Қазір әлемде жасанды интеллектінің дамуы қарқынды жүріп жатыр. Соған байланысты білім беру жүйесінде ЖИ-ды пайдалану өзекті мәселеге айналып отыр. Жоғары оқу орындары кадрларды қалай дайындайды? ЖИ оқытушыларды алмастыра ала ма? Бүгінде жоғары оқу орындарын осы сияқты сұрақтар ойландырып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумының панельдік сессиясында қазақстандық ЖОО басшылары мен сарапшылар осы мәселені талқылап, пікір алмасты.
– Гарвард сарапшыларының пікірінше, ЖИ-дың пайда болуы жаңа дәуірді бастап берді. ЖИ әсерінен оқу парадигмасы түбегейлі өзгеріп келеді. Студенттер де, ғалымдар да ЖИ-ды қарқынды пайдалануда. Онымен күресудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан ақпаратты жаттап алудан гөрі дұрыс сұрақ қоя білу және сол арқылы білім алу тәсілін меңгеру қажет. Осы ретте оқытушылар да ЖИ-ды қарсылас емес, көмекші құрал ретінде қолданғаны жөн, – деді Astana IT университеті ректорының міндетін атқарушы Әлтайыр Ахметов.
Оның айтуынша, бүгінде Big tech компаниялар тек өнім шығарып қана қоймай, оқыту саласына да белсенді араласа бастады. Университеттер олардың тәжірибесімен бірлесе жұмыс істеуі тиіс.
– ЖОО басқа ұйымдарға қарағанда консервативті орта. Қаншама оқытушы мен студенттен тұратын мұндай үлкен құрылымды бірден өзгерту оңай емес. ЖИ күнделікті өмірге еніп кеткен қазіргі жағдайда, студенттің қолында барлық қажет ақпарат тұрғанда аудиториядағы ақпарат көзі оқытушы емес. Осы жағдайда оқытушылардың мінез-құлқы, сабақ беру дидактикасы өзгеруі керек деген сұрақ бәрімізді ойландырып отыр. Келесі қадам “оқытушылар бұл өзгеріске қаншалықты дайын?” деген мәселе.
Жұбанов университетінің мысалында айтсақ, екі жыл бұрын жазғы демалыста арнайы Summer School өткізіліп, оқытушыларға ЖИ-ды сабақта қолдану жолдары үйретіле бастады. Университет басшылығы бұл бағыттағы өзгерістерді қолдайды. Дегенмен оқытушылардың күнделікті тәжірибесінде ЖИ-ды тиімді қолдануы үшін әлі де уақыт, жүйелілік пен табандылық қажет, – деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.
Лаура Қарабасованың айтуынша, егер ЖОО қазірден бастап жаңа бағыттарға бейімделмесе, алдағы уақытта креативтілігі төмен, дайын жауапқа үйреніп қалған жас мамандар легі қалыптасуы мүмкін.
– ЖИ дәуірінде білім саласындағы маңызды мәселенің бірі – академиялық адалдық. Кейбір әлемдік жетекші университеттер емтихан тапсыру әдістерін өзгертіп, дәстүрлі тәсілдерге қайта оралуда. Мысалы, Оксфорд pen&pensil әдісіне көшіп, емтиханды жазбаша өткізе бастады.
Жұбанов университетінде 14 мың студент бар. Барлығы келіп, аудиторияда білім алады. Әрине, студент саны көп болғандықтан, академиялық адалдық талаптарын толық сақтау қиын. Бірақ биылдан бастап емтиханды үлкен аудиторияларда жазбаша түрде өткізе бастадық. Бұл академиялық адалдықты қамтамасыз етуге бағытталған шара, – деді Жұбанов университетінің ректоры.