Үкімет атаулы жыл аясында жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтап, қарапайым еңбек адамының баспаналы болуын басты назарға алған болатын.
Осы орайда ERG компаниясы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу арқылы жұмысшыларына баспана беруде біршама тиімді қадамдар жасады. Қызметкерлерінің жайлы әрі лайықты өмір сүруі үшін тұрғын үймен қамтуды сәтті жүзеге асырып, әр еңбек адамына, әр шаңыраққа сенім мен тұрақтылық сыйлауды мақсат тұтты.
– Біздің қызметкерлер қатысатын тұрғын үй бағдарламасы үшін мемлекетке алғыс айтамыз. Бірақ қазір олар негізінен облыс орталықтарына ғана бағытталған. Біздің ірі кәсіпорындарымыз моноқалаларда орналасқан. Жаңа немесе жалға берілетін тұрғын үйлер бойынша ұсыныстар іс жүзінде жоқ. Сондықтан ERG өзінің тұрғын үй бағдарламасын әзірледі, – деді С.Шахажанов.
Оның айтуынша, ERG ұсынған тұрғын үй бағдарламасы – Қазақстанда тау-кен металлургия өнеркәсібінде баламасы жоқ кешенді бастама. Бағдарламада қажеттіліктерді анықтаудан, үйлер салудан, түрлі тұрғын үй бағдарламаларына қатысудан бастап қызметкерлердің қанағаттануын талдауға дейін қамтылған және осы шартпен моноқалаларда үйлер салу қарастырылған.
Компания соңғы 10 жылда мемлекеттік бағдарламалар аясында 110 656 шаршы метр болатын 19 тұрғын үй салды. «Әрбір пәтерге және әрбір қызметкерімізге кепілдік береміз» ұранымен компания жұмысшыларына негізгі серіктестерімен бірге барлығы 4 046 пәтердің кілтін тапсырды. 2012 жылдан бері ERG Microfinance микроқаржы ұйымының арқасында Топ жұмыс істейтін аймақтарда 2 200 пәтер өз иесін тапса, «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-мен бірлесе 867 отбасыға баспана берді.
ERG «Отбасы банкі» АҚ арқылы өз жұмысшыларына жеңілдетілген сатып алу мүмкіндігімен 659 пәтерді жалға берді. Атап айтар болсақ, компания «Отбасы банкі» АҚ өзара түсіністік пен әріптестік туралы меморандум негізінде жұмысшылардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған жеңілдетілген бағдарламаны қолға алған болатын. Нәтижесінде, «Отбасы банкі» және Ақтөбе, Қостанай, Павлодар және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен серіктестік аясында қазірдің өзінде 320 пәтер жеңілдікпен сатылды. Мұндағы ЖТСМ мөлшерлеме 3,5-тен 5 пайызға дейін, бастапқы жарна бар болғаны 10 пайызды құрайды.
Бұл мақсаттарға барлығы 29,7 млрд қаражат бөлінді. Нәтижесінде, компания негізгі серіктестерімен бірлесе отырып, жалпы құрылысы 19,8 млрд теңгеге бағаланған бағдарлама шеңберінде 4 000-нан астам қызметкердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесті. Ал олардың 60 пайызы (2 400) – жұмысшы мамандар. Пәтер алғандардың орташа жасы – 33,5 жас. Бастысы, өз арманына сенген, еңбекқор, алдына мақсат қоя білетін жандар өзінің қиял әлеміндегі әдемі баспанасына қол жеткізе алатыны анық. Сондай қажырлы, қайратты жандардың бірі – Ақтөбе облысы Хромтау қаласы Дөң тау-кен байыту комбинатының Электр цехының диспетчері, декреттік демалыстағы жас ана Алтынгүл Бәйтік. Ол компания тарапынан тиімді шарттармен ипотекалық бағдарлама арқылы үй алған.
– Баспана құрылысы жүріп жатқан уақытта алдын ала үй алуға өтінім бердім. Құжаттарды жинау, іріктеу уақытымен тұспа-тұс тұрмысқа шықтым. «Бұйырған кетпейді» дегендей, біз жас отбасы ретінде жаңа үй алдық. Компания кілтті қолымызға салтанатты түрде табыстады, – деді Алтынгүл Бәйтік.
Ал Ақсу ферроқорытпа зауыты шлак өңдеу цехында ауысым шебері болып қызмет атқаратын Тұрарбек Мейрімханов баспаналы болу – өміріндегі жарқын сәттердің бірі екенін айтып, қуанышымен бөлісті.
– Бұл зауытта 2016 жылдан бастап жұмыс істеймін. Қара металлургия колледжін аяқтап, шекара әскерлерінде борышымды өтеген соң, еңбек жолымды ERG құрамындағы осы зауыттан бастадым. Бала кезімнен өз баспанам болғанын армандадым. Арман мақсатқа айналып, оған біртіндеп жақындадым. Белсенді жастар қозғалысы – Jastar Ligasy қатарына қосылып, зауыт өміріне белсене араластым. 2024 жылдың көктемінде жас маман ретінде, маған үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, өмірімдегі жарқын сәттердің бірі, – деді ол.
ERG-дің жұмысшы мамандарды баспанамен қамтамасыз етуі – қарапайым еңбек адамына құрмет пен оның маңдай тер, табан ақысына деген қамқорлықтың үлгісі. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі, жұмысшы мамандардың жеткілікті қамтылуы компания үшін де үлкен жетістік деуге болады. Бұл – компанияда жұмысшылардың тұрақтануына және алаңсыз еңбекке жасалған қомқорлық. Нәтижесінде, тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың 1 пайызға жетпейтіні ғана компаниядан кетуге шешім қабылдайды.
Компания пәтерлердің аймақтық бөлінісінде «ҚТК» АҚ және «Отбасы банкі» АҚ-мен бірлесіп, 1 846 баспана сатса, Хромтауда 180 пәтерлік және Лисаковск қаласында 100 пәтерлік жаңа үйлер салуды бастады. Сондай-ақ «Отбасы банкі» арқылы Павлодарда 140-тан астам пәтерді және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері үшін Ақтөбеде 12 пәтер сатуды бастайды. Дегенмен компания жұмысшылары қатарында баспана кезегінде тұрғандар саны көп. Бүгінде Топ кәсіпорындарының 2 000 қызметкері баспана кезегінде тұрса, Павлодар, Ақсу, Хромтау және Рудный қалаларында ең көп қажеттілік тіркелген. Бұл тұрғыда моноқалалардағы тұрғын үй нарығының өте шектеулі болуы көптеген жоспарға тұсау болып отырған көрінеді.
ERG-дің Қазақстандағы бас директоры Серік Шахажановтың айтуынша, компания жыл сайын 605 түлекті жұмысқа қабылдап, әріптес ретінде өз қатарына қосады. Еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандарға да баспана қажет.
– «Үйі жоқтың – күйі жоқ» демекші, жұмысшыларымызды баспанамен қамтамасыз етудің маңызы зор. Біз «Отбасы банкі» АҚ әзірлеген мемлекеттік «Наурыз жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасына қатысу арқылы да баспана мәселесін шешпекпіз. Осы бағдарлама аясында біздің ұйымның 71 қызметкеріне жалпы сомасы 1,46 млрд теңгеге баспана алдық.
Бұл ипотекалық бағдарлама жұмыс істейтін қазақстандықтар үшін қажет. Бірақ шарттары жеңілірек болса деп есептейміз. 7 пайыздық мөлшерлеме, шоттағы міндетті 2 миллион теңге және алғашқы жарнаның 10 пайызы колледж түлектері үшін де, көптеген қарапайым жұмыс орындары үшін де қолжетімсіз. Мөлшерлемені 3 пайызға дейін төмендетіп, ипотека шарттарын икемді ету қажет деп ойлаймыз, – деді бас директор.
Дегенмен компания өз тарапынан әрбір қызметкерге төлем жасауға кепілдік береді. Биыл Рудный қаласындағы ERG Service компаниясының кран машинисі Надежда Сүлейменова «Отбасы банкі» АҚ-ның «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы армандаған үйіне қол жеткізді.
– «Еңбектің наны – тәтті» деген рас. Мен өзімнің адал еңбегіммен армандарыма жақындап келемін. Аллаға шүкір, 6-сыныпта оқитын қызым бар. Өзім жоғарғы оқуға түстім, кран машинисі болып 18 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. 2015 жылы әкімшілікте толық емес отбасы ретінде үй кезегіне тұрдым. Биыл наурыз айында «Отбасы банкінің» «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына қатыстым. Бағымды сынап көрейінші деген едім. Алматыдан қоңырау шалып, 9 пайыз, 30 млн-ға дейін рәсімдеумен үй алдыңыз дегенде, алғашында сенбедім. Иә, қазір өз үйім бар деп қуана-қуана айта аламын, – деді Надежда Сүлейменова.
Бұл – Рудный қаласында «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы бойынша берілген алғашқы баспана. Осы қарқынмен ERG-дің қолдауымен әлі де талай еңбек адамының баспаналы болатыны сөзсіз. Сөйтіп, адал еңбектің бағаланары анық. Ал ERG секілді алып компаниялар жас кадрларды жұмысқа тартып қана қоймай, олардың жарқын болашағына деген сеніміне жол ашатын болады.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ