мерекеге орай, су шаруашылығында 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы «Ақсай» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дәулетбай Нұрабаевпен әңгімелестік.
– Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы су саласын тиімді басқарудың мемлекеттік маңызын көрсетті. Жалпы, бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау қаншалықты керек?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс» деп тапсырма берген еді. Қазір еліміз бойынша, су тапшылығына байланысты тамшылатып суару, жаңбырлатып суару жұмыстары қолға алынды. Бұл су ресурсын аз да болсын сақтаудың балама жолы. Соның ішінде тамшылатып суару – қазіргі жағдайда ең үнемді тәсілдің бірі. Бұл әдісте су арнайы жүйе арқылы өсімдіктің тамырына біртіндеп беріледі. Нәтижесінде, судың ысырап болуы, булану мен жерге сіңіп кету шығыны едәуір азаяды. Бізде тамшылатып суару көбіне оңтүстік өңірде пайдаланылды. Жаңбырлату – солтүстік өңірде. Жаңбырлатып суару технологиясы – жауын-шашын тәрізді, су тамшыларын жоғары қысыммен өсімдік үстінен шашады. Бұл технология су ресурстарын үнемдеуге, топырақты шайып кетуден сақтауға және өсімдіктерге қолайлы орта жасауға мүмкіндік береді.
Дүниежүзінің ауыл шаруашылығы тәжірибесінде тамшылатып суару технологиясы алғаш рет 1960 жылдары Израильде енгізілген. Шөлді климат пен су тапшылығы жағдайында егіншілікпен айналысуға мәжбүр ел осы тәсілді қолдану арқылы ауыл шаруашылығын дамытудың тың бағытын қалыптастырды. Қазір бұл әдіс Түркия, Қытай, Үндістан сияқты елдерде де кеңінен қолданылып, бірқатар аймақта өнім көлемін 20-30 пайызға дейін арттыруға ықпал етіп отыр. Тамшылатып суару технологиясы Қазақстанға алғаш рет 2000 жылдардың басында, нақтырақ айтқанда 2002-2003 жылдары енгізіле бастады. Яғни, бұл технология елімізде қолданылып келе жатқанына шамамен 20 жылдан асты. Ал бұрын біз егістікті арықпен суаратынбыз. Қазір мемлекеттің қолдауының, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғанының арқасында жаңа технологиялар саламызға көптеп енуде.
– Биыл «Табиғи монополиялар туралы» заңға түзетулер әзірленіп, қабылданды. Бұл 1 қыркүйектен бастап су саласындағы 25 мыңнан астам қызметкердің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы саласының мамандары деңгейіне дейін көтеруге мүмкіндік береді. Жалпы, су шаруашылығындағы қызметкерлердің мәртебесі көтерілді ме?
– 1 шілдеден бастап су саласындағы қызметкерлердің айлығы 50 пайызға көтеріліп жатыр. Бұрын 100 мың теңгенің көлемінде еңбек ақы алсақ, енді 150 мың теңге шамасында аламыз. Бұл су беретін мамандардың жақсы жұмыс істеуіне ықпал етеді деп ойлаймын. Кезінде аз айлықпен бала-шағасын асырай алмай, су шаруашылығындағы қызметін тастап кеткен жандар көп. Соның салдарынан, саламызда маман тапшылығы туындады. Ал қазір министрлік Тараз қаласында су саласы бойынша мамандандырылған жоғары оқу орнын құру бастамасын қолға алды. Бұл – дұрыс шешім әрі батыл қадам. Иә, бұл жоғары оқу орнын одаққа танымал бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының мұрагері ретінде М.Дулати атындағы университеттің құрамындағы Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтының базасында құру тиімді болмақ. Институттың оқу ғимараттары, жатақханалары, су саласына бейімделген зертханалары, спорт кешендері қаржы көздерін үнемдеуге мүмкіндік береді. Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен арадағы ынтымақтастық оң әсерін тигізеді. Енді су шаруашылығында жас мамандар санының артатынына сеніміміз мол. Бұрын жастар жалақы аз болғандықтан шалғайдағы ауылға қызметке бармайтын. Болашақта су шаруашылығындағы қызметкерлердің мәртебесі артса, еңбекақысы көбейіп, ауылдағы тұрғын үй мәселесі шешіліп, 1-2 реттік жәрдемақы берілсе, саладағы маман тапшылығы азаяр еді.
Африка елдерінде бір тамшы таза суға қолы жетпей жүрген қаншама адам бар. Ал Қазақстандағы ауылдардың 95-98 пайызына ауызсу тартылған. Бұл әрине мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асқан дүние. Халық «судың да сұрауы бар» екенін есте сақтауы керек. Суды үнемдеу – тек тұрмыстық әдет қана емес, табиғатқа деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің белгісі. Бүгін біз суды қалай тұтынсақ, болашақ ұрпақ дәл сондай жағдайда өмір сүреді. Су тапшылығының алдын алу үшін әрбір адам бүгіннен бастап іс-әрекет жасауға тиіс.
– Әріптестеріңізге мерекелік құттықтау айтсаңыз?
– Су шаруашылығында қызмет етіп жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын! Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің арқасында ауыл шаруашылығы дамып, ел экономикасы өркендеп келеді. Әрбір тамшы судың қадірін біліп, оны халыққа жеткізу жолында жан аямай еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті қажет етеді. Су – тіршіліктің негізі, ал сіздер – сол өмір нәрін елге жеткізуші нағыз еңбек ерлерісіздер. Табиғатты қорғап, су ресурстарын тиімді пайдалану ісіне қосқан үлестеріңіз – келешек ұрпақ үшін қалдырған баға жетпес мұра.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН