in

Жаңару жолындағы жаһандық жиын

Президент білім және ғылым­ды ешқандай шекара талғамай­тын, барлық елге ортақ стра­те­гия­лық маңызы айрықша сала ре­тінде атап, бүгінгі форум соның ай­қын дәлелі екеніне назар ау­дар­ды.

– Бұл – шын мәнінде өте маңыз­­ды жиын, жаһандық білім мен ғылымның дамуы туралы аса құнды ой-пікірлер айтылатын, бол­жамдар жасалатын бірегей алаң. Осыған орай кешеден бері әлемдегі жетекші жоғары оқу орын­дарының басшылары және өкіл­дері Астанада бас қосып, пі­кір алмасып жатыр. Халықаралық дең­гейдегі ғалымдар мен сара­п­шы­лар елордамызда маңызды мәселелерді талқылауда. Бүгінде академиялық білім әлеміндегі беделді жоғары оқу орындарының жетекшілері терең мағыналы ой­ларын ортаға салды. Баршаңызға шынайы ризашылығымды біл­діремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, білім мен ғылым – әлемді өзгерте ала­тын ең басты күш, ал универси-тет – озық ойлар мен жаңа идея­лар­дың ордасы, ғылыми ізденіс ортасы.

– Қазір адамзат түбегейлі өз­геріс­тер дәуіріне қадам басқан кез­де білім ордалары заман тала­бына сай озық болуға тиіс. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны анық. Қазақстан білім-ғылым жүйесін дамытуға ай­рықша мән беріп отыр. 2019 жыл­дан бері осы салаға бөлінетін қар­жы үш есе ұлғайды. Елімізде жо­ғары оқу орындарының дер­бестігі артып келеді, зерттеу уни­вер­ситеттері көбеюде. «Ғылым жә­не технологиялық саясат тура­лы» жаңа заң қабылданды. Пре­зи­дент жанынан Ғылым және тех­нологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды.

Мемлекет ғалымдарға, әсіре­се, жас зерттеушілерге барынша қол­дау көрсетуде. Жоғары білім­нің барша азаматқа бірдей қол­жетімді болуы – өте маңызды мін­дет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент өскелең ұрпаққа ме­млекет тарапынан жасалып жат­қан қамқорлыққа тоқталды.

– Елімізде 2024 жылдан бас­тап «Ұлттық қор – балаларға» бағ­дарламасы жүзеге асырылып жа­тыр. Соған сәйкес Ұлттық қор­дың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар­дың есепшотына салынады, яғни Қазақстандағы әр бала 18 жасқа дейін Ұлттық қордан қаржы алып тұрады. Аталған қаражатты мер­зі­мінен бұрын қолдануға болмай­ды. Балалар кәмелет жасқа тол­ған­­нан кейін жинақталған қар­­­­жыны баспана немесе білім алуға жұмсай алады. Сонымен қатар бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде ата-аналардың ерікті салымы, мемлекет тарапынан бө­лінетін бастапқы білім беру ка­питалы, жыл сайынғы мем­ле­кет­тік сыйақы және инвестициялық табыс жинақталады. Жобалардың негізгі мақсаты – бір, бұл – жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағ­дай жасау. Бұдан бөлек, жас­тарға пайызсыз білім несиелері жә­не түрлі грант берілуде. Жо­ғары білім беру саласының инф­рақұрылымы жаңғыртылып жатыр, жаңа оқу ғимараттары (кам­пустар) бой көтеруде. Ай­мақ­тарда жоғары оқу орындарының жанынан студенттерге арналған жатақханалар салынуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздегі жо­ғары оқу орындарының бе­дел­ді халықаралық рейтингтердегі көр­сеткіші жақсарып келе жат­қанын айтты.

– QS халықаралық рейтинг агент­тігінің президенті Нунцио Квак­варелли мырза өз баян­да­ма­сында бұл мәселеге кеңінен тоқ­тал­ды, Қазақстан университет­тері­нің қарқынды дамып келе жат­қанын ерекше атап өтті. Біз ор­тақ мақсат жолында күш бірік­ті­ріп, әріптестігімізді нығайта тү­суге мүдделіміз, бірлесіп жұмыс іс­теуге қашанда дайынбыз. Сон­дай-ақ еліміздің 5 университеті Times Higher Education басылымы ұсынған әлемдегі үздік оқу орын­дарының тізіміне қосылды. Бұл да біз үшін зор жетістік, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім-ғы­лым саласына салынған ин­вес­тиция Қазақстанның жарқын бо­лашағына қарай жасалған қа­дам екенін, алдымызда эконо­ми­каны жаңғырту, жаңа өндіріс сек­торларын қалыптастыру, жа­санды интеллект технология­ла­рын барлық салаға енгізу және Қа­зақ­станды толыққанды цифр­лық мемлекет ретінде дамыту мақ­саттары тұрғанын жеткізді.

– Қазақстан технологиясы озық ел болуға нық қадам басты. Бұл – біздің жаңа ұлттық бол­мы­сымыздың аса маңызды бөлігі деп айтсақ, қате болмайды. Бүгін спикерлер жасанды интеллектінің жаһандық ортақ прогресті өрге сүй­рейтін жаңа қозғаушы күш ре­тіндегі рөліне баса мән берді. Шын мәнінде, осы бірегей тех­нологияның арқасында адамзат алға қарай қарышты қадам жасай алады. 2030 жылға қарай ЖИ әлемдік ЖІӨ көлемін 15 триллион доллардан аса ұлғайтады деп бол­жанып отыр. Бірақ жасанды ин­теллектінің дамуынан ең көп пай­даны қай ел көреді? Бұл – өте қызықты сауал. Оны терең зер­де­леп, сараптау қажет. Жауабы аса қиын көрінбегенімен, бұл мәселе адамзат келешегімен тікелей бай­ланысты екенін мойын­дауы­мыз керек. Қазақстанда жасанды ин­теллектіні дамыту және басқа са­л­алармен жан-жақты интег­ра­циялау ең жоғары стратегиялық ба­сымдық саналады. ЖИ сарап­шы­лары мен мамандарын даярлау ісіне айрықша мән беріп отыр­мыз. Осы мақсатта жыл басынан бері AI Sana бағдарламасын іске қостық. 540 мыңнан астам сту­дент оқу курсынан өтті. Бұдан бө­лек, жасанды интеллект бар­лық мектеп пен университетке мін­детті курс ретінде енгізілді. Елі­мізде Жасанды интеллект уни­верситетін ашу үшін дайын­дық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет бас­шысы қыркүйек айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде OpenAI компаниясымен маңызды уағдаластыққа қол жеткізілгенін еске салды.

– Нәтижесінде, Қазақстан ChatGPT негізінде білім беру құралдарын енгізу жөніндегі пилоттық жобаны жүзеге асыра бастады. Аталған бастамалар арқылы отандық білім беру саласында жасанды интеллект әлеуетіне сүйене отырып, кешенді цифрлық транс­формация жасалып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Орталық Азия елдеріндегі және біздің ай­мақ­пен көршілес бірқатар мем­лекеттегі демографиялық көр­сеткіштің артуы жоғары білімді экспорттауға және шетел студенттерін елімізге тартуға елеулі мүмкіндік береді деп санайды.

– Қазақстан жаһандық білім нарығының бір бөлігіне ай­налуды көздеп отыр. Сондықтан алдымызға күрделі, алайда аса маңызды мақсат қойдық. Оған жету үшін әлемнің 40 жетекші университетімен серіктестік орнатылып, елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы ашылды. Көптеген филиалда оқу ағылшын, орыс, қытай тілдерінде жүргізіледі. Бұл – аса маңызды. Өйткені білім беру саласындағы көп­тілділік адамдардың немесе университеттердің, тіпті тұтас мемлекеттердің ашықтығы мен бәсеке қабілеттілігінің негізін қалайды. Келешекте де солай болмақ. Оған еш күмән жоқ. Сон­дықтан әлемдік академия­лық кеңістікке шығуға саналы түрде маңызды қадам жасадық. Бұған қоса барлық филиалда қазақ тілі мен Қазақстан тарихы міндетті пән ретінде оқытылады. Бұл шетелдік студенттердің мәдениетіміз бен ментали­теті­мізді терең түсінуіне көмек­теседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі кезде елі­міздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. 2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағ­дай жасалады. Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қам­ту бағдарламасы іске қо­сылады.

– Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақ­сатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей инсти­туты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отыр­ғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энер­гетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыс­тыру. Бұл бағытта сәтті мысал­дар бар. Ербол Маратұлы Иса­қаев баяндағандай, Қозыбаев уни­верситеті мен Аризона уни­вер­ситетінің серіктестігі нәти­же­сінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткіл­дердің шешілуіне түрткі болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді.

– Мәселен, компания­ларымыздың бірі Тараз қала­сын­да Менделеев атындағы Ресей химия-технология уни­вер­ситетінің филиалын ашуға қаржы бөлді. Тағы бір компания шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік аясында тау-кен саласына маманданған универ­ситет ашпақ. Мәскеу мемле­кеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) Астана филиалының қызметіне зор үміт артамыз. Танымал жоғары оқу орнына арнап бөлек ғимарат салынады. Соңғы жылдары Қазақстанның ірі бизнес өкіл­дері жоғары білім мен ғылымға көбірек қолдау көрсете бастады. Зерттеушілер мен өндіріс ошақтарының ықпал­дастық жүйесі қалыптасып келеді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орта­лық­тарда тех­но­логиялық трансфер кеңсе­лерін құру осы бағыттағы пе­р­спек­тивті қадам болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытады.

– Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалып­тасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипло­матия құндылықтарын дәріп­тей­ді. Университет қабырға­сында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академия­лық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясат­тағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтба­ев­тың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мә­нінде, ғылымның ең басты мис­сиясы – адамзат игілігіне қыз­мет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санай­мын. Себебі ғылым-білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл сала­дағы ықпалдастық Қазақстан­дағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде дарын­ды, қабілетті, ойы ұшқыр аза­мат­тар өте көп екеніне тоқ­талып, хал­қымыздың жа­сам­паз­дық рухына сенетінін жет­кізді.

– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалар – жұртымыз­дың жарқын болашағына апа­ратын даңғыл жол. Сондықтан біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақ­станды құру ісін жалғас­тыра береміз. Осы маңызды мис­сияны орындауға стратегия­лық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Себебі Сіздер еліміздің басты байлығы – азаматтары­мыздың ғылыми көкжиегін кеңейтуге, олардың әлеуетін арттыруға іс жүзінде атсалысып жатырсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Форумға шетелдік серіктес оқу орындарының басшылары, халықаралық аккредиттеу және рейтинг агенттіктерінің, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Жиында ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, Quacquarelli Symonds (QS) компаниясының пре­зиденті Нунцио Квакварелли, Мәскеу мемлекеттік халық­аралық қатынастар инсти­тутының (МГИМО) ректоры Анатолий Торкунов, Бейжің Тіл және мәдениет университетінің президенті Пэн Дуань, Cardiff University президенті Венди Ларнер, Woosong білім беру қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ким Сонг Кёнг, Мәскеу ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Вла­ди­мир Шевченко, Minerva University президенті Бен Нельсон, Баку мемлекеттік универ­ситетінің ректоры Эльчин Бабаев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан универ­ситетінің ректоры Ербол Иса­қаев сөз сөйледі.