Кезінде «Үкілі бала» атанған Ерболсын Серікбаев 11 жылдан кейін журналист Аман Тасығанға сұхбат берді, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол бүгінде Мәскеуде медицина саласында білім алып жатқанын, әлі де адам емдейтінін айтты. Сонымен қатар емшілерге қатысты шындықты жайып салды.
“Бір кездері өзім де адам қабылдадым. Келген адамдарды қабылдайсың. Науқас адамның қандай жағдайда келіп отырғаны қызық емес, олардың беретін мүмкіндіктеріне көзің түседі. Ол – қазір көп емшілердің басты көзірі. Сен науқастың жазылып кетуі емес, науқастан “Қанша ақша ала аламын?” деген ниетпен жасайсың. Сен өзіңді сол кезде дұрыс істеп жатырмын деп ойлайсың, бейсаналы түрде. Негізі емшілердің 90 пайызы – қасиетке ие емес адамдар. Шарлатанның ар жақ бер жағы. Бұл сөзімді тек салыстырмалы түрде айтып жатырмын. Өйткені кезінде өзім жұртты қалай емдегенімді білемін. Мәселен, онкологияға шалдыққан науқасқа міндетті түрде ота, химиятерапия керек екенін, одан кейін ол үй жағдайында емделуі қажет екенін білетінмін. Соны біле тұра, оған «емделесің» деп айтасың. Олардың иммунитеті төмен болады. Ал ол көпшілікпен бірге емделіп жатады. Бірақ оның түбі нәтижесі жоқ”, – дейді ол.
Ол бүгінде емшілікті медицинамен ұштастырып, білікті мамандардан білім алып, көзқарасы түбегейлі өзгергенін айтты. Сонымен қатар қазір қандай науқастарды қабылдамайтынын атап өтті. Сондай-ақ өмірден үмітін үзген жандарға көмек қолын созып, аяғынан тұруына ықпал еткенін де жасырмады. Оның айтуынша, ем алып жүрген адам алдымен өзіне жауапкершілік алып, тәртіппен жүрсе, нәтиже болады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.