in

Жарасым жолы – жасампаз қоғам

Президенттің өзі: «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді», – деген-тін. Қазақ елі түрлі этностың жарасымда өмір сүруіне жағдай жасаудың, бірлік пен бітімді бекем етудің, баршаны өрлеу жолындағы өзара әрекеттестікке жұмылдырудың төл жолын таба білді.

2025 жылы жаһандағы қарулы қақ­ты­ғыстардың саны сонау 1946 жылдан, яғни Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтал­ған­нан бергі ең жоғарғы шекке жетті. Бұл туралы Ослодағы Бейбітшілікті зерт­теу институты (PRIO) ғалымдары­ның жуырда жарияланған зерттеуінде айтылады. Ғалымдар тарихи шегіне жет­кенімен, сонымен тоқтамай, қанды қырғындардың саны әрі қарай артып бара жатқанына екпін түсірді. 

«Қақтығыстар тенденциясы: жаһан­дық шолу» зерттеуінде көрсетілгендей, ең құрығанда, тараптардың бірі мемлекет болып табылатын соғыстар мен әскери шиеленістердің саны 2022 жылы – 56-ны, 2023 жылы – 59-ды, 2024 жылы 61-ді құраған. Биыл шырқау шегіне жетіпті. Әлемде 110-ға дейін қақтығыс тіркелген. Екінші дүние­жүзілік соғыс аяқталғалы, бірде-бір жылда осынша көп қарулы тайталас тіркелмеген екен. 

Мысалы, бірқатар бағалау бойынша 2022 жылдан Ресей және Украина ара­сын­дағы соғыс жауынгерлерін, бейбіт тұрғындарын қоса алғанда, бір жарым мил­лионға жуық адамның жанын жал­ма­ған не мүгедек еткен. Өзге мемлекет­аралық әскери жанжалдар кесірінен бір жыл ішінде шамамен 129 мыңдай жан мерт болған. PRIO зерттеушілері әлемде күш көрсету, зорлық, тартыс деңгейі соңғы үш жылдағы жоғарғы деңгейге жеткенін ескертті. 

– Бұрынғыға қарағанда, бүгінде адам­зат анағұрлым қатігез әрі алауыз жағдайда! Әлемдік зорлық-зомбы­лықтың ушығуы аясында, талас-тартыс ахуалында мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да бейжайлық көз­қарас таныту, оқшаулану-изоляционизм сая­сатын ұстану салмақты қате болып есеп­теледі. Мұндай көзжұмбайлық пен нем­құрайлылық болашаққа да кесірін ти­гіз­уі, ұзақмерзімді салдарларға соқ­тыруы мүмкін, – деді есептің жетекші авторы, институт директоры Сири Аас Рустад ханым. 

Осындай аумалы-төкпелі, елең-алаң шақта Қазақстан халқына ауыз­біршілігін, достығын, ұлтаралық келі­сімін сақтау, дамытып баптау – ауадай қажет. Ол үшін мемлекет пен қоғам ел алдында тұрған заманауи жаһандық сын-қатерлерге назар аударып, олардың шешімін бірлесе іздегені жөн. Қазақ­стандықтардың бей­біт­шілікке, тұрақ­тылық пен бірлікке «өз­д­ігінен келе салған нәрседей» қарама­ғаны, қайта оны нығайтуға әрбір азамат өз сала­сында үлес қосқаны маңызды. 

Қазақстан Республикасында 100-ден астам этнос тұрады. 2021 жылғы соңғы ұлттық халық санағының қоры­тынды­ларына сәйкес, Қазақстан халқының 70,4%-дан астамын қазақтар құрайды. Одан кейінгі орында орыстар (15,5%), өзбектер (3,2%), украиндер (2%), ұйғыр­лар (1,5%), немістер (1,2%), татарлар (1,1%), әзербайжандар (0,8%), кәрістер (0,6%), түріктер (0,5%), дүнгендер (0,4%), белорустар (0,4%), тә­жіктер (0,3%), күрдтер (0,3%), ше­шендер (0,2%), поляктар (0,2%), қыр­ғыздар (0,2%) тұр. Қалған этнос өкіл­дерінің үлесі 1,4%. 

Демографтар бұл жерде мемлекет құраушы қазақ ұлтының «балқыту қазандығы» рөлін атқаратынын айтады. Осы ұғым 2026 жылға дейінгі Қазақстан хал­қы Ассамблеясының даму тұжырым­дамасына да енгізілді. Алайда са­рап­­шылар әлемдегі шиеленістер өрші­ген жағдайда халқының құрамы этника­лық тұрғыдан күрделі болып келетін мемле­кеттерге қаннен-қаперсіз қалмай, бәрі­бір ынтымақ, ымыра мен жарас­тығын жақсарта беруі керектігін қаперге салды.

Бұл істе мемлекет те салмақты іс тындырып келеді. Ел басшылығының өзі тұрақты түрде этносаралық және кон­фессияаралық процестердің та­мыр­­ын басып, жіті қадағалап, соны бастама­лары мен тың тетіктерін үнемі іздестіріп ұсыну үстінде. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемле­кеттік органдар тұрақ­ты, күнделікті жұмыс істеп жатыр. 

Ресми мәлімет бойынша Қазақ­станда тіркелген этномәдени бірлес­тіктердің саны шамамен 600-ді құрайды. Олардың жүз мыңнан аса тұрақты, белсенді мүше­лері бар. Бұл ұйымдардың республика­лық, өңірлік, облыстық, қалалық, аудан­дық және басқа деңгей­дегі бөлімшелері құрылған. 

Этномәдени бірлестіктердің құра­мы­­на кіретін клубтар мен үйірмелердің саны 700-ден асқан. Бұл бірлестіктер этносаралық татулықты сақтауға бағыт­талған, жүздеген мың адамды қамтитын көптеген іс-шара өткізеді.

Сонымен бірге, ресми мәліметке жүгінсек, мемлекеттік тіркеусіз жұмыс істейтін этномәдени бірлестіктер де ортақ іске өз еншісін қосып жатыр. Олардың саны қазіргі уақытта 498-ден көп. Мүшелерінің саны он мыңнан асады. Бұлардың құрамында 425 түрлі клуб пен үйірме жұмыс істейді екен. Бір жыл ішінде 37,5 мыңнан астам қатысу­шыны қамти отырып, 1,4 мыңдай іс-шара өткізіпті. 

Бүгінде этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясының басқа да құрылымдары өзара сенімді, этнос­аралық құрметті, азаматтық ын­тымақ­тастықты қалыптастырумен шектелмей, Президенттің Әділетті Қазақстан, Адал азамат сияқты концеп­цияларының қа­ғи­даттарын ілгерілетуге жұмыстанып жатыр. 

Ассамблея атынан тағайындалған Сенат депутаты Закиржан Кузиевтің айтуынша, 2024 жылдан бері ҚХА өз қызметін жаңа форматта жандандырды. Ол қоғамдық процестерге этнос өкіл­дерін тартып, ынта-ықыласын арт­тыруға бағдарланған. 

– Бір жыл ішінде Ассамблеяның өзі мың іс-шара өткізді, бұл оның жиын­аралық кезде бұйығы жататын құрылым емес, қоғамдық келісім саласында мем­ле­кеттік саясатты ілгерілететін шынайы механизм екенін айғақтайды. Респуб­ликаның өңірлерінде 600-ден аса этно­мәдени бірлестіктер, сондай-ақ қоғам­дық кеңестер, ақсақалдар мен аналар кеңесі жұмыс істейді. Нақты әлеуметтік проблемаларды шешуге атсалысады. Өңірлерде ҚХА бітістіру-медиация тәжірибесін дамытып, осы арқылы дау-жанжалдарды тиімді реттеуге ден қойды. Бұл қоғамдағы кернеу деңгейін төмен­детуге, құқықтық мәдениетті нығайтуға септеседі, – деді З.Кузиев.

Жастардың азаматтық белсенділігін күшейту үшін Ассамблея «Жаңғыру жолы», Ұлттық бірлік мектебі, тіл үй­рету орталықтары сияқты баста­ма­ларды жү­зе­ге асырады. Жас ұрпақ этностардың тарихы мен мәдениетіне қанығады. 

ҚХА өкілінің пайымдауынша, бұл жобалар өскелең ұрпақтың бойында Отанға адалдық, патриотизм, бірлік сезім­дерін қалыптастыруға мүмкіндік бер­еді. Бұл ретте цифрландыру мен жо­ғары технологиялар Ассамблея қызметін қолжетімді ете түсті және қамтылатын аудитория ауқымын елеулі кеңейтті. Соның нәтижесінде, ол қалалар мен ауда­н­дар шегінен шығып, шалғай ауылдарға дейін жете алады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы ел басшылығының түрлі саладағы мемле­кеттік саясатын ілгерілетуге жұмылады. Мысалы, ол тек ішкі тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуге емес, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық оң имид­жін түзуге де қызмет етеді. Мұнда еліміз­дің мақтанары бар, себебі ол – мың құбылған дүниеде мәдени және діни әралуандылығын тұрақты сақтап қалып, біртұтас ұлт ретінде даму жолынан таймай келе жатқан мемле­кеттің бірі. 

Құжатында қандай ұлт көрсетіл­геніне қарамастан, шетелде азамат­тарымыз көгілдір паспортты паш етіп, «Қазақстан­дықпын!» деп қымсынбай, қорықпай, се­нім­ді әрі айбынды айта алатын дәрежеде. 

Сондықтан кейінгі жылдары Қазақ­станның ұлтаралық келісімді бекіту тәжірибесіне ТМД, Таяу Шығыс, Афри­ка және Латын Америкасының елдері ынта-ықылас танытып, үлгі-өнегесін игеріп жүр. Өйткені бүгінде этникалық және діни тұрғыдан әралуан ұлыстардың бір мемлекеттің шаңырағы астында тату-тәтті тұруына қол жеткізу көкейкесті, қиын мәселеге айналды. Бірқатар елде қазақстандық модель негізінде этно­мәдени кеңестер, интер­националдық орталықтар, медиация-бітістіру орта­лық­тары құрылып жатыр. 

Қазақстан өз халқының достығы, татулығы мен бірлігі арқасында жарқын болашаққа ұмтылыстың символына айналып келеді. Бірақ бұл бағыт жет­кенге тоқмейілсіп тоқтап қалмай, үнемі ізденіс, талмай талпыныс танытып, ілгері ұмтыл­ғанды, биікке серпілгенді талап етеді.

Айхан ШӘРІП