in

Жазылмады жанымның жан жарасы

Ең сорақысы, қылмысты жасаған кейбір адам­дар жазадан сытылып шығып, қоғамда емін-еркін жүр. Бұл жағдай, әсіресе кә­ме­лет­­ке толмаған қыз балалардың тағдырына бал­та шабуда.

Біздің қоғамда «ұят болады», «ешкімге айт­па», «жабулы қазан жабулы күйінде қа­л­сын» деген ұстаным – көп жәбірленушінің үн­сіз қалуына себепкер. Өзгенің жасаған кү­нәсі үшін өзін кінәлап, іште булығып жүр­ген қыздар қаншама?! Бұл – бір адамның емес, бүтін бір қоғамның трагедиясы.

Астаналық Ақерке Исмайлова (аты-жө­ні өзгертілді, – ред.) – қазір 17 жаста. Есімін атамауды өтінген кейіпкеріміз, бала күнінен өгей әкесінен қорлық көрген. 

– Бастапқыда ешкімге ештеңе айта ал­ма­дым. Сабаққа барғым келмей кетті. Ол кез­де 9-сыныпта оқитынмын. Өгей әкем  жылы сөздер айтып, анам жоқта ма­ған тиісе бастады. Кейін физикалық тұр­ғыда бірнеше ай бойы зорлық көрсетіп кел­ді. Ал анама айтуға қорықтым. Себебі: «ұят болады», «ешкім сенбейді», «сен кінәлі бо­ласың» деген ойлар маза бермеді. Бірақ үн­сіздік оларды күшейтеді екен. Қазір үл­­кен қалада студентпін. Өгей әкемнен де қ­ұ­тылдым. Ал анама әлі ештеңе айтпадым. Бір қызығы, өгей әкем ештеңе болмағандай өмір сүріп жүр, – деп ағынан жарылды ол.

Ақерке Исмайлова қыздарға: «Қорық­паң­­дар! Үнсіз қалмаңдар! Міндетті түрде ата-анаға айтыңдар, арыз жазыңдар. Заң бар. Қолдау бар. Сен жалғыз емессің» деп айт­­қысы келеді. Бірақ бала күнгі оқиғасынан кейін, ер-азаматтарға деген сенімінің жо­ғал­­ғанын да жасырмады. 

Ақеркенің хикаясы еліміздегі жалғыз жағ­­дай емес. Ішкі істер министрлігінің мә­ліме­тінше, 2024 жылы елімізде кәмелетке тол­­­мағандарға қатысты сексуалдық сипат­тағы 1 000-нан аса қылмыс тіркелген. Ал жә­бір көргендердің көбі – үнсіздік құрбаны.

Зорлық түбі – қорлық

Заңгер Әлімжан Жұбатқановтың ай­туын­ша, мұндай ауыр қылмыстар үшін сот­­­талған азаматтар мерзімінен бұрын боса­тыл­майды екен.

– Қазіргі қоғамда балаларға қарсы жа­са­латын жыныстық сипаттағы қылмыстар – ең ауыр әрі алаңдатарлық құқық­бұзу­шылық­тардың бірі. Көпшілік арасында мұндай қыл­мыстар үшін өлім жазасын қайта енгізу қа­жет деген пікірлер жиі айтылады. Алайда заң­гер­лер мұндай қылмыстарға қатысты Қа­зақстан Республикасының қолданыстағы заң­намасы аясында қандай шаралар қа­рас­тырылғанын нақтылап түсіндіруде, – дейді маман.

Айта кету керек, «Педофил» деген сөз­дің құқықтық тұрғыдан нақты аудармасы жоқ. Бұл ұғым негізінен кәмелетке тол­ма­ған­дарға қатысты жыныстық сипаттағы зор­лық-зомбылық әрекеттерін жасаған тұл­ғаларға қатысты бейресми түрде қол­да­ны­лады. Ал Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексінде мұндай әрекеттер нақ­ты баптар бойынша қарастырылған жә­не қатаң жаза тағайындалады. 

– Қылмыстық кодекстің 120-бап («Зор­лау») – егер кәмелетке толмаған адамға зор­­лық жасалса, 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарас­ты­рыл­ған. Егер бұл қылмыс екі немесе одан да көп кәмелетке толмағандарға қатысты жа­­­­салса – өмір бойына бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалады. 121-бап («Жы­ныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әре­кеттері») – аталған бап бойынша сек­суал­дық сипаттағы әртүрлі зорлық әрекеттер үшін де ауыр жаза қарастырылған, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.

Заңгердің айтуынша, кәмелетке тол­ма­ған балаға интернет арқылы, әлеуметтік же­лілер арқылы немесе басқа да жолмен жы­ныстық сипаттағы мазмұндағы хабар­ла­ма­лар жіберу, фотосуреттер көрсету сияқты әре­кеттер де қылмыстық жауапкершілікке жа­­тады. Бұл – жаңа енгізілген норма. Мұн­дай әрекеттер анықталған жағдайда құқық бұзу­шы 200 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде айыппұл төлеуге, 200 сағатқа дейін­гі қоғамдық жұмыстарға тартылуы, не 50 тәу­­­лікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

– Қылмыстық кодекстің 122-бабы («Он ал­ты жасқа толмаған адаммен жыныстық қа­тынас») – бұл бапқа сәйкес, зорлықсыз бол­са да 16 жасқа толмаған адаммен жы­ныс­тық қатынас жасағаны үшін 12 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жа­засы тағайындалады. Ал 124-бап («Он ал­ты жасқа толмаған адамды азғындық жол­ға түсіру») – бұл бап бойынша күш қол­дан­бас­тан жасалған сексуалдық сипаттағы аз­ғындық әрекеттер үшін 12 жылға дейін бас бос­тандығынан айыру жазасы қарас­ты­рыл­ған, – дейді заңгер.

Қоғамда ауыр және аса ауыр қылмыс жа­саған адамдарға қатысты жазаның әділ­дігі мен қаталдығы жиі талқыланады. Қыл­мыс­тық атқару жүйесіне енгізілген өзгеріс­тер мен заңнамалық шектеулердің бұл са­нат­тағы сотталғандарға қалай әсер ететіні – көпші­ліктің назарында. Әлімжан Жұбатқановтың айтуынша, мұндай ауыр қылмыстар үшін сот­талған азаматтар мерзімінен бұрын боса­тыл­майды. Ал егер өмір бойына бас бостан­ды­ғынан айырылса, ол тұлға толық мерзімді түрмеде өтеуі керек. Бүгінде кәмелетке тол­маған балалардың интернет желісін ер­кін қолдануы, ата-аналар тарапынан ба­қы­лаудың аздығы сияқты мәселелер педо­фил­дер­дің әрекетіне жол ашып отыр. Сондықтан ба­лаға түсіндіру жұмыстары жүргізілуі өте маңызды.Мысалы, бейтаныс адаммен сөй­лес­пеу, интернетте күмәнді хабарламаларға жауап бермеу, ата-ананың баланың қай уа­қытта сабақтан шығып, қайда баратынын нақ­ты біліп отыруы, ұялы телефон арқылы тұрақты байланыс жасауы қажет. 

– Кәмелетке толмағандармен жасалатын қа­тынастарға қатысты қоғамда әртүрлі пікір ай­тылып жүр. Алайда мұндай жағдайлар заң жү­зінде нақты реттелген және ауыр құқық­бұзу­шылық ретінде қарастырылады. Заң кә­мелетке толмаған азаматтардың құқығын қор­ғауға бағытталған, ал олардың алданып, өмір­лік маңызды шешімдер қабылдауы – қыл­мыстық жауапкершіліктен құтқармай­ды, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.

Заңгер кей жағдайларда кәмелетке тол­маған қыз баланың жүкті болып қалуы, оны сүйемін, үйленемін деушілердің сөзіне се­ніп, заң бұзуға баруы да кездеседі дейді. Бұл жағ­дайда да қылмыстық жауапкершілік көз­делген. Қазақстан заңнамасы кәмелетке тол­маған азаматтарға қатысты неке қиюға қа­таң тыйым салады.

Зәбір көрген балаға демеу керек

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы сек­суалдық қысымның алдын алу, ата-ана­ның рөлі мен қоғамдағы үнсіздіктің зардабы жай­лы психолог Лимана Құттыбекқызы да пі­кір білдірді. Оның айтуынша, қазір ба­ла­лар арасындағы сексуалдық қысым жағ­дай­лары артып келеді. Бұрын мұндай жайттар көп айтылмайтын, ал қазір телеарна, әлеу­меттік желі, баспасөзде ашық айтылып жүр. Бірақ өкінішке қарай, кейбір адамдар үшін мұндай ақпарат мәселені ушықтырады. Сондықтан да сексуалдық зорлықтың түр-түсі, егжей-тегжейі ашық сипатталғанда, ол кей ортада қайталануы да мүмкін. Бұл – қо­ғамда жиі байқалып жүрген құбылыс.

– Кей балаларға қысым жұмсақ формада жа­салады – конфет беру, ақша ұсыну, «сен ұнап тұрсың», «бұл – қалыпты жағдай» де­ген манипуляция түрінде. Мұндай жағдайда ба­ла зорлық деп түсінбейді. Бірақ бұл – мо­ральдық және психологиялық қысым. Сек­суалдық қысым дегеніміз – тек күш қолдану емес, адамның санасына әсер етіп, таңдау еркінен айыру, – дейді психолог.

Көп жағдайда педофил – бөтен адам емес, таныс адам: туған-туыс, көрші, тіпті әке­сі.

– Мысалы, менің практикамда болған ауыр оқиға: Қарағандыдан хабарласқан қыз баланың айтуынша, әкесі оны кіш­кен­тайы­нан зорлап келген. Бұл туралы ол тек 22 жа­­­сында ашылып айта алды. Ең сорақысы – кейін әкесі өзінің сіңлісіне де сондай әрекет жасаған. Ақыры туыстарының көмегімен бұл іс құқық қорғау органдарына жетіп, қыл­­­­­мыскер жазаланды. Зорлық көрген бала жан жарасымен өмір сүріп жатады. Оны емдеу үшін ұзақ уақыт терапия қажет. Мен ол қызға үйде гүл өсіріп, мысық асырап кө­р­уді ұсындым. Ол кейін: «Мысыққа қарап, оны күткен сайын жүрегімнің мұзы ерігенін сезіндім. Ал гүл ашылған кезде ішімнен жы­миып, алғаш рет жылулықты байқадым», – деді. Бұл – жан жараны жазудың бір тәсілі, – дейді Лимана Құттыбекқызы. 

Сексуалдық зорлық көбіне мәдениеті тө­мен, қатыгез, ашық әдепсіз ортада өсіп жатқан балалар арасында болады. Үйде әке-шешенің дөрекі қарым-қатынасы, балаға деген қатыгездік, балаға құлақ аспау – бәрі баланы осал етеді. Еркін сөйлей алмайтын, ішкі сезімін жеткізе алмайтын бала – оңай ны­сана. Сондықтан әр ата-ана баламен ашық сөйлесуі керек. Бала өз ойын еркін жет­кізіп, «жоқ» деп айтуға дағдылануға тиіс. Ал қауіпті жағдайда «102» нөміріне немесе сенім телефонына хабарласа алатындай ер­кіндік қажет. Психолог «Баланы «өзі келіс­кен шығар» деп ойлау – зорлықты ақтаумен тең» дейді. 

Педофилия – тек қылмыс емес, бұл – ұлт­тың тамырына балта шабатын дерт. Оның алдын алу үшін заң да, сана да, тәрбие де бір бағытта жұмыс істеуі керек. Егер біз әр баланың сөзін естіп, оған қорған бола ал­сақ – келесі қылмыстың алдын аламыз. Жә­бірленушіге сену – оның жан-жарасын ем­деудегі алғашқы қадам. Ал үнсіз қалу – зұлымдықты жалғастыру.

Жабулы қазан – жазасыздықтың кепілі. Жазасыздық – жаңа құрбандардың жолын аша­ды. Ендеше үндемей қалмау – әр аза­мат­тың борышы.

 

Салтанат ЖАНДАРБЕКОВА,

ЕҰУ студенті