in

Желіге байланған «жұлын»

Ел өмірі мен экономиканың барлық саласына жасанды интеллект жан-жақты ендіріледі. «Бұған кім дайын?» десек, ең бірінші жас ұрпақ ойға оралары даусыз. Осы орайда жуырда жарияланған «Қазақстан жастары» талдау есебінің қорытындылары көрсеткендей, қазіргі қазақ жастары бос уақытын негізінен әлеуметтік желіде өткізетін болып шықты. Жалпы, цифрландыру саласында жастарды не қызықтырады?

Атап өтер жайт, Мемлекет бас­шы­сының өзі ЖИ-дің жаппай ү­с­­темдік етуінің тәуекелді тұс­тары, қауіпті жақтары жетерлік еке­нін ескертті. 

– Жасанды интеллектінің қар­қынды дамуы қазірдің өзінде ха­лықтың, әсіресе жастардың мі­нез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүм­кін емес. Себебі бұл үрдіс бү­кіл әлемде қалыптасқан тәртіпті жә­не адамдардың өмір сүру сал­тын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуі­міз керек. Әйтпесе, артта қалудың сал­дары өте ауыр болады, – деді Қ.Тоқаев.

Биылғы жылы әлеуметтік же­лі­лерді, жасанды зердені және дип­фейкті ұтымды пайдаланған жас­тар ұйымдары құрбы-құр­дас­тарын дүр сілкіндіріп, көтеріліске көте­ріп, Непал, Перу, Мадагаскар сияқ­ты  бірнеше елде билікті төң­керіп тастады. Бұрынғы «түрлі түс­ті революциялар» қалыбында ен­ді саясаттанушылар «Z ре­во­лю­ция­сы» деген ұғымды айналымға ен­гізді. Оның сипаты – халықтық тол­қуға жасы 29-дан аспаған жас­тар жетекшілік етеді және ұйым­дас­тырады, наразы топтардың не­гізін де солар құрайды, сондай-ақ қарсылық акцияларын әлеу­мет­тік желі, Discord, Телеграм сияқ­ты мессенджер көмегімен үй­лестіреді. 

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­лігі мен Jastar ғылыми зерт­теу орталығы жүргізген «Қазақ­стан жастары» әлеуметтік зерттеу нә­тижелері паш еткендей, қазақ­стан­дық жас ұрпақ бүгінде бос уа­қытының басым бөлігін әлеу­мет­тік желіні қарауға жұмсайды. Тиі­сінше, сол желіде не айтылса, со­ған құлай сенуге, айтқанын іс­теуге дайын. Әрине, бұрынғы буын сияқты қазіргі өскелең ұр­пақ әлі де болса, қолы босағанда ата-анасының тапсырмаларын орын­дайды. Есейіп, қара шаңы­рақ­тан алыстағаны әке-шешесіне соғып, хал-жағдайын біледі, кө­мек­теседі. Бағзы заманнан қалып­тас­қан бұл салтты әне-міне әлеу­мет­тік желі ысырып тастағалы тұр. 

«Сауалға қатысушылардың 67,8%-ы бос уақытында бірінші ке­­­зекте және тұрақты түрде ата-ана­ларына барып, қолғабыс ететі­нін жеткізді (20,2%-ы «кейде ға­на» деп жауап берді). Екіншіден, бұл ғұрыпқа әлеуметтік желілерді қа­рау жетеқабыл: 66,2%-ы бос уа­қытында тұрақты түрде соны таң­дай­ды («кейде» дегендері – 21,5%). Үшіншіден, достарымен кез­десетіндер азая бастады, тұрақ­ты жүздесетіні жартысына жет­пей­ді – 49,6% (34,8%-ы «кейде» жо­лығады). Төртіншіден, жас­та­ры­­мыздың тағы 42,2%-ы – оқу мен жұмыстан тыс уақытта интер­нет­тен фильм, сериал тауып, та­ма­шалағанды жақсы көреді (38,4%-ы «кейде» осыны қалай­ды)», – деп сараптайды Jastar ғы­лы­ми зерттеу орталығы.

Орталық сарапшыларының тү­сіндіруінше, қазақстандық жас­тар арасында бос уақытты өт­кізу­дің басқа нұсқалары мейлінше аз қы­зығушылық тудырады. Бос уа­­қытында ара-тұра кітап оқи­тыны – негі­зі­­нен 34,1%, тұрақты түрде кітапты серік еткендер – 14,1%. Театр­ға баратыны – кейде 22,9%, тұрақты 6,5%. Музейлерді ара­лауды жаны сүйе­тіндер – кей­де 22,7%, тұрақты 5,9. Кинотеатрда көр­кем фильм­дер­ді тамашалауға ынт­ығы – кей­де 42,3%, тұрақты 19,8%. Аза­мат­тық жауапкершілік танытып, бос уақытын қоғамдық ұйымдар жұ­мы­сына арнайтыны – кейде 23,4%, тұрақты 12,8%. Видео ойын­дармен уақыт өткізетіні (ком­пьютер, приставка) – кейде 24,1%, тұрақты 14,9%. Фитнеспен жә­не спортпен айналысатыны – кей­де 28,5%, тұрақты 18%. Тегін спорт секцияларына баратыны – кей­де 23,7%, тұрақты 17,3%. Қал­ға­ны «ешқашан» деп жауап қа­тып­ты.

Қалай болғанда, осыдан қа­зақ­­стандық жас ұрпақтың бос уа­­қытын негізінен компьютер мен смартфон экранының алдын­да өткізетіні байқалады. Олар он­да әлеуметтік желілерді парақ­тай­ды, видеохостингтерде бей­нежазбаларды, «шортсты» көреді, интернеттен кино іздейді немесе ком­пьютерлік ойын ойнайды. 

Айтқандай, «Қазақстан жас­тары» әлеуметтік зерттеуі отандық жас­тардың тіпті екіге емес, үшке жа­рылғанын анықтаған. «Этни­ка­лық топтар тұрғысынан қара­ған­да қазақ тілді жастар бос уа­қы­тын өткізу үшін бірінші орында қа­зақстандық (63,1%), содан соң оң­түстік кореялық (22,5%), үн­ділік (7,5%) фильмдер мен сериал­дарды көбірек көреді. Өз кезегінде  орыстілді жастар, алды­мен ресей­лік (73,4%-ы), содан кейін гол­ли­вуд­тық (54,3%), еуропалық (33,5%) фильм-телехикаяларға ба­­­­­сымдық береді. Жапондық ани­ме (19,3%), түрік (32,7%), қытай (8,7%) фильмдері мен сериалдары өзге этникалық жастар тобының өкілдері арасында танымал», – деді зерттеушілер. 

Енді «жастарымыз арасында қан­­дай әлеуметтік желілер мен мес­­сенджерлер барынша таны­мал?» дегенге келсек. Jastar ор­та­лығының зерттеуі қорытын­ды­сын­да Қазақстан жастары ара­­­­сында бірінші орында WhatsApp тұр, оны 89,4%-ы тұрақты пайдаланады. Екінші орынға Instagram орна­ласты, тұрақты жастар аудито­рия­сы 79,8%. Үштікті қытайлық TikTok тұйықтады, қазақстандық жас ұрпақтың 63,9%-ына «әмірін» жүр­гізе алады. 

Жас респонденттер арасында Телеграм (24,6%), Facebook (9,1%) пен ВКонтакте (4,7%) аса танымал емес. Жастардың 0,3%-ы ешқан­дай әлеуметтік желі мен мессенд­жер­ді қолданбайтынын мәлім­де­ген. 

Әлеуметтік желі мен ғаламтор­ды жастар не мақсатта пайдала­на­ды? Бос уақытты өткізу үшін рес­­­­­понденттердің басым көпші­лігі немесе 69,2% оқуға, жұмысқа және күнделікті өмірге қажетті ақ­параттық контентті іздейтінін ай­қан. 60,6%-ы көңіл көтеру кон­тентін жиі қарайды. Интерактивті, қызу талқылауға шақыратын кон­тент (33,3%), жарнамалар мен ха­­­­­барландырулар (25,7%), вирус­тық видео мен мемдер (14,8%) сияқ­ты контенттер онша қызықты емес көрінеді.  

Жас тұрғысынан алғанда сауал­намаға қатысқандардың ең жас тобы, мектеп оқушылары бас­қа­дан гөрі көңіл көтеру (66,8%) мен вирусты видеоларды, мем­дар­ды (21,2%) тамашалауға құмар. Ал ересектері, яғни 19-23 жас тобы ақ­параттық контентке басым көңіл бөледі (74,5%). 24-28 жас­та­ғылары – бос жұмыс орындары, бас­пана, көлік және басқа бағыт­тағы жарнама-хабарландыруларға (27%) және өткір тақырыптарды көтеретін сыни контентке (34,4%) ықыласты.

Ертең ел тізгінін қолына ала­тын жастардың креативті индус­т­рия­ның барынша перспективалы ба­ғыттарына қатысты жауабы да на­зар аудартады. Жас респондент­тер бірінші орынға жарнама мен мар­кетингті (37,8%-ы) қойды. Екін­ші тұғырға ақпараттық тех­но­ло­гия, соның ішінде бағдар­ла­ма­лық қамтамасыз ету, геймдеве­лоп­мент, жасанды интеллект (33,5%-ы) озды. Үштікті дәстүрлі жол­мен жә­не ЖИ көмегімен кино тү­сіру жә­не дубляждау (32,8%) тұйық­тады. 

Сұрауға қатысушы жастардың (бір адамға үш жауапты таңдауға рұқсат етілді) ширек бөлігі дизайн мен сән саласын (21,4%-ы), ал 21,4%-ы қолөнер, зергерлік бұйым­дар, бижутерия, ұлттық кә­де­­сый өнімдерін жасауды келе­ше­гі бар салалар санайды. Сол сияқ­ты креативті өнеркәсіп сек­­­торлары ішінде сәулет өнері (19,9%), ви­деог­рафия мен фотография (19,2%), музыка (15,8%) да жақсы да­миды деген пікірде. 

Өзге салаларды жас ұрпақ «бо­лашағы жарқын» деп есептемейді және оларды болашақ кәсібі ре­тінде таңдағысы келмейді. Бұл қа­тарда кітап өндірісі мен әдеби өнім­дер (8,4%-ы ғана перспек­ти­валы деп таныды), музейлер, га­ле­реялар мен кітапханалар (5%-ы), театр, орындаушылық және сурет өнері (4,7%-ы), радио (3,7%-ы), киім өндірісі, тігу (0,5%-ы), ту­ризм (0,3%-ы), ұлттық сүт өнім­де­рін өндіру (0,2%-ы), автомобиль бөл­шектерін шығару (0,2%-ы), қол кілемдер өндірісі (0,1%-ы) бар. Қорыта айтқанда, қазіргі жас­тардың басым көпшілігі бола­шақ мамандығын ЖИ, айти, мар­ке­тингпен байланыстыруға ниет­ті.

Жалпы, сарапшылар жас­тар­дың әлеуметтік желілермен, жа­сан­ды интеллектімен, криптова­лю­та, мемкойн, NFT, басқа да цифр­лық активтермен әуестенуінің ас­та­рында тез баюға деген ұмтылушы­лық та жатқанын тілге тиек етті. Әлеу­меттік зерттеу кезінде жастар Қазақстанда баспана бағасының қол­­жетімсіз екеніне, ұлттық валю­­таның тоқтаусыз құнсыз­дана­тынына, инфляцияның өсіп бара жатқанына, әсіресе азық-түліктің қатты қымбаттағанына шағымданған.

– Өзіндік даму, денсаулықты сақ­тау мен жайлы өмір сүру сұра­ныстарын қанағаттандыру үшін қаржы, көп қаржы қажет. Сон­дық­тан жастардың материалдық бай­лыққа ұмтылысы әбден тү­сі­нікті. Бірақ көп еңбектенбей, аяқ астынан байимын, тәжірибе мен кәсіби біліктіліксіз жоғары лауа­зымға ие боламын деп санау жас­тар арасында кең тараған адасу­шы­лыққа айналды. Солай болса да жас азаматтардың саналылығы, бі­лім деңгейі өсіп келе жатқанын жә­не прагматизмнің алдыңғы қа­тарға шыға бастағанын атап өткім ке­леді, – деді белгілі қоғам қай­рат­кері, ақпараттық технология мен телекоммуникациялар мама­ны Элина Масагутова.

Ал «Халықаралық бағдарла­ма­лар орталығы» АҚ басқарма төр-а­ға­сы Әділ Құсманов қарқыны ға­рыштық жылдамдықпен жа­рыс­қан заманда қазіргі жастардың ЖИ және әлеуметтік желілер бе­ре­тін мүмкіндіктерді белсене пай­да­ланып, тез табыс табуға, сөйтіп өмір сүру сапасын жақсартуға ің­кәрлануы қалыпты жайт екенін білдірді. 

– Бүгінгінің жастары жақсы тұру­ды қалайды, ата-әжелері, әке-шешелері сияқты тауқымет тар­тып, оған үнсіз төзгісі келмейді. Жас ұрпақ өз құнын біледі, өршіл мақ­саттарға ұмсынуына әлеу­мет­тік желілер ықпал етеді, жөн-жоба көр­сетеді. Бірақ осы талпыныста жас­тар бос амбицияларға, сырт­тан таңылған негізсіз мотивацияға тәуелді болу мен өмір шынайылы­ғы, уақыт талабы, заманауи қа­жет­ті дағды арасын ажырата білуі қа­жет, – деді Ә.Құсманов.

Сарапшылар қазіргі жастар­дың материалдық байлықты бі­рін­ші орындарға қоюына түрлі фак­тор түрткі екеніне екпін түсір­ді. Біріншіден, отбасындағы және мектептегі тәрбиені ғаламтор, әлеу­меттік желі, енді міне – ЖИ ауыс­тырып жатыр. Жастар интер­нетте өзгелердің сән-салтанатты өмі­рін көреді, өз өмірімен салыс­тырады және бұл олардың мате­риал­дық құндылықтарға ұмтылы­сын күшейтеді. 

Екіншіден, заманауи жаһан­данудың экономикалық шарттары экономикалық тұрақтылық пен материалдық қамтылуды өмір са­пасының маңызды көрсеткішіне айналдырды. Үшіншіден, қазіргі қоғамдағы қатаң бәсекелестік жас азаматтарды өз әлеуетін барынша жүзеге асыруға, материалдық жай­лылыққа жетуге жетелейді. Аға ұрпақ кеңес заманында бар­лығының бірдей тұрмысы төмен, кедей өмір сүргеніне бой үйретсе, соған көндіксе, қазіргінің адамы аутсайдер, лузер, елдің қоры бол­ғысы келмейді. 

Олардың ынта-мотивациясы аға ұрпақ сияқты тұрақтылық пен жарқын болашақ сияқты ұзақ­мерзімді перспективамен емес, кө­біне дәл қазір, жедел жайлы­лық­қа жетіп, ұсынылған мүм­кіндіктің бүкіл ресурсын жылдам, сарқа пайдалануға бағытталған. Сарапшылар Қазақстанның болашақ үкіметтеріне халықты қол­дау бағдарламалары мен жо­баларын жастар сұранысына бейім­деп, үнемі өзгертіп отыруға тура келетінін ескертті. Себебі жас­тарды жанықтыратын, көңі­ліне желік беретін ЖИ мен цифр­лық әлем ел өміріне дендей енсе, онда биліктен олармен ере келетін сын-тегеуріндерге төтеп беру, лайықты жауап қату, тиісті дәре­жеде тиімді іс-қимыл таныту та­лап етілмек. 

Елдос СЕНБАЙ