Bgr.com сайтының хабарламасы негізінде Aikyn.kz белсенді жанартаудың атқылау қаупі мен салдарын ЖИ жасаған видео негізінде талдайды.Мегаполистің тұрмыс-тіршілігі қалай бұзылатыны көрсетілген бейнеролик жасалды. Фото nypost.com сайтынан алынды. Авторлығы: Tokyo Metropolitan Government Bureau of General Affairs
Туристер мен Токио тұрғындарын Фудзи жанартауының атқылау қаупі аса алаңдатпайды, себебі соңғы атқылау 1707 жылы болған. Алайда Жапония үкіметі Токио тұрғындары астананың күнделікті өміріне ауыр салдар тигізуі мүмкін осындай жағдайға дайын болуға шақыруда. Үкімет жасанды интеллектінің көмегімен Фудзи жанартауының атқылауы ірі мегаполистің тұрмыс-тіршілігін бірнеше сағат ішінде қалай бұзатынын көрсететін және тұрғындарды төтенше жағдайға дайын болуға шақыратын ақпараттық бейнеролик жасады.
Сценарий бойынша, бейнероликте Фудзи тауының атқылауы шамамен екі аптаға созылады. Ауа райына, жел бағытына және атқылау қарқынына байланысты жанартау күлі қалаға бір-екі сағат ішінде жетуі мүмкін. Тұрғындар атқылау туралы телефондарынан ескерту алатын болады немесе аспанда күлді көре алады. Бірақ бұл сәттер дайындалуға жеткіліксіз болуы мүмкін.
Жарияланған бейнероликтегі кейбір визуалды эффектілер өте әсерлі. Олар жанартаудың қуатты атқылауы қандай болатынын көрсетеді. Бейнероликтің басында Жапония үкіметі оны жасауда генеративті жасанды интеллект қолданылғанын ескертіп, көрермендерге жанартау күлі Токио өміріне қалай өзгертетінін көрсетеді.
Бейнероликте жанартау күлі «ұсақ әрі өткір бөлшектерден» тұратыны және оның денсаулық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретіні түсіндірілген. Күл көзді, мұрынды және тамақты тітіркендіреді, сондай-ақ астма сияқты тыныс алу аурулары бар адамдарға кері әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар күл су құбырлары мен су тазалау жүйелерін ластайды.Жанартау күлі қаланың инфрақұрылымына бірден әсер етеді. Азғана күл қабатының өзі ұшақтар мен пойыздардың қозғалысын тоқтатуға жеткілікті. Қалыңдығы 3 см-ден сәл асатын күл қабаты автокөліктердің жүруін қауіпті етеді, көруді қиындатып, көліктің сырғанауына әкеледі.
Сенімді көлік қатынасы болмаса, көптеген Токио тұрғындары үйлеріне тез қайта алмайды. Бейнероликте күл жауып тұрған кезде қалада жүру қандай болатыны да көрсетілген. Көріну деңгейі күрт төмендеп, адамдар ұсақ күл бөлшектерінен қиналады.
Фудзи тауының атқылауы азық-түлік дүкендеріндегі және басқа да маңызды нысандардағы жеткізілімдерді тоқтатады. Күл қабаты байланыс мұнаралары мен электр желілерін зақымдап, байланыс пен электр энергиясының үзеді. Қатты жауын-шашынмен бірге күл дренаж жүйелерін бітеп, тасқынға себеп болуы мүмкін. Ағаш ғимараттардың төбесінде жиналған күл олардың салмағынан қирауына әкелуі ықтимал.
Бейнеролик Фудзи тауының атқылауын алдын ала болжау мүмкін еместігін айқын көрсетеді. Соңғы атқылаудан кейін 300 жыл өтсе де, жанартаудың қайта белсенді болуы – уақыттың мәселесі. Үкімет тұрғындарға дайын болуға және атқылау жағдайында не істеу керектігін білуге кеңес береді. Осыған байланысты Фудзи тауының атқылауы туралы қосымша ақпарат беретін веб-сайт жасалған. Сонымен қатар Токио тұрғындары төтенше жағдайға дайындалып, үйлерінде ұдайы азық-түлік пен су қорын ұстауы қажет. Үйде радиоқабылдағыш пен дәрі-дәрмек болуы тиіс, себебі атқылау көлік қатынасын және байланыс желілерін бұзуы мүмкін.
Жанартаудан 1,7 миллиард текше метр күл атқыласа, оның 490 миллион текше метрі Токиоға қонады. Фото livescience.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Ulet Ifansasti
CNN мәліметінше, Жапония үкіметі ірі көлемдегі атқылау кезінде не болатынын түсіндіруде. Жанартаудан шамамен 1,7 миллиард текше метр күл атқылайды, оның 490 миллион текше метрі Токио мен оның төңірегінде жиналады. Мұндай атқылаудан келетін залал Жапонияға шамамен 16,6 миллиард АҚШ долларына дейін шығын әкелуі мүмкін.
Әлемнің кез келген елі өзінің табиғи ерекшелігіне сай қауіпсіздік шараларын қабылдайды. Су тасқыны қаупі бар елдер бөгеттер тұрғызады, теңіз деңгейінің көтерілуінен сақтанатындар жағалауды нығайтады. Ал Қазақ еліндегі басты табиғи апаттар – сейсмикалық белсенділікке байланысты. Сондықтан жер сілкінісіне төтеп беретін инфрақұрылым, халықты оқыту және алдын ала ескерту жүйелері елдің қауіпсіздігі үшін ұдайы есте болатын, маңызды қадамдар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.